astana-view

Эльдар Жұмағазиев – Нарық кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне жаңа талаптар қоюда

2018 жылғы 24 Тамыз
9726 просмотров

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту бойынша Үкімет отырысы барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев жаңа басталамар жайында мәлімдеді.

Спикер қазіргі таңда 2 327 кәсіпорын мен 370 колледжде 19 973 студент дуальді оқыту бағдарламасы арқылы жүйеге қатысып жатқанын  хабарлады. Жүйенің өзі нәтижелі, алайда саланы кенжелетіп отырған бірқатар факторлар бар.

 «Оның бірі – оқытудың практикалық бөлігін ұйымдастырудағы бизнестің шығынын өтеудің толыққанды тетігі жоқ. Қазір тәлімгер қызметі шығынын өтеу ғана бар. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналға мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорындар жанынан ашылған оқу орталықтарынан қысқа мерзімді оқыту тәжірибесі қалыптасып келеді. Аталған тәжірибені техниклық-кәсіптік білім беруге арналған мемлекеттік тапсырыс аясында пайдаланып, қаражаттың бір бөлігін кәсіпорындарға беруді ұсынамыз», – деп мәлімдеді Эльдар Жұмағазиев.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік тапсырыс аясында  мамандар дайындауға жыл сайын 107 млрд теңге бөлінеді. Өңірлерде қарапайым көпшілік әдісімен мемлекеттік тапсырысты бөлу туралы шешім қабылдайтын комиссиялар жұмыс істейді. «Атамекен» мұндай комиссияларда бизнес өкілдерінің қатысу үлесін 50%-ға дейін жеткізуді ұсынады.

 «Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігі Бұйрығына өзгертулер енгізуді және мамандықтар мен біліктілік кескінінде колледж директорларының комиссия алдында соңғы бірнеше жыл ішінде түлектерді жұмысқа орналастыру жөніндегі есеп беруін қарастыруды ұсынамыз. Мұның маңызы қандай? Колледждер барлық мамандықтар бойынша жұмысқа орналастырудың жақсы деңгейін көрсетіп отыр. Бірақ Түркістан облысындағы алты колледждің түлектеріне call-орталық арқылы сауалнама жүргізу нәтижесінде 800 адамның 10%-ы ғана жұмыспен қамтылғаны анықталды. Сондықтан, егер колледж белгілі бір мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырысқа қатысуға ниет білдірсе, онда дәл осы өңірге тән ағымдағы және кейінгі жыладрадағы аталған мамандықтар мен біліктіліктердің өзектілігін талдау бойынша талап қою керек», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Бұған қоса «Атамекен» мектеп оқушылар арасында кәсіптік бағдарлау жұымысына назар аударуды және 7 сыныптан бастап біліктілікті қандай бағытта дамытуды айта отырып, балаларға кәсіптік диагностика жасауды ұсынып отыр.  

  

 «Осылайша 7-8-9 сыныпта оқу барысында бала дамудың дербес жоспарын қалыптастыра бастап, болашақ мамандықты саналы түрде таңдайтын болады. Аталған бастаманы ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдады, бірақ қаражат жаңа оқу жылынан 7 сыныпта оқитын 90 мың баланы ғана  кәсіптік диагностикалауға бөлініп отыр. Енді қалған оқушылардың кәсіби диагностикасын анықтау үшін қосымша қаражат бөлуді сұраңыз, олардың саны 180 мың адамды құрап отыр. Қосымша 378 млн теңге қажет. Бұл скандинав мемлекеттерінің озық тәжірибесі!», – деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

 Эльдар Жұмағазиев бұдан бөлек кәсіптік стандарттар мәселесін көтерді. Спикер белгілі бір мамандықтарға деген нарық талаптарының өзгеруін есепке ала отырып, стандарттарға үнемі толықтыру, сонымен қатар қайта бекіту қажеттілігі туындайтынын атап өтті.

«Нарықта бойына ең қажетті практикалық дағдыларды сіңіре алатын Тәжірибелік дағдылар дипозиториі қажеттілігі туындап отыр. Мысалға Астананы келтіре кетейін. Биылдан бастап  Big Data негізінде HH, naimi.kz және басқа платформаларда жұмыс берушілер қажет етіліп отырған бос жұмыс орындарымен қатар маман білуі қажет машықтар мен біліктілікті талап ету де жазылады. Осы деректер негізінде алғаш рет елорданың колледждері мен жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік тапсырыс бойынша мамандықтарға деген талаптар әзірленді. Аталған шара келешекті деп санаймыз, оны Ұлттық біліктілік жүйесімен қатар дамыту керек», – деді спикер.

 Осы ретте Эльдар Жұмағазиевтың айтуынша, Қазақстанда мамандықтарға қажеттіліктің нақты талдауы жоқ, ал оның негізінде мемлекеттік тапсырыс тиімді бөлінер еді.

 «Ақтөбе облысында біз ҚР Білім және ғылым министрлгімен бірге қоғамдық тамақтану ұйымдардың кескінінде маман қажеттілігіне талдау жүргіздік. «Тамақтануды ұйымдастыру» мамандығы бойынша 11 мамандық бойынша, оның ішінде 353 аспазға қажеттілік анықталды, ал колледждер 724 аспазды дайындап жатыр. Демек, жұмыс берушінің сұранысы оқу орындары ұсынысынан 2 есе аз болып отыр»,– деді Эльдар Жұмағазиев.

Осыған байланысты «Атамекен» мамандықтар қажеттілігін анқытаудың бірыңғай әдісін әзірлеуді, кәсіпорындар тұрғысынан аудандарға дейін зерттеу тереңдігін зерделеуді, ал мамандықтарды  – біліктілік кескінінде анықтауды ұсынады.

  Эльдар Жұмағазиев ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына бағалау жүргізу бойынша жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Аталмыш зерттеу түлектердің жұмысқа тұру пайызы (жалпы салмақтан 20%) және олардың еңбекақысы (жалпы салмақтан 20%); жүргізілуіне 214 салалық сарапшы қатысқан бағдарламалар өзектілігін бағалау (жалпы салмақтан 40%); сонымен қатар 3000 түлекке сауалнама жүргізу нәтижесі (жалпы салмақтан 9%) сынды критерийлер маңызды болған әдіске сәйкес жүргізілген болатын.

 «Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын бағалауын жүргізу үлгісі бойынша 2019 жылы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларына бағалау жүргізуді ұсынамыз. Жүргізген бағалау көрсеткендей бір облыстағы Аграрлық колледж 15 мамандыққа оқытатынын анықтадық. Осы мамандықтың ішінде біреуі ғана ауыл шаруашылығына қатысы бар. Демек, бұл бағытта тиянақты талдау жүргізу керек», – деп ұсынды «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

 

Презентация: Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың тиімді құралдары


Еншілес ұйымдар

Серіктестер