astana-view

Фармацевтикалық-медициналық қызмет нарығы: талдау, болжам, тәжірибе

2015 жылғы 28 Тамыз
22708 просмотров

Қазақстанның фармацевтикалық-медициналық кәсіпорындарының қызметі жаңа экономикалық жағдайларда бірқатар түйткілдер салдарынан шиеленісіп отыр

Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Фармацевтикалық, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызметтер комитетінің кезектен тыс отырысы өтті. Отырыс мақсаты Қазақстанда жаңа ақша-кредит саясатын енгізумен байланысты тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі жағдайындағы фармацевтикалық нарық пен медициналық қызметтер нарығының ағымдағы ахуалын талқылау болды.

Іс-шара Басқарма мүшесі, Ұлттық палата Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның төрағалығымен өтті.

Палата басқарма төрағасының орынбасары отырыс басталмай тұрып медициналық техника жеткізушілер қауымдастығы мен «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» президенті Серік Сұлтановқа «ҚР Конституциясының жиырма жылдығы» медалін салтанатты түрде табыстады. Бұдан біраз бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Егелұлы еліміздегі фармацевтика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін аталмыш марапатқа ұсынылған еді.

Жаңа экономикалық жағдайдағы фармацевтика нарығы субъектілері қызмет етуінің көкейкесті мәселелерін талқылау барысында ҚР Ұлттық экономика министрлігі дайындап жатқан «Орта мерзімдік келешекте экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспарын» қалыптастыру төңірегінде ұсыныстар айтылды.

Пікірталасқа қатысушылар медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында сатылып алынатын өнім бағасын белгілеу механизмінің кемшіліктерін сынға алды. Сатып алулардың қолданыстағы тәртібін жетілдіру қажет екені, атап айтқанда теңгені долларға шаққандағы бағам өзгерісі коэффициентін қолдану қажеттігі аталды.

Талқылау барысында фармацевтикалық өнім өндірушілер мен дистрибьюторлар компанияларының рентабельділігінің төмендеуіне алаң білдіріп, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету іс-шараларында олқылық орын алуының ықтимал тәуекелін көрсетті.

«Бүгінгі таңда бірқатар маңызды тұстарды ескеру қажет: бағадан «СК-Фармация» ЖШС 9% мөлшеріндегі үстеме бағасы алынып тасталды, жеткізілген өнім үшін ай сайынғы 3% төлем мөлшеріндегі кредиттік желі бойынша кәсіпкерлер шығындары көзделмеген. Және де бұған Бірыңғай дистрибьютордың жеткізілген өнім үшін төлемді 90 банк күні өткеннен кейін жасайтынын қосыңыз», - деп «Стофарм» ЖШС бас директоры Әнуар Ерлепесов жиналғандардың назарын аударды.

Оның айтуынша, теңге бағамын түзеткенге дейін фармацевтикалық кәсіпорындар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бағаларды төмендету бойынша келіссөздер жүргізген болатын. Аталмыш келіссөздер қорытындысы бойынша ең қажетті дәрі-дәрмектер бағасы 20% төмендетілген болатын. Дәрі-дәрмектер мен дәрілік препараттарды арзандату жөніндегі келесі қадамдар бағаның жалпы алғанда 50% төмендеуіне алып келді. Алайда министрлік шенеуніктері бұны жеткіліксіз деп санайды.

«Министрлік бағаларымызды Ресей нарығының көрсеткіштерімен салыстырып отыр, ал бұл қазақстандық кәсіпкерлерді тең емес жағдайға қалдырады. Егер өндірушілер көбіне өткізу көлемінің көп болуы салдарынан Ресей аумағында төмендетілген бағамен жұмыс жасауға дайын болса, қазақстандық нарық жайлы бұлай айта алмайсың», – деді Әнуар Ерлепесов.

Отырысқа қатысушылар басқа да толғақты түйткілдерімен бөлісті.

«Дистрибьюторлар қызметтерінде импорт 100% құрайды. Сонымен бірге дистрибьюторлар алдында халықты дәрілік заттармен үздіксіз қамтамасыз ету деген маңызды міндет тұр. Халықаралық GDP стандартына көшу де едәуір инвестицияны талап етеді. 2014 жылғы қызмет қорытындысы бойынша 3 млрд теңгеге жуық шығын көрдік. Оның ішінде тек 20% ғана шетелдік серіктестер есебінен өтелді. Қарыздық қаражаттың шектеулі қолжетімділігі мен қымбат тұратын сертификаттау процедураларын жүргізу дистрибьюторлардың өндірістік емес шығындарын одан сайын арттыруда. Шара қолданылмаса, дистрибьюторлар жақында халыққа өнім жеткізуден бас тартады», - деп есептейді «КФК Медсервис» ЖШС бас директоры Жанат Кәрімов.

Кәсіпкерлер басқа да түйткілдермен бірге мемлекеттік мекемелер тарапынан дәріхана ұйымдарын «өз бетінше тексерудің» жиілеп кеткені жайлы тақырыпты қозғады. Ал мемлекеттік органдар дәрі-дәрмектер бағасын «тежеу» туралы бизнеспен келісілмеген шешімдерге сілтеме жасайды. «Биылғы жылдың наурыз айында бизнес-қауымдастықтар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 200 атауының бағасын тежеу жөнінде меморандум жасалды. Алайда жақында Қарағандыда жергілікті монополияға қарсы комитет департаментінің өкілдері өздерінің жеке препараттар тізімін басшылыққа ала отырып, дәріханаларда бағаны тежеу мәніне тексеріс жүргізді. Мұны қалай түсінуге болады? Не болмаса біздің келісуімізсіз тағы бір меморандум жасалған ба? Және де мұндай қанша тізім бар?», - деп наразылық білдірді «Аманат» ЖШС өкілі Александр Швечихин.

Фармацевтикалық бизнес жолында кездесетін басқа да әкімшілік кедергілер баршылық.

«Жақында «Дәрілік заттарды фармокологиялық қадағалауды және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жанама әсерлерінің мониторингін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 421 бұйрығы қабылданды. Аталмыш құжатта өндірушілердің уәкілетті ұйымға дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың қауіпсіздігі жайлы мерзімді түрде жаңартылып тұратын есебін ақпаратты ағылшын тілінен мемлекеттік және орыс тіліне аударумен ұсынып отыруы көзделген. Мұндай есептер әдетте 1 мың беттен асатын көлемді құрайды. Оларды аудару кәсіпкерлер үшін 1000-5000 доллар сомасына түседі. Аталмыш шығынның препараттардың ақтық құнына кіргізілетіні түсінікті. Бұл тәртіпті де қайта қарау қажет», - деп ұсынды «Джонсон&Джонсон» компаниясының өкілі Равиль Блатов.

Қазақстан Республикасындағы Халықаралық өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Светлана Оспанова қосарлы сертификаттау түйткіліне назар аударды.

«Дәрілік заттарды қосарлы сертификаттауды (қауіпсіздік пен сапасын бағалау) алып тастау қажет. Қазір бұл тексеріс кәсіпкерлер есебінен шетелдік өндірістік алаңдарға барумен өндіріс жағдайын бағалау жолымен жүргізіледі. Бірақ сонымен бірге өнімнің әрбір топтамасы тексеріледі. Және де бұл шығындардың барлығы Қазақстандағы ақтық өнімнің бағасынан көрініс береді әрі бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді», - деп атады Светлана Оспанова.

Жеке меншік медициналық құрылымдар қауымдастығының президенті Гүлнара Өтепова және Медициналық техника жеткізушілерінің қауымдастығы және «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» президенті Серік Сұлтанов Ұлттық палатаның отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі және жеке меншік медициналық ұйымдар қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып Санитарлық қағидаларды жетілдіру аясында бизнес-құрылымдардың мемлекеттік органдармен әрекеттестігі бойынша көрсеткен елеулі қолдауын атап өтті.

Фармацевтикалық, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызмет комитетінің мүшелері отырыс қорытындысы бойынша бірқатар шешімдер қабылдады. Біріншісі – «Орта мерзімдік келешекте экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспарына» үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жолдау үшін, Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрі-дәрмектерді сатып алу процедураларын және бағаларды қайта қарау қажеттігін анық негіздеумен шоғырландырылған ұсыныстар дайындау.

Комитет мүшелері ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің атына дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бағасын Қазақстандағы жаңа ақша-кредит саясатын енгізумен болған кепілдендірілген көлем аясында қайта қарау қажеттігі туралы хатпен жүгінуге қаулы етті.

Нормативтік-құқықтық базаға талдау жүргізумен денсаулық сақтау саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін әкімшілік кедергілерді төмендету жөніндегі жұмыс тобын құруға шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер