«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Біз туралы
Қаз

Италия инвесторлары Маңғыстауда бизнесті дамытуға қызығушылық танытты

12 Қазан 2018 - Маңғыстау облысы
216 просмотров

Ақтау қаласындағы өңірлік Кәсіпкерлер палатасында Италияның бизнес делегациясы мен маңғыстаулық кәсіпкерлер басқосу өткізді.

Кездесу мақсаты- екіжақты іскерлік қарым-қатынасты дамыту. Италия іскерлік тобын Лониго қаласының мэрі Лука Рестелло бастап келді. Онымен бірге Қазақстандағы Италия елшісінің орынбасары Марко Эзпосто, мэр кеңесшісі Диего Марказан және «Лейзин» халықаралық мектебінің бас директоры Георгий Махвиладзе де бар.

Тараптар туризм, құрылыс, ауылшаруашылығы, кен өндіру салаларын бірлесіп дамытуға қызығушылық танытып отыр.

Шара модераторы Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев былай дейді:

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің дамуына жаңа міндеттер жүктеді. Елімізге келетін импортты отандық өніммен алмастыру бойынша жұмысты күшейту және тауарды экспорттаушыларға қолдау көрсету қажеттілігін атап өтті. Облыста сыртқы саудаға шығатын полиэтилен құбырлары, цемент және аммоний нитратының экспорты үлкен әлеуетке ие. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысының сыртқы сауда айналымы 3,5 млрд. АҚШ долларын құрады, соның ішінде экспорт -  3,1 млрд $, импорт -338,1 млн $. Қазақстанда сауда әріптестігін нығайтқан алғашқы үштікте Италия тұр. Бұл елмен Маңғыстаудың сауда айналымы 482,2 млн. АҚШ долларын құрады, яғни экспорт - 447,1 млн. АҚШ доллары, импорт - 35,2 млн. АҚШ доллары».

Сыртқы сауда айналымының негізгі бөлігін  мұнай мен мұнай өнімдерінің экспорты құрайды (265,7 млн. АҚШ доллар), табиғи асфальтқа негізделген битум қоспалары 25 мың АҚШ долларына жетіп отыр. Бұдан басқа, экспорттың үлес салмағын 54 мың АҚШ долларын құрайтын қара металдардың жіксіз құбырлары, түтікшелері мен құймалары толықтырады. Аймақтағы импорт көлемі-  35,2 млн $, соның ішінде құбырлар, кақпақтар мен құбырларға арналған жабдықтар -  10,1 млн $, сұрыптау, скрининг және тас бөлу үшін жабдықтар - 10,1 млн. АҚШ долларына жетті.

Осы жетістіктерді одан әрі дамытып, екіжақты тиімді қарым-қатынасты көздеген Лониго қаласының мэрі Лука Рестелло: «Ақтау мен Лониго қалалары арасында ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Соның негізінде өңірде инвестициялық жобаларды дамытуды көздейміз. Мәдениет, білім, спорт салаларына да қосарымыз бар. Ауыл шаруашылығына арналған жобаларымыз да қызықтыруы әбден мүмкін», – дейді.

Басқосуда сөз алған аймақтық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова: «2007 жылдан бері интерьер, жиһаз жасаушы 70-тен астам италяндық кәсіпкерлермен жұмыс істеп келемін. Миланда өтетін барлық көрмелерге қатысамын. Ондағы зауыттардың инновациялық құралдармен жабдықталғанына көзім жетті.  Сондықтан да іскерлік әріптестікті одан әрі дамытуға дайынмын», –дейді.

 

Ал, облыста қонақ үйлер кешенін дамытушы кәсіпкер Тимур Абдыкаримовтың айтуынша, Маңғыстаудың туристік әлеуеті жоғары. Қазірдің өзінде қонақүйлерге тәулігіне 500 адам келеді. Алда үлкен кешен құрылысы аяқталғаннан соң медициналық туризм ілгерілеп, емдеу-сауықтыру шараларын жүргізіп, тәулігіне 800 адам қабылдау жоспарланған. Осы салада италяндық әріптестерімен тәжірибе алмасуға дайын.

Бизнесті бірлесе дамытуды ұсынған кәсіпкерлер келер жылы сәуірде Италияда өтетін экономикалық форумға шақыту алды. Маңғыстауда теориялық тұрғыда айтылып, қағаз жүзінде жасалған келісімдер сол кезде нақты жүзеге асады. Инвесторлар іскерлерге тең дәрежеде мүмкіндік жасалады деп сендіріп отыр.

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер