astana-view

Қазақстан Ресеймен трансшекаралық бағдарлар қалыптастырады

2016 жылғы 04 Қазан
8773 просмотров

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Ресей павильоны ең ірі көрме орындарының бірі болмақ

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында панелді сессия өтті.

Сессия барысында тараптар туристік нарықты дамыту саласындағы идеялар және жетістіктер жайлы пікір алмасып, еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық үдерістерін дамыту жағдайындағы екі елдің бұл саладағы әрі қарайғы өзара байланысы мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстандық тарап «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандандырылған көрмесі мен Астана қаласы және Маңғыстау облысының туристік әлеуетін таныстырды. Ресейлік меймандар Қазақстан мен РФ Челябі, Волгоград, Свердлов, Орынбор облыстары арасында туристер санын көбейту жайында өз көзқарастарын білдірді.

Сессия жұмысын аша отырып, шараны жүргізуші – Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, қазақстандық туризм саласын дамыту және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында аталған саланы өркендету тұрғысындағы жоғары мүмкіндіктер көкжиегін атап өтті.

«Біз көздеп отырған мәселелер тобы, ол – жол мен көлік қолжетімділігі, қонақ үйлердегі, әсіресе өңірлердегі қонақ үй қызметінің сапасы, көрікті орындарды ақпараттық қолдау. Бұл мәселелер, менің ойымша, екі ел үшін де өзекті. Бір жағынан, туристік саладағы ынтымақтастығымыздың әлеуеті өте қуатты. Трансшекаралық бағдарлар жасауға, тұрақты әуе рейстері мен темір жол қатынасы ауқымын кеңейту және чартерлік рейстерді іске қосу арқылы көлік қолжетімділігін арттыруға дайынбыз», - деді Юлия Якупбаева.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, қазіргі уақытта алда тұрған маңызды міндеттердің бірі ретінде, ұсынылатын туристік өнімдердің сапасын көтеріп, туристік ұсыныстар таңдауын кеңейту арқылы туркомпаниялар мен қонақ үйлердің, тамақтану орындарының, әуе тасымалдаушыларының, көлік компанияларының күш біріктіруін атап өтті. 

Қазақстан Республикасы инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев, өзінің кіріспе сөзінде, Ресейден Қазақстанға келетін туристер санының жыл сайын көбейіп келе жатқанына назар аударды.

«2015 жылы еліміз ресейлік азаматтар үшін сыртқа шығатын туризм бойынша танымалдылығы жағынан 4-ші орын алды. Қазақстанға осы аралықта 3 млн ресейлік турист келді. Қонақтар ең көп тынығатын жер ретінде Бурабай шипажай аймағы, Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық саябағы, Балқаш және Алакөл көлдері, Шымбұлақ тау-шаңғы шипажайы көзге түсті», - деді вице-министр.

Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің Туризм бойынша федералдық агенттігінің жетекшісі Олег Сафонов, Ростуризм мекемесі ресейлік-қазақстандық қарым-қатынас салалары мен мүмкіндіктерін барынша кеңейту үшін ықпалдастық құралдарын белсенді қолдануда екенін жеткізді. ТМД мүше-мемлекеттерінің Туризм жөніндегі кеңесінің желісі бойынша, ТМД ортақ туристік кеңістігін құруда жұмыс жалғасып, оған Қазақстан да белсенді атсалысуда.

«Форум аясында «Қазақстан мен Ресей арасында туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» панельдік сессиясын өткізу – елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық қатынастары құрылымын қалыптастыруда, халыққа арналған мәдени-танымдық және сауықтыру бағдарламаларын жүзеге асыруда туризм индустриясының қаншалықты салмақты рөлге ие екеніне айқын дәлел», - деді Олег Сафонов.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов, Қазақстанда Халықаралық мамандандырылған көрмені өткізуге дайындық жайында әңгімелей отырып, аталмыш шараға қатысу туралы ниетін, Ресейді қосқанда, 103 ел мен 17 халықаралық ұйым растағанын мәлімдеді. Ресей павильоны аумағы бойынша ең ірілердің бірі және мың шаршы метрден астам жерді алып жатыр.

Орынбор облысы дене шынықтыру, спорт және туризм министрі Олег Пивунов, Қазақстан мен Ресей шағын және орта бизнесін, сервистік индустриясын, туризмін дамытудағы Ұлы Жібек жолын жаңғырту маңыздылығын атап өтті.

«Орынбор облысы арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бір бөлігі өтеді. Онда халықаралық «Жібек жолы» автотуристік кластерін құру идеясы бар. Жаһандық тұрғыда Жібек жолын жаңғырту мен оның шеңберінде халықаралық туристік автокластер жасау, халықаралық байланыстарды дамытуға, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тың серпін бермек», - деп әңгімеледі Олег Пивунов.

Панелді сессия барысында Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Ресей Федерациясы Орынбор облысы үкіметі арасында туристік саланы дамыту бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Астана қаласы әкімдігі болса, «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС мен Свердлов облысы «Свердлов облысының туризмді дамыту орталығы» мемлекеттік бюджеттік мекемесі, «Қорған облысы спорттық дайындық орталығы» мемлекеттік автономдық мекемесі, Алтай аймақтық туристік қауымдастығы тараптарымен туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық жайлы келісімдерге қол жеткізді.

Тараптар, екі ел арасындағы туризмді дамыту, Қазақстан мен Ресейдің туристік беделін нығайтуға, теңдессіз туристік әлеуетті ілгері жылжытуға, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының экономикалық, мәдени және әлеуметтік даму салаларын нығайтуға әсер ететініне сенім білдірді.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер