astana-view

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруші әйелдер саны аз

2016 жылғы 28 Желтоқсан
- Солтүстік Қазақстан облысы
5206 просмотров

Солтүстік өңірдің әйелдері неліктен мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға асықпайды? Аталған мәселе өңірлік Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің қорытынды отырысында қаралды

Бұл биыл өткен Іскер әйелдер кеңесінің (ІӘК) 44-ші және қорытынды отырысы болды. Осылайша ІӘК мүшелері әйелдер бизнесіндегі өзекті мәселелер мен даму әлеуетін талқылады. Күнтәртібінде қаралған мәселелер арасында гендерлік саясатқа қатысты өңір экономикасы, әйел кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар, бизнесті дамытудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер сынды мәселелер болды. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысы шағын және орта бизнестің 40 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың 40%-ы немесе 17,6 мыңы әйелдерге тиесілі екен.  Көрсеткіштер жыл санап артуда дейді Кеңес мүшелері. Десе де нәзік жандардың айтуынша, кәсіпкерлердің басым көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға жүгінбейтін көрінеді. Осылайша, өңірдегі әйел кәсіпкерлердің тек 10%-ға жуығы ғана мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды пайдалана білген. Жағдайды жақсарту үшін облыста нәзік жандарға кеңес беру, түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде өткізіледі. «Дөңгелек үстел-семинарлардан кейін кәсіпкер әйелдер «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Агробизнес-2020» және тағы басқа бағдарламалар арқылы берілетін қаржылай қолдауға көптеп жүгінетін болды»,– деп атап өтті СҚО Кәсіпкерлер палатасы ІӘК төрайымы Ләйля Сайдашева. «Бұдан бөлек, 170 кәсіпкер мен қаржылық институт өкілдерінің кездесулері ұйымдастырылды. Әйел кәсіпкерлер шығаратын өнімдерді сатуға қолдау көрсету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, бизнес субъектілерінің іскерлік сапарлары мен сауда-экономикалық миссиялары ұйымдастырылды», – деді ол.

Қорытынды баяндамада, сонымен қатар, ІӘК қызметінің басым бағыттарының бірі – қаржылай емес қолдау көрсету мәселесі де қаралды. Қолдау көрсетудің аталған түріне, өңір кәсіпкерлері белсенді түрде жүгінеді екен. Осылайша, «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-өсу» және «Жобалық оқыту» жобалары аясында, «Құс өсіру», «Мал өсіру», «Аквамәдениет», «Астық, май және жем-шөп дақылдары», «Қоғамдық тамақтану» тақырыбында 500-ден астам нәзік жанды кәсіпкер оқу курстарын тәмамдаған. Аталған көрсеткіш оқыту бағдарламасына қатысқандардың  41%-ын құраған екен. «Біз тек осы көрсеткіштермен шектелмейміз. Әйелдер бизнесін дамытудың жағымды жақтары өте көп. Десе де статистика, жұмыссыздардың 50%-ға жуығы әйелдер екенін айғақтайды. Мәселен, 15-28  жас аралығындағы жұмыссыз жас әйелдер саны, ер адамдармен салыстырғанда, екі есе көп екені анықталды. Сол себепті, бізге жұмыссыз әйелдерді кәсіпкерікке баулу мәселесіне барынша назар аударған абзал»,– деп атап өтті ІӘК төрайымы Ләйла Сайдашева.

Қорытынды отырыс соңында, Кәсіпкерлер палатасы атынан, Іскер әйелдер кеңесі мүшелеріне бастама көтеріп, өз ісіне адал болғандығы және өңірдің кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлестері үшін Алғыс хаттар табысталды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер