astana-view

Қостанай облысы Палатасы мен бизнесі қиындықты бірге ауыздықтайды

2015 жылғы 27 Ақпан
9846 просмотров

Кәсіпкерлікте жалғыздың үні шықпасына көпшілік келісе бастады. Заңнамалық бекіністерді жеңу мүмкін болмай отырған жағдайда, бір жерден табылсақ, жинақталған түйткілдердің шешімін табу оңайға соғады, тіпті болмаса, өз ісіңді сақтап қала аласың.

Қостанайлық бизнестің осылайша ынтымақтасуын Кәсіпкерлер палатасы қамтамасыз етіп, оның Өңірлік кеңесі іскерлік климатты жақсарту идеясын ұстану қажеттігін растап берді. Палатаның өзі атқарған және оның қадағалау органы жасаған жұмыстар нәтижелері де осыны меңзейді.

Соңғы отырыстардың бірінде нақты сандар айтылып, мысалдар келтірілді: бір жыл ішінде 30-дан астам түйткілді мәселе қаралған, ал олардың әрқайсысы жүйелік немесе салалық, бірқатар кәсіпкерлердің мүддесін қозғайды. Жабылмаған қарызы басынан асатын ауылдық аграрий болсын, не қалалық компания басшысы болсын, олардың монополистермен және бақылау органдарымен арадағы қақтығыстары. 

Жоғарыға естірту

Соның ішінде, жария кеңістікте мына жағдай айтылды: «тасымалдаушы кәсіпорын тарапынан бұзушылық ауырлығына әкімшілік жазаның сәйкес келмеуі жөніндегі мәселе оң шешімін тапты», ал Кодекстің жаңа редакциясына сәйкес түзетулер енгізілді. Егер байыбына барар болсақ, онда бұл тауарларды тасымалдау кезінде «артық жүктеу» үшін есеп айырысқысы келмейтін өндірістік компаниялардың қыңырлығы емес. Бұл ой жүгіртіп, ақылға салуға желеу дегеніміз жөн болар: шынымен де, еліміздің жолдарын басқаларына қарағанда көбірек тоздыратын, бюджет толысуының сарқылмайтын көзі бизнес болғаны ма? Айыппұл сомасы тасымалдаудың өзіне кететін шығыннан бірнеше есе асып түскенде, басқаша пайымдай да алмайсың. Өңірлік кеңес мүшелері де ақылға сала отырып, Ұлттық палата арқылы заң шығарушыларға жүгінді. Нәтижесінде айыппұл жазасы қысқартылды.

Келесі бір мысал: «заңнамаға өзгертулер енгізіліп, арнайы салық тәртібін қолданушы бизнесмендер үшін POS-терминалдарды міндетті орнату жөніндегі мерзім жылжытылды». Бұл үлгі етерлік іс болды. Прогрессивті қоғамдастық дүкендерде кредит карточкасымен есеп айырысуға мүмкіндік беретін аппараттың жоқтығына бұрыннан таңдануда. Алайда бұл қалалық жерде. Ауылдың жағдайы қалай? «Кэш» шектелгенмен де, ауылдық дүкендер иелері қажетті тәуліктік айналымды қамтамасыз етуге тиіс, ал бұл терминал орнатудағы талаптардың бірі. Содан ауылдық бизнес Палатаға жазып, жәрдем сұрады. Аудандардағы кәсіпкерлердің мұндай «мәжбүрлеуге» дайын еместігін түрлі деңгейлерде дәлелдеуге әрі түсіндіруге тура келді. Бұл да қолдан келді!

Қазірде импорттық ауыл шаруашылық техникаға арналған қосалқы бөлшектерді әкелу кезінде ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді ҚҚС төлеуден босату жөніндегі Өңірлік кеңес мәселелері шешілу сатысында тұр. Сонымен қатар 2017 жылдан бастап еркін қоймалар жұмысы бойынша және кәсіпкерлік істе жиі кездесіп тұратын салық және кеден дауларын шешуге арналған алқалық органды құру жөніндегі түйткілді тақырыптар да қаралып жатыр.

Бәз-біреулер ол үшін өз заңгерлері бар, Палатаның қажеті жоқ деуі де мүмкін. Шынын айтсақ, олар жүйелік түйткілдерді үнемі өз беттерінше алға тартып, оларды заңнамалық деңгейде шеше бермейді.

Айыппұлдан үркушілер ме әлде құқылылар ма?

Бизнесті тікелей қорғау деректеріне де жеке назар бөлгеніміз лайық. Палата директоры Мұрат Әбеновтың айтуынша, Қостанай облысында ұйым сарапшылары біршама бизнесмендер мүддесін қорғап қалған 26 нақты мысал бар. Шамамен 500 миллион теңгені сақтап қалуға көмектесті – олардың барлығы кәсіпкерлер төлеуден құтылған айыппұлдар, өсімпұлдар және өзге де шығындар.

Қостанайдағы жеті бірдей компанияның тарихы да үлгі боларлық. 2014 жылы қалалық әкімдік оларға билбордқа жер телімін жалға беру рұқсатының мерзімін ұзартудан бас тартқан еді. Оған себеп – сол кездегі қала басшысы жариялаған «мораторий», айтпақшы, Жер Кодексінде мұндай тәсілдер жайлы бір ауыз сөз кездеспейді. Онымен қоймай, бизнесмендерге бұдан былай әдеттегі билбордтардың орнына серпінді жарнама – скроллерлер орнатуға тиіс екендіктері және аялдама павильондарын өз есептерінен ұстайтындықтары мәлімделді.

Әрине, Палата бұл әрекеттердің барлығын заңсыз деп тапты. Жарты жылдан астам уақыт бойы түйткілді бейбіт жолмен шешуге тырысты. Жарнамалық қарсы тұрудың барлық қатысушыларын тартып, мәселені Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырыстарына шығарып отырды. Бірақ, өкінішке орай, еш нәтиже болмады. Ақырында, облыстық прокуратура жәрдемімен істің нүктесін сот қойды. Шешім кәсіпкерлер пайдасына болды.

Тағы да мысалдар керек пе? Қостанай қаласындағы Нариман базары Палата көмегімен бақылау органдары мен сатушылар арасында мәмілеге қол жеткізгендіктен ғана қайта қалпына келтіруге жабылған жоқ. Сатушылар жұмыс орындары мен бутиктерді қайта жабдықтауға жұмсалуға тиіс 40 миллион теңгені сақтап қалды.

Сот шешімімен облыстағы диірмен кәсіпорындарының бірі 3 млн теңге сомасындағы айыппұлдан босатылды. 2014 жылдың басында Әулиекөл-Сұрған тас жолы теліміндегі салмақ өлшемдерін бақылаудың бұзылған автоматтандырылған жүйесі жайлы іс көпшілікке белгілі болды. Жүйенің бұзылғаны анықталғанға дейін, кәсіпкерлерге 320 миллион теңгеден астам сомадағы айыппұлды төлеуге шот жіберіліп үлгергені де рас. Палатаға жүгінбесе, бизнесмендердің қалтасы қағылар еді.

Әулиекөл ауданы жеке кәсіпкерінің кредиттік қарызын қайта құрылымдандыруда көмек көрсетіліп, ол осының арқасында банкроттықтан аман қалды. Қостанай және Денисов аудандарындағы екі кәсіпкерге бірден бизнес үшін жер телімін алуға жәрдем көрсетілді.

Осылайша, тізімдеп жалғастыра беруге болады. Ал мәселенің мәні айқындала береді. Кәсіпкерлік – бұл тәуекелдер, және де, олар өршіп кеткен жағдайда, білікті және уақытылы көмек көрсетілмесе, күрделене береді. Бизнес оны жалғыз өзі қамтамасыз ете ала ма? Ол да мүмкін. Алайда кедергісі көп жолмен жүрудің не мағынасы бар деген сауал тастауға да себеп жоқ емес. Бүгінде, Палата кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін табыспен қорғап, заң шығаруға ат салысып жүргенде, бизнес үшін жағдайды түбегейлі жақсарту туралы Заң күшіне еніп, тексерістер мен талаптар қысқарған кезде – жалпы процестен тыс қалу да айтарлықтай қиын. Демек шоғырлану қажет, тек қана шоғырлану қажет!

Дмитрий Мачель


Еншілес ұйымдар

Серіктестер