astana-view

Бизнесте – нәзік жандар

2016 жылғы 28 Желтоқсан
- Жетісу облысы
6210 просмотров

Әйелдер облыстағы 56 мыңнан астам кәсіпорынды басқарып отыр

Биыл өңірлік Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі әйелдер бизнесін талқылау және проблемаларды шешу бойынша 30-дан астам кездесу, жиналыс, форум және семинар өткізді. Осындай кездесулерден кейін әйелдер Кәсіпкерлікті қолдау орталығына өздерінің идеяларымен келе бастағанын атап өткен маңызды. Олар кейін идеяларын жүзеге асырып жатады. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі.

«Қазіргі таңда әйелдердің бизнеспен айналысуы көз үйренген құбылысқа айналған, алайда 25 жыл бұрын Қазақстандағы кәсіпкер әйелдер саусақпен санарлықтай болған еді. Бүгінде біздің облыста 56 мыңнан астам кәсіпкерлік субьектісін әйелдер басқарады, олар да өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жатыр. Нәзік жандар қазіргі таңда өнеркәсіпте де, банк секторларында да, қызмет көрсету саласында да жұмыс жасайды. Елімізде ірі кәсіпорындардың тізгінін ұстап отырған әйелдер де көп», – дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі төрайымы Мамила Мұсабекова.

Мысалы, «Фудмастер» АҚ компаниясын Аида Сапарғазинова, «Алельагро» АҚ-ны Рәзия Жатақпаева, «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-ны Зелина Катранова, «Ажар» АҚ-ны Баян Ержанова, «Галакси Маркетинг» ЖШС-ны Элеонора Құрақбаева, «Дольче фарм» ЖШС-ны Сәуле Мәкішева, «Суффле Қазақстан» АҚ-ны Айнұр Сүлейменова, «Филипп Моррис Қазақстан» ЖШС-ны Елена Цой басқарады. Осы ірі кәсіпорындар облыс бойынша жүздеген жұмыс орнын құрып, бюджетке милиондаған салық төлеп отыр.

Мамила Мұсабекова әйелдер кәсіпкерлігін қолдауда даму институттарының, екінші деңгейлі банктердің рөлін атап өтті. Мысалы «Даму» қоры «Бизнестегі әйел» жобасы бойынша Алматы облысында 108 млн теңгеге 9 жобаны іске асырған, «Шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру» бағдарламасы бойынша 657 әйел 295 млн теңге көлемінде қаржыға қол жеткізсе, ал «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау» бойынша 71 әйел 521 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Сонымен қатар биыл 39 бизнес ханым ҰКП-ның «Бизнес-өңірлер» микронесиелеу бағдарламасының қатысушысы болды.

«Ерекше маңыздысы – ауылдағы әйелдер қолдауға ие болып жатыр. Осылайша Сарқанд ауданында Кәсіпкерлер палатасы тарапынан 9 бизнес-жоспар жасалып, олардың 6-ы 20 миллионнан астам теңгеге қаржыландырды. Ұйғыр ауданында өрік отырғызу бойынша ауқымды жоба іске асырылып жатыр. Жоба құны 610 млн теңгені құрап отыр, оның 573 млн теңгесі кәсіпкерлердің өз қаржысы. Еңбекшіқазақ ауданында 4 әйел кәсіпкер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 14,4 млн теңге көлемінде несие алды. Несие  ірі қара мал өсіруге жұмсалмақ», – дейді Кеңес басшысы.

Сервистік қолдау шеңберінде Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында әйелдерге 1500-нан астам кеңес берілген. 650 әйел кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтіп, оның 300-ден астамы бизнес-жоспар құрған.

Қазіргі таңда Іскер әйелдер кеңесі Алматы облысындағы Іскер әйелдер қауымдастығымен табысты серіктестік орнатқан. Барлық іс-шара бірлесе күш біріктіру нәтижесінде өтуде. «Біріксек – біз мықты командамыз, бизнестегі өз тәжірибелеріміз бен білімдерімізді бөлісуге әзірміз», – дейді Мамила Мұсабекова. Кеңестің негізгі жұмысы аудандарда өткізіледі, онда аудандық және ауылдық Іскер әйелдер кеңестері құрылған. Сондықтан биыл шілде айында Ақсу ауданына 60 әйелдің қатысуымен Іскер әйелдер форумы өтті. Алматы облысының 18 іскер әйелінің «Қорғас» ШЫХО-ға Қытай Халық Республикасының бизнесвумендерімен кездесуге барған сапары да атап өтуге тұрарлық ерекше сапар болды.

Ал таяуда Іскер әйелдер кеңесінің көмегінің арқасында Талдықорғанда «Алғыс дүкені» ашылды, онда мұқтаж жандар қажетті заттарын тегін ала алады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер