astana-view

Еурокод Құрылыс нормалары мен ережелерін алмастыра ма?

2015 жылғы 19 Маусым
13267 просмотров

Құрылыс нормалары саласындағы ұғымдарды алмастыру қазір салынып жатқан ғимараттарды пайдалануға беру кезінде салмақты түйткілдер туындатуы мүмкін

Бүгінде Қазақстанда салалық құрылыс қоғамдастығы ортасында құрылыс нормаларындағы Еурокод ролі мен орны жайында пікірталастар жүріп жатыр. Еурокодтар енгізу мәселесінің төңірегінде көптеген жаңсақ түсініктер қалыптасқанын атауға болады.

Еурокодтар құрылыс нормаларының егжей-тегжейлі кешені болып табылады, онымен Қазақстандағы барлық ұлттық құрылыс нормаларын айырбастауға болады деген пікір – осындай жаңсақ түсініктердің бірі.

Өкінішке орай, бұл мемлекеттік сыңайлы құрылымдар өкілдерінің жоғары басшылық алдында есептілік үшін қолданатын қате түсінігі.

Шын мәнісінде Еурокодтар мәндік саласы есептеу әдістері және ғимараттар мен құрылыстардың салмақ түсетін конструкцияларының беріктігі, орнықтылығы мен өртке төзімділігін қамтамасыз ету әдістерімен ғана шектелген. Ал сәулет-жоспарлау шешімдері, өртке қарсы қорғаныш шаралары (салмақ түсетін конструкциялардан басқалары), жылыту, желдету және кондициялау, электрмен жабдықтау, санитария, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, ортаның орнықтылығы және энергетика бойынша жобалау шешімдері, эвакуация және шағын мобильдік топтар қолжетімділігі сияқты құрылыс нормалауының маңызды аспектілері Еурокодқа мүлдем кіргізілмеген, және де келешекте олардың қосылуы мүлдем көзделмеген.

Еуропалық Одаққа (ЕО) әрбір мүше елде өзінің ұлттық құрылыс заңнамасы әрекет етеді және жоғарыда аталған аспектілердің барлығы Еурокодтармен емес, жеке ұлттық құрылыс нормаларымен реттемеленеді. (ЕО құрылыс заңнамасының сатылы құрылымы 1 суретте келтірілген).

Еурокод Еуроодақта өз мәртебесі жөнінен №305/2011 Еуропалық Реттемеде баяндалған құрылымдардағы құрылыс конструкцияларының беріктігіне, орнықтылығына және өртке төзімділікке қойылатын негізгі талаптармен үйлестірілген үлгілік (типтік) өңірлік еуропалық стандарттар болып табылады.

Еурокод үлгілік құжат ретінде құрылыс қызметінде тікелей қолдануға жарамсыз және Еуроодақтың әрбір елінде ұлттық бейімдеу процесінен өтуге тиіс. Осы процес нәтижесінде Еурокодтар «ұлттық өлшемдермен» бірге ұлттық қосымшалармен толықтырылады, ұлттық стандарт мәртебесіне ие болады және бейімдеген ел аумағында айналымға енгізіледі.

Сонымен қатар, ұлттық деңгейде икемделген Еурокодтар міндетті қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне айналмайды. Еурокодты одақтық мемлекеттерде қолдану ерікті болып қала береді. (1 суретте еуропалық елдерде ұлттық деңгейде бейімделген Еурокодтардың орналасқан орны жұлдызшамен көрсетілген).

Қазақстан Республикасы үшін ЕО техникалық дамыған елдерінде таралған құрылыс нормалауының жалпы қабылданған жетекші үлгісі қолайлы. Оның негізінде еліміздің сатылы тұрғыдан қатаң келісілген замануи құрылыс нормативтік базасын құру қажет. (Нормативтік базаның осындай ұсынылатын құрылымдарының бірі 2 суретте келтірілген).

Осыған байланысты, «Президент реформасының жүз нақты қадамы» 49 тармағын «Ескірген құрылыс нормалары мен ережелерінің (ҚНЕ) орнына Еурокодтардың ұлттық бейімделуін қоса алғанда, нормалаудың еуропалық жүйесін енгізу»деген редакцияда одан әрі мәтін бойынша баяндаған дұрысырақ болады.

Стандарттау жөніндегі Еуропалық Комитет (CEN) басшылыққа алатын құжаттар және келісімдерге сәйкес Еурокодтарды ұлттық бейімдеудің (енгізудің) жаңа бағдарламасы қалыптасқанға дейін, ең алдымен, құрылыс саласындағы нормативтік базаның бұрыннан келе жатқан құрылымын қатаң тәртіпке келтіру біршама маңыздырақ. Осы мәселедегі бүгінгі таңғы ретсіздіктері биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап ескі Құрылыс нормалары мен ережелерінің жаңадан жасалған, өлшемдік деп аталатын ҚР Құрылыс нормалары мен ҚР Құрылыс ережелерімен бірге әрекет етуі одан сайын тереңдете түседі.

Еурокодтарды Ұлттық бейімдеу Бағдарламасын 2010-2014 жылдардағы нормативтік зерттемелер бойынша зерттеулер, талдаулар жүргізіп, жасалған қорытындылардан кейін, құрылыс саласындағы ғылыми және инженерлік-техникалық қоғамдастықтың практикалаушы кәсіпқойларының кең аясын тартумен қалыптастыру қажет деп есептеймін.

KAZGOR Жобалау академиясының Бірінші Вице-Президенті,

 «Атамекен»ҚР ҰКП Құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру және ТКШ комитетінің мүшесі

Мейірбек Жаманқұлов


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер