astana-view

Жаңа құрылғы орнатуға көмектесті

2016 жылғы 05 Желтоқсан
- Солтүстік Қазақстан облысы
5783 просмотров

Тайынша ауданына «Аға сеньорлар» бағдарламасы бойынша Канададан сарапшы келді

Гарт Илсли – сүт өңдеу саласының маманы. Қазір ол зейнеткер. Шамамен 700 мыңдай кәсіби білікті мамандар тоғысқан әртүрлі саланы қамтитын халықаралық ұйымда ерікті болып жұмыс істейді. Гарт Илсли 10 күн бойы «Тайынша Сүт» ЖШС жұмысшылары ортасында өз тәжірибесімен бөлісті. Ол Қазақстанға осымен үшінші рет және Солтүстік Қазақстан облысына бірінші рет келіп тұр. Тайынша сүт өңдеу зауыты он жылдан бері сары май, қайнатылған ірімшік, шұжық, тұздық, сулугуни, табиғи түрде ысталып қайнатылған ірімшік, сүзбе, сүзбе-ірімшік және тағы басқа өнімдер шығарып келеді. Тауардың бәрі облыста және көршілес өңірлерде сатылады. Бұл кәсіпорынның нарықта беделі зор, бірақ басшысы Қайыргелді Тарғауытов осы жетістікпен тоқтап қалғысы келмейді, сондықтан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдауын пайдалануды жөн санаған. «Аға сеньорлар» бағдарламасы шетелдік маман пікірін, кеңесін алуға мүмкіндік беретіндіктен, кәсіпкердің назарын өзіне аударған.  

«Аға сеньорлар» компоненті «Бизнестің жол картасы-2020» бірегей бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Сарапшының бұл жердегі көмегі – техникалық және ұйымдастырушылық тараптардағы түйткілдерді жұмысшыларға іс жүзінде тәжірибелік көмек көрсете отырып шешуге ықпал ету.

«Мұнда мен жаңа құрылғыны орнатуға көмектестім. Семинарлар мен тренинг-курстар өткіздім, бірақ ең бастысы осы зауыттың жұмысшыларына тәжірибелік сабақтар жүргіздім. Зауыт басқа құрылғы сатып алмастан-ақ, өз күшіне сеніп, нарыққа қандай жаңа өнім түрлерін шығаруға икемді екеніне де көңіл бөлдік. Меніңше мұндай бағдарламалар өте пайдалы, өйткені, түкпірдегі кәсіпорындарға кейде жаңа көзқарас, соны пікір жетіспей жатады», – дейді Канададан келген сарапшы Гарт Илсли.

Қонаққа шақырған кәсіпорын шетелдік сарапшының жүріп-тұру шығынын ғана өтейді. Ал ұшақ билеті мен сарапшының еңбекақысы бюджет есебінен төленеді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер