astana-view

Ләззат Рамазанова: Қазақ қыздары табысты бизнесвумендерге айналуда

2016 жылғы 11 Қараша
11026 просмотров

ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі мен Ресей Федерациясындағы Азаматтық бастамалар мен жобаларды қолдау жөніндегі әйелдер одағы ынтымақтастық жайлы келісімге қол қойды.

Құжатты қазақстандық жақтан ҚР ҰКП ІӘК төрайымы Ләззат Рамазанова, ресейлік тараптан – Әйелдер одағы ақпарат агенттігінің бас директоры Наталья Урмацких өз қолтаңбаларымен бекітті.

Қол қою рәсімінде Ләззат Рамазанова Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында достық қарым-қатынас орнағанын келтірді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегі бойынша, ҚР мен РФ арасындағы тауар айналымы 2016 жылдың бірінші жартысында 4 млн доллардан асқан, оның ішінде экспорт 1 млн доллардан астам көрсеткішті құраса, импорт 3 млн долларды межелеген. 

Ләззат Рамазанова Іскер әйелдер кеңесінің мақсат-міндеттері жайлы әңгімелей келе, басты мақсат әйелдердің іскерлік ортадағы белсенділігін көтеру және неғұрлым олардың көпшілігін кәсіпкерлікке тарту екенін айтты.

«Бүгінгі жиын қазан айында екі ел басшыларының қатысуымен өткен бизнес-форумнан бастау алып отыр. Басты көздегеніміз – екі елдегі бизнесте жүрген қыз-келіншектерге жан-жақты көмек көрсету. Себебі ықпалдастық үдерістерінен сырт қалу қиын. Мысалға, 2005-2015 жылдары Ресей Қазақстанға 9 млрд доллардан астам инвестиция құйса, Қазақстан бизнесі Ресейге 3 миллиард доллардан артық қаржы салған. Шекара маңы сауда да дамып келеді. Демек, Еуразиялық экономикалық кеңістіктегі әйелдердің бизнес-қауымдастығын да біріктіретін кез келді. Қазіргі уақытта әйелдер қауымының әлеуметтік белсенділігі артып, көбісі өз ісін ашып үлгерген және ер адамдармен қатар табыс табуға ниетті. Қазақтың еркін өскен дала қыздары «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аясында қызметі сәтті бизнесвумендерге айналуда», - деді ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Л.Рамазанова.    

Оның айтуынша, бүгінде қазақстандық әйелдердің елдің Жалпы ішкі өнімін қалыптастырудағы үлесі 40 пайызға жуықтайды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің 41,5%-ын әйелдер басқарады. 2016 жылдың 1 қаңтарында олардың саны 700 мыңға жуықтап, 2015 жылмен салыстырғанда, 70 мыңға артты. Дәл осы жандар 794,5 мың жұмыс орнын қамтамасыз ете білді. Бұл дегеніңіз, Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі жұмыс орындарының 30% көлемі.

Кеңес қызметіндегі бағыттардың бірі тараптармен сындарлы сұхбат орнату болып отыр. Бұл жерде қазақстандық және шетелдік әйел кәсіпкерлердің экономикалық және мәдени салада жемісті тәжірибе алмасуы да көзделуде. Осыған байланысты РФ Әйелдер одағымен Келісімге қол қою арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тұрғысындағы ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жалғасын таба бермек.

Өз кезегінде, ресейлік мейман, Ресей мен Қазақстанның іскерлік нәзік жандар ұйымдарының күш біріктіруі ортақ бағдарламалар жасауда біртұтас бизнес алаңын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Біздің одақ та Еуразиялық кеңістіктегі әйелдер ұйымдарын біріктіріп, халықаралық байланыстар барысында бейбітшілікті нығайтуға ниетті. Ресей Әйелдер одағының ақпарат агенттігі бизнес бастамаларын ақпараттық тұрғыда сүйемелдеуге дайын», - деді Наталья Урмацких. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер