astana-view

Қасиетті қажылыққа кедергі жасалуда

2015 жылғы 21 Шілде
10429 просмотров

Қазақстандық қажылық жасаушылар Сауд Арабиясына ұшып бару үшін «SCAT» және «FlyNas» авиакомпанияларының қызметтерін қолдануға міндеттелді.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардан ҚР азаматтары қажылығын ұйымдастыру мәселелері бойынша өтініштер келіп түсуде. Өтінішке авиатасымалдаушыны айқындаумен арадағы жағдай себеп болып отыр: Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Сауд Арабиясы Корольдігі діни биліктерімен жасалған меморандум ережелеріне сәйкес, туристік компаниялар жолдайтын ҚР қажылық жасаушылары қажылыққа барып, одан отанға оралу үшін 50/50 қағидаты бойынша қазақстандық тараптан «SCAT» авиакомпаниясының және Сауд Арабиясының тарапынан «FlyNas» ұшақтарын ғана қолдануға тиіс. ҚМДБ ұсынған ақпаратқа сәйкес, меморандум 5 мың ҚР азаматы үшін 2015 жылы қажылық жасауға квота бөледі. 

«Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі алаңында мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен туристік нарық субъектілерінің қатысуымен аталмыш мәселе бойынша кеңейтілген жиналыс өткізілді. ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің өкілі ҚР және САК авиациялық билігі арасындағы 2014 жылғы қараша айында жасалған ынтымақтастық туралы келісім жайлы ақпаратты жеткізді. Оған сәйкес тараптардың авиациялық билігі тараптардың ұлттық авиатасымалдаушыларына қажылық жасаушыларды және басқа да жолаушыларды тұрақты және чартерлік сапарлармен тасымалдауды ұсынуға тиіс. Сауд Арабиясы Королдігі «FlyNas» авиакомпаниясы тұлғасындағы авиатасымалдаушыны айқындаған. Сонымен бірге ААК ақпараты бойынша, «FlyNas» авиакомпаниясы жиналыс өткізген кезде тұрақты емес авиатасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат алуға құжаттар тапсырмаған. ААК деректеріне сүйенсек, қазақстандық тараптан барлық авиакомпаниялар арасынан тек «SCAT» қана Сауд Арабиясына баруға тілек білдірген және САК авиациялық билігіне «SLOT-TIME» айқындауға және рұқсат алуға құжаттар тапсырған. Алайда жиналыс өткізу сәтіне дейін «SCAT» авиакомпаниясына «SLOT-TIME» берілмеген, дегенмен қажылық басталғанға дейін бар-жоғы бір ай қалды.

«FlyNas» авиакомпаниясының туристік компанияларға ұсынған «SLOT-TIME» қажылық жасаушылардың Сауд Арабиясында 30 күн бойы қалуын көздейді, ал бұл қазақстандықтар үшін тым артық. Біріншіден, 30 күн қажылық шығынды көп қажет етеді. Олар негізінде Сауд Арабиясына 15-17 күнге бармақшы. Екіншіден, қажылық жасаушылардың көпшілігі – бұл егде жастағы адамдар. Олар үшін аса ыстық елде болған әрбір күн денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Үшіншіден, «FlyNas» авиакомпаниясы мәлімдеген орташа алғанда 250-400 АҚШ долларын құрайтын баға басқа елдердің тұрақты авиатасымалдаушылары ұсынған бағалардан жоғары (Turkish Airlines, Air Arabia, Etihad Airways, Fly Dubai).

ҚМДБ өкілі жиналыс барысында ҚР-дағы САК Елшілігінің, жасалған меморандумға сәйкес, ҚР қажылық жасаушыларына виза қоюға «SCAT», не «FlyNas» авиакомпаниясы бортында ұшуға билет болуын шарт қылып отыр.

Қазірде бұл істе жауаптан гөрі, сұрақ көп. Мысалы, ҚМДБ САК діни билігімен ҚР кәсіпкерлері мен қарапайым азаматтарын осынша тиімсіз жағдайға қалдыратын меморандум жасай отырып, қандай заң нормаларына сүйенеді? ҚР СІМ консулдық мекеменің, тату болса да, басқа елдің шаруашылық етуші субъектілерінің мүддесін алға тартуына жол беріп, қазақстандықтардың заңды мүдделерін қорғау жөнінен белсенді әрекетке неге бармай отыр?


Еншілес ұйымдар

Серіктестер