astana-view

Болат Палымбетов: «Шекаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз керек»

2016 жылғы 30 Қыркүйек
6440 просмотров

Шекара аймағындағы бизнестің шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндігі зор

"Кәсіпкерлердің құқығын қорғау саласындағы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы. Омбудсмен институты» панельдік сессиясында Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлерінің құқығын қорғау саласы бойынша бизнес субъектілерінде кездесетін мәселелер талқыланды.

Қазақстан мен Ресейдің өзара ынтымақтастығы жемісті өрбуде. Екіжақты байланысты күшейтуге бағытталған белсенді шаралар жүргізіп жатыр.

Қазіргі таңда Ресейдің барлық бизнес-омбудсмендерімен жұмыс жүргізілуде. Бірлескен жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Алтай өлкесінің, Свердлов облысының, Ставрополь өңірінің және Татарстанның бизнес-омбудсмендерінің арқасында қазақстандық кәсіпкерлердің мәселелері шешілді.

Алайда кәсіпкерлердің алдында кездесіп жатқан қиындықтар әлі де бар. Солардың бірі – Одаққа мүше мемлекеттердің шекарасынан еркін жүк тасымалдауға қатысты кедергілер. Сондай-ақ кедендік бақылау жүргізуге 2-4 күн кетеді. Ол туралы дөңгелек үстел басында, Ресеймен шекаралас аймақтарда орналасқан өңірлік палата кәсіпкерлері айтты.

«Менің түсінгенім бойынша, сіздер  белгілі бір кеден бекеттерінің жұмысына шағым айтып отырсыздар. Көлік саласы бойынша бізге қазақстандық кәсіпкерлерден ешқандай шағым түскен жоқ. Сол себепті мен барлық мәселелерді жинап, бізге жіберуін ұсынамын. Ал біз олармен федералді деңгейде жұмыс істеуді бастаймыз»,– деп жауап берді Волгоград облысының бизнес-омбудсмені Ольга Устинова.

«Біз Қазақстанда да, Ресейде де бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді бірлесіп шешкеніміз жөн. Сондай-ақ біз Қазақстан мен Ресейдің шекаралық қарым-қатынасын барынша пайдалануымыз керек», – деп түсіндірді Болат Палымбетов.

Сессия жұмысын қорытындылай келе, бизнес-омбудсмен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл аппаратына барлық сұрақтарды Ресей Федерациясы Президенті жанындағы кәсіпкерлер құқтарын қорғау жөніндегі Уәкілге жолдауды нұсқады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер