astana-view

Atameken Services - кәсіпкерлердің цифрлық сауаттылығын арттырады

2018 жылғы 11 Қыркүйек
14357 просмотров

Бүгін Үкімет үйінде өткен Қазақстан Үкіметінің алқалы жиынында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев күн тәртібіндегі «Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру» мәселелері бойынша атқарылған іс-шараларды баяндады.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Atameken Services жобасы аясында кәсіпкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында 6 ірі жоба жүзеге асырылып отырғанын айтты.

Digital КҚКО (ЦОП) - кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету жобасының ауқымы кең

Оның негізінде қазіргі таңда Atameken Services порталында сервистік қолдаудың 68 түрі бойынша 2700 онлайн қызмет көрсетілді. Сонымен қатар жоба аясында кәсіпкерлердің «Жеке кабинеті» жасақталып, қазіргі таңда олар мемлекеттік қолдаудың 46 шарасын онлайн түрде алуға мүмкіндік туып отыр.

«Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін пысықталып, «Қазагро», «Даму» және Atameken Services платформаларының интеграциясы толықтай аяқталатын болады»,-деді Э.Жұмағазиев.

Цифрландыру мәселесінде істі кері тартып тұрған жайттар да жоқ емес.

«Барлық 189  КҚО (ЦПП) мен 25 КҚКО (ЦОП) «өз-өзіне қызмет көрсету» орындары құрылды. Толық онлайн режимде қызмет көрсетуге кедергі болып тұрған мәселе – 76 аудандағы интернеттің әлсіз деңгейі, бірақ бұл офлайн, яғни «көзбе-көз» қызмет тоқтатылады деген сөз емес. Сондықтан біртіндеп, күнделікті түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде интернет арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін көбейтеміз»,-деді ол.

Сол сияқты ол мемлекеттік тапсырма негізінде, қызмет ету ЭЦҚ (ЭЦП) арқылы жүзеге асырылады, алайда тәжірибе көрсеткендей,  кәсіпкерлерге бұл әдіс қолайсыз. Сондықтан қазіргі уақытта порталда жеке тұлғаның екі факторлы аутентификациясы  енгізілген. Бұл шара ЭЦҚ-ны қажет етпейді, яғни сервистік қызмет алуды тездетеді. 

Atameken - Academy - кәсіпкерлік негіздерін онлайн оқыту бағдарламаларының ерекшеліктері қандай?

Atameken – Academy жобасы аясында онлайн режимде барлық деңгейде кәсіпкерліктің негізін оқытуға мүмкіндік беретін CRM және LMS платформа әзірленген.

«Жоба бойынша оқыту түрлерін онлайн режіміне көшіруге мүмкіндік бар. Оқыту бағдарламалары: Мектептегі, колледж және жоғары оқу орындарындағы «Кәсіпкерлік негіздері» атты пәнді; Мемлекеттік тапсырма негізіндегі «Бастау», «Бизнес-мектеп», «Жас кәсіпкерлер мектебі», «Іскерлік байланыстар» және «Аға сеньорлар» жобалары кіреді. Сонымен қатар «Бастау» қатысушыларына инстаграмм арқылы маркетинг, яғни өндірілген тауарларды сату тетіктері түсіндіріліп жатыр»,-деді Э.Жұмағазиев.

Айта кетейік, барлық оқыту жобаларына биыл  44 мың адам қамтылады.

Өңірлік карта мен скринингтен туындайтын геоақпараттық интерактивті портал іске қосылған

«Өңірдің даму картасы жобасы және скринингтің жалғасы - кәсіпкерлерге бірыңғай маркетингтік құрал саналатын еліміздің интерактивті геоакпараттық картасының негізгі міндеті: нақты кәсіпорындардың санын анықтау; өндірістік кәсіпорындардың паспортизациясы; кәсіпорындардың даму мүмкіндіктерін білу, толық жобалық өндіріс деңгейіне жетпеген кәсіпорындардың картасын жасау; өңірлер арасындағы инфрақұрылым проблемалары, логистикалық мүмкіндіктерді анықтау; импорттың орнын баса алатын кәсіпорындарды, өңірлердің экспорттық мүмкіндіктерін анықтау, бизнесті дамытуға байланысты барлық маркетингтік ақпарат, кәсіпкерлерге арналған барлық қолдау шаралары мен қызмет түрлері, ауылдарда, аудандарда және қалалардағы бизнестің өсу нүктелері; колледждер мен жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі»,-деп атап көрсетті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Карта арқылы бизнесті дамытудың қазіргі жағдайы мен келешегін анықтауға болады. Ақтөбе облысында скрининг жұмыстары басталып кетті.

Микрокредиттерді тиімді әрі жедел беруге бағытталған скорингтік және «Кредиттік агрегатор» - қаржы алудың «бір терезе» жүйесі туралы бірер сөз...

«Атамекен» ҚР ҰКП 3 микрокредиттік ұйымның (Қостанай, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында) құрылтайшысы және де сенімгерлік басқару шарты бойынша ««Қызылорда» ААО» ЖШС-ның басқарушы компаниясы. Соңғы 3 жылда 1671 жобаға 7,2 млрд теңге несие берілген. Ендігі міндет - микрокредитті жедел түрде арнайы сайт немесе мобильдік қосымша арқылы онлайн түрде беру үшін автоматтандырылған скорингтік қызметті іске асыру. Мұндағы мақсат - кәсіпкерді ара қашықтықта идентификациялау және керекті құжаттарды онлайн толтыру арқылы үйден шықпай-ақ, 10 минутта алдын ала шешім қабылдауға мүмкіндік беру.

«Кәсіпкерлердің басты проблемаларының бірі қаржы мәселесі. Осыған орай, барлық банктер мен қаржы институттарының кредиттік мүмкіндіктерін бір - «Кредиттік агрегатор» жобасы аясына біріктіріп, болашақта осы ресурс арқылы кредит алуға берілген кәсіпкердің өтінішін барлық қаржы ұйымдары көре алатын ортақ платформа жасау»,-деді ол.

Фермерлерге онлайн қызмет көрсету порталының мақсаты қандай?

Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің, фермерлердің жұмыс барысында кездесетін барлық сұрақтарына жауап беретін, ауыл адамдарының агробіліктілігін дамытатын Uber, inDriver  принципінде қызмет атқаратын мобильдік қосымша жақын арада іске қосылады.

«Бұл мәселеге көңіл аударып отырғанымыз, мал ауруы - жыл сайынғы мәселе. Осыған байланысты профилактиканы жолға қою және ауру жұққан кезде қандай ветеринарлық шаралар алу керектігі туралы нақты, толыққанды ақпарат беру үшін  Ақтөбе облысында пилоттық негізде  Call-center - «Шұғыл байланыс» желісі жуық арада іске аспақшы. Бұл жоба аясында жергілікті фермерлерге шетелдік ветеринар консультация беруге мүмкіндік алады»,-деді Э.Жұмағазиев.

«Аман» ақпараттық жүйесі шағын бизнестің есебі мен табысын көбейтуге бағытталған

Шағын бизнеске арналған «Аман» ақпараттық жүйесі – шағын, микро кәсіпорындағы барлық есепке алу процестерін автоматтандыру, бизнесті жүргізу үшін сенімді және жедел аналитика беруге арналған.

«Сонымен қатар осы жоба – сұр аймақ, көлеңкелі экономикадан көптеген бизнес субьектілерін шығаруға ұйытқы болады. Қазір бұл платформа дайын. Жуық арада, оны барлық бизнес өкілдеріне тегін пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр»,-деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер