astana-view

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындық

2015 жылғы 02 Шілде
13440 просмотров

Қазақстанға ДСҰ-ға кіру кезінде жағымсыз факторлардың алдын алу жөніндегі кешенді бағдарлама қажет

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне қатысты 19 жылға созылған келіссөздер ақырында аяқталды. Негізінде, Қазақстан жаңа жылдан бастап жаһандық сауда клубына кіреді.

Бұған қатысты әңгімелер аз айтылып жатқан жоқ. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі әлемдік сауда процестеріне енуге белгілі бір мүмкіндік береді деп сенетін оптимистер жоқ емес. Сонымен қоса ДСҰ отандық бизнеске тек қауіп пен қатер ала келеді деп есептейтін скептиктер де баршылық. Қалай десек те, факт біреу: осы жылдың желтоқсан айында еліміз ресми түрде Дүниежүзілік сауда ұйымының 162 мүшесі болып танылады.

«Қазір кейінге оралып, жіберіп алған мүмкіндіктер жайлы айтудың мәнісі жоқ, және де бұл жағдайда қолда барды негізге алуымыз керек», - деп есептейді «Республикалық қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің одағы» Қауымдастығының төрағасы Владимир Дворецкий.

«Қазақстанның ДСҰ-ға қосылу жөніндегі келіссөздер процесі жылдар бойы ашық өткізілмеуіне қатысты белгілі бір пессимизм орын алғаны даусыз. Еліміздің келіссөз жүргізушілер тобы біршама жабық режимде жұмыс жасады, өз саласының мәселелеріне қанық және ДСҰ бізге алға тартып отырған шарттардан жеке бизнесінің дамуын болжай алатын мамандармен кездесулер өткізілген жоқ», -  деп атады Владимир Дворецкий.

Қазір, оның айтуынша, ДСҰ-ға кіргенге дейін уақыт барда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында әрбір сала бойынша барлық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылау үшін экономикалық интеграция министрі Жанар Айтжанованың қатысуымен салалық мамандармен тұрақты негізде кездесулер өткізіп тұру керек.  

«Оңай емес кезең орын алып отыр. Үш факторды жөнге салу жүріп жатыр: біріншіден, ДСҰ-ға жартылай байлаулы көзбен кіріп барамыз, екіншіден, менің ойымша, Ресей тарапынан жағымсыз әсер сезіледі, үшіншіден, жүйелік жаһандық дағдарыстың орын алғанын мойындау қажет. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, әрекет етуіміз керек, - дейді Республикалық қайталама металлургия өнеркәсіпшілері одағының басшысы. – Бүгінде, оның ойынша, үкіметтің де, кәсіпкерлердің де әлеуетін қолдана отырып, біздің ДСҰ-ға кірудегі шарттарды талқылауды бастау қажет. Пікірталас барысында қандай да бір саланың шынайы түйткілдері «қалқып шығуы» мүмкін, бұл біздің оларды шешудегі нақты қадамдарымызды қажет етеді».

Владимир Дворецкийдің айтуынша, ДСҰ аясында бизнестің кейін қандай да бір елдегі кәсіпкерліктің жағдайын жақсартуға көмектесетін шешімге әсер етуіне мүмкіндік беретін заңды механизмдер аз емес.

«Дүниежүзілік сауда ұйымының жағымды тұстары қандай? Біріншіден, бұл аса зор нарық, кемсітушіліктің жоқтығы, барлығы да тең. Ал теңдік – бұл адал ниетті бәсекелестіктің негізі. Сонымен қатар кез-келген даулы жағдайды заңды әрі өркениетті жолмен шешуге мүмкіндік беретін механизмдер мен процедуралар бар. Осы құралдардың барлығын қолдана білуіміз керек», - деді Республикалық қайталама металлургия өнеркәсіпшілері одағының басшысы. 

Оның ойынша, талқылау және біршама түйткілді тұстарды анықтағаннан кейін ДСҰ ішінде қолданылатын механизмдер бар екені жайлы ойлану керек, оның көмегімен ықтимал жағымсыз салдарды білдірмей жіберуге болады. Сонымен қатар оған әсерін тигізіп, жағдайды жеңілдетуге болатын ел ішіндегі механизмдер мен процедураларды да біліп алу керек. Ел ішін ерекше сыни бірқатар ұстанымдар да бар, ол жағдай күрт өзгергенде немесе нашарлағанда жалпы экономикаға әсер етуі де мүмкін.

«Мысалы, ауыл шаруашылық секторы. Аграрлы ел екеніміз түсінікті, халықтың тең жартысы ауылда өмір сүреді. Ауыл шаруашылығы белгілі бер дәрежеде дотациялық, алайда сонымен бірге аграрийлер бұл дотациялар көп емес, толық көлемде шаруаны дөңгелетуге мүмкіндік бермейді деп шағынып жатады. Ал қазір, бәсекелестіктің қатаюы себебінен белгілі бір түйткілдер туындауы да мүмкін. Қолданыстағы ұстанымдар бойынша қорғаныштық баждар айтарлықтай төмендейді, ал бұл дегеніміз, бізге құны біршама арзандатылған тауарлар келеді», - деп түсіндірді Владимир Дворецкий.

Қайталама металлургия басшысының ойынша, туындауы мүмкін жағымсыз тұстардың алдын алу бойынша кешенді бағдарлама дайындау қажет. Үкімет, депутаттар мен бизнес-қоғамдастық ДСҰ-ға кірудің барлық шарттарын егжей-тегжейлі қарауға тиіс. Бұл орынды нәрсе, себебі аталмыш ұйымға кіруге санаулы айлар ғана қалды, және де, егер қандай да бір қадамдар жасамасақ, бұл болашақта экономикамызға ауыр соққы болып тиюі мүмкін.

«Оның үстіне құжат кәсіпкерлермен, сарапшылармен және басқаларымен бірге дайындалуға тиіс. Егер мұны осы жылдың соңына дейін тындырып бола алсақ, еліміздің ДСҰ-ға кіру процесін барынша жеңілдетуге болады», - деді Қайталама металлургия қауымдастығының басшысы. 

Владимир Дворецкий сонымен бірге Қазақстанның кіруі – сауданың ең дұрыс тәсілі болғандықтан, анық мәселе екенін баса айтады. 

«Егер бәсекеге түскіміз келетін болса, мұны тең жағдайды қамтамасыз ететін алаңда жасау қажет», - деп қорытты ол. 

Владимир Дворецкий  қайталама металлургия жайлы айта келіп, бұл сала үшін ДСҰ жаңа мүмкіндіктер ашпайтынын атап өтті. Дей тұрғанмен, ол жағымды тұсты ДСҰ-ның бәсекелестіктің тең шарттарын декларациялайтынынан көріп отыр, себебі бүгінгі таңда олардың саласында теңдік жоқ.

«Бізде 15 пайыз мөлшеріндегі экспорттық баж бар, бұл кем дегенде 20 еуро. Ал Ресейде ол 7,5 еуроны құрайды, үш еседей аз. Келесі жылдан бастап бұл шама оларда 5 еуро көлемінде болады. Яғни Ресей пайдасына болайын деп тұр. Бұл мәселелерді көтергенімізге көп болды, сонымен бірге біздің келіссөз жүргізушілермен талқыладық та. ҚР Үкіметі бұған қатысты мынадай шешім қабылдады – осы бажды ұстап тұру, ең құрымаса, ресейлік мөлшерге жеткізу. Алайда нәтиже болған жоқ. ДСҰ-ға кіргенге дейін экспорттық баж мөлшері белгілі болатынына сенеміз», - дейді қайталама металлургия қауымдастығының басшысы.

Жалпы, Владимир Дворецкийдің айтуынша, ДСҰ-ға кіру қайталама металлургия саласы үшін еш қиындық келтірмейді.

«Өз тауашамызды табатынымызды білеміз, және де соңғы өнімге деген қажеттілік үнемі болып тұрады», - деген сенімде «Республикалық қайталама металлургия өнеркәсіпшілері одағы» Қауымдастығының төрағасы.

Қарлығаш ЖҮСІПБЕКОВА


Еншілес ұйымдар

Серіктестер