«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Біз туралы
Қаз

«Бастау». Ақсуатта алғашқы балабақша ашылды

04 Қазан 2018 - Батыс Қазақстан облысы

«Тұлпар» балабақшасы 24 қыркүйек күні ашылды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің ашылуы ауыл тұрғындары үшін көптен күткен оқиға болды. Осыған дейін балалаларды көрші Пойма ауылына апару керек болған. Әсіресе қыстың күні – аязда, күз, көктем айларындағы – батпақта қиын еді. Енді ата-аналар балалары үшін қуанышты.

Табысты әрі адамдарға пайдалы кәсіп түрін ашуды Нұрғалиевтер үш жыл бұрын ойластырған. Көктемде отағасы балабақша ашуды нақты көздеп, «Бастау» жобасы ұсынған оқуды тәмамдады. Шайжан Нұрғалиев жеке қаражатына өзі тұратын екіпәтерлі үйдің екінші бөлігін сатып алды да үйді кеңейтіп, жөндеу жұмыстарын жүргізді.

 «Жас педагогтар болып, жұбайым Мәншүк екеуміз Ақсуатқа 90-шы жалдары келдік. Мұнда алғашқы қазақ сыныптарын аштық. Тоқырау кезеңінде балабақшалар болған жоқ. Мемлекет қазір жеке балабақшаларды ашуға жақсы көмектесіп жатыр, сондықтан біз осы қолдауды пайдаланып, ауылдағы мәселені шештік. «Бастау» жобасы бойынша жеңілдікпен 6 пайызбен 7,5 миллион теңге алдық, бұл қаражатқа қажетті жабдық сатып алдық. Несиені өтеу бойынша демалыс кезеңі қарастырылған. Әр балаға жан басына қаржыландыруға 29 330 теңге қарастырылған», – деді «Тұлпар» ЖК жетекшісі Шайжан Нұрғалиев.

Балабақша 60 орынға шақталған. Қазіргі таңда онда 1,5-5 жас аралығында  54 бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде барлық жағдай жасалған. 2 ойын залы, жатын бөлме, медицина қызметкері кабинеті, ас үй, асхана, шешінетін бөлме бар. Күнделікті кестеге 4-реттік тамақтану, серуендеу, ойын мен дамытатын жаттығулар кіреді.

 «Балабақшаның ашылуына бәрі риза. Балалар қуана келеді мұнда. Менің жасым 92-де. 14 немерем бар. Шөберем осы балабақшаға барады», – деді ауылдың ақбұрымы Сара Айталиева.

«Ауылда балабақша болған жоқ. Бұл проблеманы әр есептік кездесуде көтерген болатынбыз. Енді балабақша ашылып, ата-аналар қамсыз жұмыс істей алады. Таңертең сағат 8:30-да балаларды алып келеміз, 6:00-де алып кетеміз. Жаттығуларда балабал әріппен танысып, санауды үйренеді, ағылшын тілін оқиды. Қызым алғашқы жетістіктерімен қуантып жүр», – деді Ақсуат ауылының тұрғыны Балзия Серік.

«Тұлпар» балабақшасында 13 жұмыс орны бар. Кәсіпкер келешекте балабақшаны кеңейтіп, мектепке дайындық тобын ашпақ. Жалпы Теректі ауданы бойынша «Бастау» жобасына 148 адам қатысты, жыл соңына дейін  тағы 72 теректілік оқуға қатысады.  

 

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер