astana-view

Жүйелі жұмыстың нәтижесі оң

2017 жылғы 16 Наурыз
2538 просмотров

ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров тікелей эфирде есеп берді

«Қазақстан–Шымкент» телеарнасында өткен есепте Асқар Бегдәулетұлы өткен жылды қорытындылай келе, атқарылған жұмыстар, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша қолданылған шаралар, әкімшілік кедергілерді жою, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы туралы кеңінен айтты. Сұхбат барысында спикер журналист қойған сұрақтарға жауап беріп, оңтүстік кәсіпкерлерін қолдау үшін арнайы топ құрылғанын, кәсіпкерлер «бір терезе» қызмет аясында өз мәселесін тез арада шешуге мүмкіндік алғанын да ерекше атап өтті.

Кәсіпкерлікті қорғау

Бизнес өкілдерінің құқығын қорғау және оларға тағылған әкімшілік кедергілерді азайту – Кәсіпкерлер палатасының негізгі мақсаты. Бір ғана 2016 жылы кәсіпкерлердің құқықтырын қорғау бойынша 576 өтініш түсіп, оның 410-ы өз шешімін тапқан. Оның ішінде, 277 өтініш мәселесі кәсіпкер тарапына оң шешілді. Нәтижесінде, 6 863 500 508 теңге көлеміндегі қаражат кәсіпкерлер үшін үнемделді.

Айырықша атап өтетіні, жыл басында ОҚО Кәсіпкерлер палатасының тікелей араласуымен жалған кәсіпкерлік бойынша қылмыстық іс бизнес өкілінің пайдасына шешіліп, 101 компания, оның ішінде 32 Оңтүстік Қазақстандық кәсіпорын жалған кәсіперліктің зардабынан құтқарылған. Олардың қатарында «SKAT» және «Шымкентмұнай өнімдері» компаниясы да бар.

Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қаматамасыз ету прокуратура органдарымен тығыз қарым-қатынас негізінде жүзеге асырылады. Кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуын болдырмау және нәтижелі көмек көрсету мақсатында Палата бүгінгі таңда 2 жобаны жүзеге асырып отыр: мемлекеттік органдар және табиғи монополия субъектілерімен арада құрылған байланыс топтары мен «Бизнеске жедел жәрдем» жобалары. Бұл жобалар бірінші кезекте кәсіпкерлердің өтініштерінің тез арада қаралуына, сонымен қатар құзыретті органдар арасында көп уақытты алатын қағазбастылықты болдырмауға септігін тигізеді.

Әкімшілік кедергілерді азайту

Бүгінгі күні ОҚО КП бастамасымен бірқатар заңдарға және нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Мысалы, «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңына инженерлік желілердің электрондық картасын жасауды міндеттейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, яғни бұл норма монополия субъектілеріне өз мүмкіндіктерін ашық көрсетуді міндеттейді. Сонымен қатар, бұл бағытта орталық мемлекеттік органдарға бизнестің әр-түрлі салаларын реттейтін Заңдармен басқа да нормативтік актілерге 67 ұсыныс берілген.

Екінші бағыт бойынша Палата әкімшілік кедергілерді төмендетуге бағытталған ОҚО прокуратурасымен бірлескен Жоспарға қол қойған. Осы Жоспар аясында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге және рұқсат беру құжаттарын алуға жүйелік талдаулар жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша негізгі әкімшілік кедергілер көбіне жер пайдалану құқығын алу және кәсіпкерлік объектілерін салу мәселелсі бойынша кездесетін көрінеді. Аталған мәселе бойынша, барлық құқықбұзушылық фактілер жиынтықталуда және де мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға ұсыныстар дайындалуда.

Кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету

2015 жылдан бастап «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге сервистік қызмет пен қаржылай емес қолдау көрсетумен айналысады. Ол үшін, облысқа тиесі 14 аудан бойынша палата филиалдары ашылып, онда 8 түрлі қызмет түрі бойынша 43 менеджер жұмыс жасайды. Өткен жылы 8820 сервистік көмек, кәсіп ашам деген 19 476 азаматқа консультациялық кеңес берілген. Сол менеджерлердің көмегімен екінші деңгейлі банктер мен микронесиелендіру ұйымдары арқылы 4,5 млрд теңгені құраған мыңға жуық бизнес жоба сүйемелденеген.

Қаржылай емес қолдау көрсету бағыты бойынша көп сұранысқа ие болған ол – «Бизнес-мектеп». Кәсіпкерлік негіздерін оқып білу және осы салада білімі мен тәжірибесін нығайтуға ниет білдіретін азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Сөзімізге дәлел ретінде, 2016 жылы 1200 адам (оның 690-ы аудан азаматтары) оқытылып, тренинг соңында 79 азамат жалпы сомасы 237 млн.теңге көлемінде қаржыландыруға қол жеткізген. Тағы 456 кәсіпкер өз бизнесін кеңейткен.

Өңірлік даму картасын дайындау және жобаларды сүйемелдеу

Өткен жылы оңірлік даму картасы ресми түрде таныстырылды. Бүгінде, картаға құны 36 млрд. 450 млн теңгені құрайтын 19 жоба іріктеліп алынды. Картаға енген экологиялық туризмді дамытуды бағыт еткен «EcoVillageKaskasu» ЖШС ОҚО Кәсіпкерлер палатасының сүйемелдеуімен жергілікті инвестициялар көмегімен іске асырылды. Ал, өзге жобалар бойынша екінші деңгейлік банктермен бірлесе жұмыстар атқарылуда.

Ал, жобаларды сүйемелдеу бойынша, өткен жылы 929 жоба сүйемелденіп, мақұлданды. Олардың жалпы соммасы 4 млрд 146 млн теңгені көрсеткен.

Сонымен қатар, оңтүстік тауарөндірушілерінің базасы құрылып, «Оntustik onimderi» атты 2 ақпараттық каталогты жарыққа шығарды. Бірінші каталогта облысымыздағы тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, құрылыс өнеркәсіптерімен айналысатын 250 компания туралы ақпарат берілген болса, екінші каталог толықтырылып, онда 500 компания туралы ақпарат жинақталып, оны қалың бұқараға таныстырылды. Екі анықтамалықта да өңірдегі компаниялардың салалық бағыты, орналасқан мекен-жайы мен байланыс телефондары және т.б. ақпараттар енгізілген. Каталогтың электронды нұсқасын «INFOMOB» мобильді қосымшасынан табуға болады

Адами капиталды дамыту

Колледж қабырғасының оқу процессінде практиканы ұлғайту мақсатында «Дуальды оқытудың жол картасын» ендіру бойынша арнайы жоба жүргізілуде. Аталған картаға 137 кәсіпорын, 35 колледжден 2155 студент жұмылдырылған. Нәтижесінде, колледж оқу жоспарларында практикалық сабақтардың үлесі 60 пайызға артты.

«Аға сарапшылар қызметі» бағдарламасы аясында ОҚО-да орналасқан құрылыс, қонақ-үй, тамақ өндірісі саласымен айналысатын 23 компанияға 30-дан астам шетелдік сарапшылар тартылды.

Мемлекеттік сатып алу

ОҚО КП сарапшылары ұйымдастырылатын мемелекеттік сатып алуларға бақылаушы ретінде қатысады және өз тарапынан айтылған ескертулерді дер кезінде жоюды талап етеді.

Агро өнеркәсіптік кешен

Өткен жылы 1 млрд 100 млн теңгені құрайтын 108 жоба сүйемелденіп, мақұлданған. Ал, ауылшаруашылық саласында, 21 ауылшаруашылық кооперативі құрылды. Оған, 10 егіншілікпен, 4 мал шаруашылығымен және қалғаны аралас кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкерлер біріктірілген. Сондай-ақ, 1742 шағын шаруашылықтар кооперацияланды.

Жыл жаңалығы ретінде 3 ірі мәселенің түйіні тарқатылды. Алғаш рет жанар жағармайды мемлекеттік бағамен үлестіретін операторларды таңдап алу ережесі бекітілді. ҚР Ауылшаруашылық министірлігімен бірлесе әзірленген суғаратын су мәселесін шешуге арналған пилоттық жоба енгізіліп, 2 жылдан бері сәтті жұмыс істеп келеді. «Арыс-Туркістан» магистралды каналы бойынша 2015 жылы 8 өтініш қаралып, көтерілген сұрақтартар толығымен шешілген. Нәтижесінде, бүгінге дейін ешбір өтініш келіп түспеді. Агро өнеркәсіптік кешен комитеті трансферттік мақта бағасын белгілеу әдістемесі жасалып, ҚР үкімет басшылығымен бекітілді.

Сөз соңында, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры алдағы жылға жоспар құрып, облыстағы кез-келген кәсіпкерге қол ұшын беруге дайын екенін білдірді. Себебі, Оңтүстік экономикасы мен әлеуетін дамыту, кәсіпкерлер құқығын қорғау, олардың жобаларын жүзеге асыру үшін Палата өкілдерінде барлық тетік бар. Ол үшін тек кәсіп бастаймын деген ынталы азаматтар болса болғаны. Сондай-ақ, өз кәсібін жүргізіп отырған азаматтарға керек жағдайда «жедел жәрдем» көмегімен оқиға орнына жылдам жететін арнайы топ бар екенін, оған 8702-323-10-10 байланыс нөмірі жұмыс жасайтынын айтты. Осылайша, Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің туындаған мәселесін жылдам және нәтижелі етіп шешіп беруді көздеп отыр.

Бір сағатқа созылған сұхбат барысында көрермен тарапынан қойылған сұрақтар толастаған жоқ. Көбіне, аудан азаматтары белсенді болып, өзін қызықтырған сұрақтарға тікелей эфир арқылы жауап алды. Онлайн таралған хабарға тіпті Ақмола облысынан хабарласқан азамат та болды. Келіп түскен сұрақтардың көпшілігі кәсіп ашу үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алу, субсидияға ие болу, гранттар мен жер мәселесі қатысты болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер