astana-view

Сүт өндірісіне бөлінген несие

2017 жылғы 28 Наурыз
- Жамбыл облысы
9784 просмотров

«Атамекен Тараз» микроқаржыландыру ұйымы сүт кластерін дамыту үшін «Жуалы сүт» ауылшаруашылығы кооперативінің құрылуын қолдайды

Алдын ала келісім «Атамекен Тараз» микроқаржыландыру ұйымы, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы, «Бурненская молочная компания» ЖШС басшылары мен компания зауытына тұрақты түрде шикі сүт жеткізетін 32 өндіруішінің кездесуінде орын алды. Басқосуда «Жуалы сүт» ауылшаруашылығы кооперативін құруға, шағын несие алуға қажетті барлық талаптар, сондай-ақ 2017-2021 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға арналған мемлекеттік жаңа бағдарлама аясында ауылшаруашылығы кооперативін қолдау құралдары талқыланды.

«Бурнен сүт компаниясының атынан шикі сүт шығарушылар мен қайта өңдеушілердің өзара іс-қимылы ашық әрі өте дұрыс қойылған. Оларда жеткізушілермен сүттің бағасы, көлемі мен сапасын келісу тәжірибесі де қалыптасқан. Бұл өте жақсы, себебі «Жуалы Сүт» кооперативін құрудың негізі қаланған. Ендігі алдағы уақытта даму үшін жұмыс істеу керек», ­– деп пікір білдірді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова.

Былтыр Кәсіпкерлер палатасы алғаш рет Меркі ауданында 42 сүт шығарушы мен сүт өнімін қайта өңдеушіні біріктіре алды. «Меркі өнімдері» ӘКК «Атамекен Тараз» микроқаржыландыру ұйымын алғашқы тұтынушысы болды. Сүт беретін асыл тұқымды ірі қара малын алу үшін несие бөлініп, сүт сауылымын арттыруға мүмкіндік берді. Микроқаржыландыру ұйымының несие комитеті жалпы сомасы 141,5 млн теңге сомасында 15 өтінімді мақұлдады, 56 млн теңге сомасында 7 жоба қаржыландырылды, соның арқасында 163 ірі қара мал басы алынды.  

«Атамекен Тараз» микроқаржыландыру ұйымы ауылдық жерде шағын және орта бизнеске, сондай-ақ Жамбыл облысы Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен ауылдағы әйелдер бизнесіне микроқаржы бөлу мақсатында құрылды. Бүгінде бұл ұйым қаржыландыру үшін 34 өтінімді қарап, жалпы сомасы 221,7 млн теңге болатын 26 өтінімді мақұлдады. Олардың ішінде сүт беретін ірі қара мал басын көбейтуге арналған «Мерке өнімдері» ӘКК, «АраТау» аракешені», өсімдік өсіру (қант қызылшасын өсіруге), мал шаруашылығын дамыту, нан өнімдерін дайындау мен қызмет көрсету салалары бар.

«Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі саласының бірі. Статистикаға сүйенсек, 2017 жылдың 1 қаңтарында жалпы бизнестің санынан шаруа қожалығының саны 15 821 немесе 27,8% құраған. Кәсіпкерлер палатасы келіп түскен өтінімдер екінші деңгейлі банктер мен өзге де қаржы институттары арқылы ауыл шаруашылығы бизнесі үшін қаражат қолжетімсіз екенін көрсетеді. Сондықтан да біз құрған микроқаржыландыру ұйымы өзінің маңыздылығын жоғалтпайды. Шағын несиеміз жеңілдікпен беріледі. Жылына 4 пайыздық мөлшерлемесімен 15 млн теңгеге дейін сома беріледі, екі аптаға дейін мерзімде қаралады. Сонымен қатар, тиімді кепілдік саясаты да бар. Бір ғана шектеу – біз тек ауылдық жерді қаржыландырамыз», ­– деп түсіндіріп өтті Қарлығаш Аралбекова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер