astana-view

Агроөнеркәсіптік кешен қандай бағытта жұмыстар атқарып жатыр?

2024 жылғы 01 Сәуір
- Алматы облысы
2578 просмотров

Алматы облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Агроөнеркәсіптік кешеннің кезекті кеңестік салалық кеңесі өтті.

 

Салалық кеңестің отырысында "Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы", "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы", "Қонаев" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы", «Аграрлық несие корпорациясы», "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

 

Ауылшаруашылық саласындағы жобаларға несие беру және субсидиялау бағдарламалары бойынша мәселелер көтерілді. Кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтардың бірі - «Ауыл Аманаты» бағдарламасы.

 

«Ауыл Аманаты - Қазақстандық ауылдарды дамытуға бағытталған және отандық агроөнеркәсіптік кешенді қолдайтын бірден-бір бағдарлама. Ауыл Аманаты - бұл ауыл тұрғындарының өз кәсіптерін бастауына өте қолайлы мүмкіндік» - деді Алматы облысының ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Димаш Сыдыков.

 

Алматы облысында «Ауыл Аманаты» бағдарламасына 1500-ден аса өтініш келіп түскен. Аудандар арасында өтінімдер саны бойынша Еңбекшіқазақ, Кеген және Ұйғыр аудандарының кәсіпкерлері көш бастап тұр. Айта кетейік, жоба бойынша шағын несие беру мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы бастамалары үшін – 7 жыл. Жылдық мөлшерлемесі 2,5% болып табылады. Алматы облысында бағдарлама аясында 720-дан астам кәсіпкерге шағын несие берілді.

 

Агроөнеркәсіптік кешен 4 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын ауылшаруашылық басқармасының басшысы тілге тиек етті. Біріншісі, таулы сүт фермасын құру және кеңейту, екіншісі, құс фермалары мен шаруашылық қожалықтарын дамыту, үшіншісі, су қоймаларын тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу болса, төртіншісі, әртүрлі жем-шөп немесе көкөністерді сақтайтын қоймаларды көбейту екенін айтты.

 

Асыл тұқымдарды көбейту шеңберінде субсидиялау жөнінде бірнеше сұрақтар қойылды. Жаңа ережелер бойынша фермерлерге селекциялық және асыл тұқымды жұмыс мәселелерінде еркін қызмет етуге мүмкіндік береді. Олар көбеюдің үш әдісінің кез келгенін таңдай алады: қолдан ұрықтандыру, тегін жұптау немесе жасанды ұрықтандыру үшін мамандырылған құрылымдардың қызметін пайдалана алатынын, сонымен қатар, асыл тұқымды селекциялық субсидиялау іс жүзінде еш өзгеріссіз қалатыны да талқыланды.

 

Алматы облысында сүт өндірумен айналысатын кәсіпкерлер күннен-күнге артуда, бұл экономикамыздың алға қарай жылжуына оң әсерін береді.

«Қазіргі таңда ауылшаруашылық экономикасындағы сүт саласының үлесі айтарлықтай үлкен. Сүт өндіру өнеркәсібі бір күндік қана емес, күнделікті ұқыптылық пен мұқияттылықты талап ететін күрделі жұмыс. Малдың денсаулығына баса назар аударылып, ветеринариялық жұмыстар уақытылы жасалып, жем өндіруден бастап, заманауи агротехнологияларды дұрыс пайдалануды қажет етеді» - деді Алматы облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.

 

Ауылдық инфрақұрылымды дамыту жүйесіне бағытталған «Егістіктен Дүкен сөресіне дейін» бағдарламасы бойынша көкейтесті мәселелер де қаралды.

«Жоба шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау кезіндегі шығындарды қысқартуға, тиімсіз делдалдарды жоюға, баға белгілеуді ашық қоюға, сұраныс пен ұсынысты болжау жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, азық-түлік бағасының маусымдық ауытқуы тегістеледі» - дейді Аграрлық несие корпорациясының басшысы Джилкибаев Алмаз.

 

Кәсіпкерлердің өзекті мәселелерінің бірі - ауылшаруашылық өнеркәсіптерін субсидияландыру бойынша уақытылы төлем жасалмайтындығы. Сондықтан жеңілдетілген несие мөлшерлемесімен төлеудің орнына толық төлем жасауға мәжбүр екенін айта кетті. Бірақ бұл мәселе іс жүзінде өтінім бойынша кезекпен іске асырылып, алдағы уақытта әлі де қаралатын болады.

 

Салалық кеңестің қорытындысы бойынша, агроөнеркәсіпті дамытудың жолдары мен кәсіпкерлердің мәселелерінің шешу жолдары қаралды. Атамекен кәсіпкерлер палатасында өткен кезекті отырыс кәсіпкерлер үшін пайдалы ақпараттарға толы болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер