astana-view

Бизнеске сервистік қолдау көрсету Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басымдық берілген жұмыс бағыты

2016 жылғы 02 Ақпан
4596 просмотров

Кәсіпкерлерге қандай сервистік қолдау түрлері ұсынылатыны жайлы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов сұқбатында мәлімдеді.

– Төлеміс Садықұлы, бүгінде ел кәсіпкерлері мемлекет тарапынан жүйелі ұйымдастырылған қамқорлықты сезіне бастады. Әсіресе, қазіргідей қысылтаяң тұста отандық бизнеске айтарлықтай көңіл бөлініп жатқаны қуантарлық жайт. Осы орайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті сервистік қолдау жүйесі туралы оқырмандарымызды кеңінен хабардар етсек дейміз. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бұл шара бизнес өкілдерінің барлығына жаппай көрсетіле ме, әлде іріктеу бола ма? Әрі ол нақты қандай көмек?

- Рас, бүгінгідей аумалы-төкпелі тұста бизнес өкілдеріне кәсіпкерлікпен айналысу оңайға тимейтіні анық. Десе де, дәл осындай күрделі уақытта өз кәсібін бастауға бел буып жатқандар аз емес. Айта кету керек, бизнесті сервистік қолдау шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетіледі. Ал құрамында мамандандырылған кәсіби кеңесшілері көп ірі компаниялар мұндай қызметке зәру емес. 2015 жылдан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкімет қаулысы мен негізгі тапсырыс беруші – Ұлттық  экономика министрлігі арасындағы келісім-шартқа сәйкес «Бизнесті қолдаудың жол картасы-2020»  бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шарасын жүргізіп келеді. Өткен жылы біз бизнеске сервистік қолдау көрсету, ақпараттық кеңес беру, бизнес оқыту секілді негізгі үш бағыт бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсеттік. Қазір сервистік қолдаудың инфроқұрылымы толықтай қалыптасты деуге болады, яғни, еліміздің әр аймағында Ұлттық палата мен оның өңірлердегі филиалдарының базасында Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылып, тұрақты жұмыс істей бастады. Бұл орталықтар бизнес өкілдерінің жұмысын барынша жеңілдете түсті десе болады.

- Аталған орталықтарда көрсетілетін қызмет түрлерін таратып айтсаңыз.

- Жоғарыда негізінен үш бағытта қызмет көрсетіледі деп айтып өттім. Ол үш бағыт сан-салалы сұрақтарды қамтиды. Мәселен, консультациялық қызметтер: бизнесті құру және жұмыс істеп тұрған бизнесті тиімді жүргізу, қаржылық және құқықтық, сыртқы нарықта бизнесті жүргізу бойынша кеңестер беру. Салық саласы бойынша кеңестер, оның ішінде, салық салу жүйесіндегі жеңілдетілген салықтық декларацияларды дайындау. Білім саласындағы қолдау бағдарламалары бойынша жұмыс істеп тұрған әрі әлеуетті кәсіпкерлер үшін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудағы негізгі функциялар мен бизнесті басқару бойынша арнайы курстар, тренингтер, семинарлар жүргізу. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттандыру. Қазірде  аталған орталықтар жанынан «Бизнес-мектептер» ашылуда. Оларда жас кәсіпкерлер іскерлік негіздерін оқып, облыста немесе ауданда нақты бір жобаны жүзеге асыруға бағытталуда. Осы тұрғыдан алғанда Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті әрбір азаматымызға жан-жақты әрі сапалы қызмет көрсетуге әзір.

- Жөн екен. Біздің білуімізше, бұрын бизнесті тіркеуден бастап, оған тиісті рұқсаттама-құжаттарды алу мәселесі, тағы да басқа әкімшілік кедергілер көп болатын. Содан да болар кей кәсіпкерлерде әлгіндей әурешіліктен тезірек құтылып, мәселеңді жылдам шешу үшін тиісті адамдардың «қолын майлап» қою керек деген кереғар түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Осы мәселе қалай шешімін тауып жатыр?

- Сұрағыңыз орынды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің дамуын тежейтін әкімшілік кедергілерді мейлінше азайту, алдын алу бағытында көптеген іс-шаралардың ұйытқысы болып жүр. Бұл мәселелер заң жүзінде реттеліп те жатыр. Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының негізгі мақсаты да сондай келеңсіздіктерді болдырмау. Яғни, барынша әкімшілік органдармен қатынасуды азайтып, олардың тарапынан орын алуы мүмкін жемқорлық мәселесіне жол бермеу. Сонымен қатар, қандай да бір түсінбестік орын алмас үшін өзіміздің кеңесшілердің жұмысын да үнемі қадағалап отырамыз. Кәсіпкерлер арасында арнайы сауалнама жүргізіліп, орталық қызметіне көңілі тола ма, сын-ескертпелер немесе ұсыныс-тілектері бар ма, соның барлығын зерттеп, біліп отырамыз. Сондай-ақ, әрбір азамат Ұлттық палатаның байланыс орталығына хабарласып, өз мәселесін айта алады. Яғни, кәсіпкерлер үшін неғұрлым ыңғайлы, оңай әрі жылдам болғанын ойластырдық.  

- Ал бұл жұмыстың жалпы тиімділігі қандай?

- Мәселен, өткен жылда 30 мың кәсіпкерге 40 мыңға жуық қызмет көрсетілді. 212 мың консультация жасалды. Тіпті жоспарды (140 мың) асыра орындап отырмыз. Мұның барлығы тапсырыс берушіге әзірленетін құжаттармен расталады. Айта кету керек, бұл әрі бір ғана бағыт бойынша, яғни, сервистік қызмет көрсетудегі көрсеткішіміз. Басқа да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелеріміз баршылық, мысалы, бизнес оқыту бойынша.

- Осы бизнес оқытуға қатысты бір сұрақ қойсам деп отырмын. «Еліміз тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуықтады, ұлттық бизнестің де бұғанасы бекитін уақыт болған секілді, ендеше әлі күнге дейін жұртқа кәсіпкерлік әліппесін ежіктеп үйретіп жатқанымыз қаншалықты дұрыс?» деген сауалдың туындауы заңды.  Бұған не дейсіз?

 - Мен аталған мәселемен осыған дейін айналысқан институттардың жұмысына баға беруден аулақпын. Дегенмен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бұл бағыттағы жұмыс жүйелене түсті деуге болады. Біріншіден, біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру туралы тапсырмасын орындап отырмыз. Қазір бұл көрсеткіш 25 пайыздан асты. Екіншіден, біз үнемі сұранысқа қарай әрекет етеміз. Ал бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған және өз кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлердің ақпараттық-кеңестік қызметтерге, оқуға деген сұранысы жоғары екені байқалады. Дағдарыс кезінде түрлі қиындықтарға қарамастан, жеке бизнесін ашуға ниетті адамдардың саны арта түсуде. Бірақ еліміздің нарық заңдарымен өмір сүріп отырғанына 25  жыл болса да, бизнесті неден бастау керек екенін әлі күнге дейін білмейтіндер көп деуге болады. Бизнесін енді ғана мемлекеттік тіркеуден өткізген кәсіпкер бухгалтерлік есеп жасау, бизнес жоспар құру, конкурстық құжаттамалар әзірлеу, алғашқы айналымдық қаражаттың жетіспеушілігі немесе құқықтық сауаттылық бойынша көптеген мәселеге тап болады. Қысқасы аяғынан тұрып кеткенше көптеген мәселеде кеңесші қызметі қажет болады. Міне, Ұлттық палата жүзеге асырып отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы осындай мәселелерді шешуге бағытталған. 

- Жалпы, бизнес ағарту қалай жүргізіледі? Оқыту курстарынан өткен кәсіпкерге мемлекет тарапынан көмек алуға септігі тие ме оның?  

- Әрине, әрбір азамат жеке кәсібін ашып, мемлекеттік қолдауға жүгіне алады. Ол үшін  бірақ, кәсіпкердің іс жүргізу қабілеті, бастап жатқан кәсібі жайлы жан-жақты хабары, жеке бизнес жоспары болуы тиіс. Жалпы, бизнес оқыту жүйесі бізде екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы. Бұл кезеңде біз маркетингтің не екенін, бухгалтерлік есепті қалай жүргізу керектігін, кәсіпкерлік туралы заңнамамызда не айтылғаны жайында ең қарапайым деген түсініктермен таныстыратын боламыз. Мұнда бизнес жүргізудің схемасы ұсынылады.  «Бизнес-кеңесші» курсын тәмамдаушы арнайы сертификат алып, сол арқылы мемлекеттік органдарға тиісті көмек алуға жүгіне алатын болады. Екінші кезең - «Бизнес-даму», бұл бағдарлама кәсіпкерлік негіздерінен біраз хабары бар, тәжірибелі клиенттерге арналған. Мұнда бизнес жүргізу тәсілдері  тереңдете оқытылады. Ал үшінші кезең – жобалық оқыту жүйесі барысында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарына жіберіп, тәжірибе жинауға мүмкіндік жасаймыз. «Жүз рет естігенше, бір көрген артық» демекші теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра білгенде ғана одан нәтиже шығатыны анық. Нақты бір өндірісте көпті көрген, тәжірибесі мол кәсіпкерлер өз кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтады. Сонымен қатар, бұл курстың салалық ерекшелігі бар. Мәселен, болашақ фермерді біз көп жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан сүт фермасына жіберіп, оның иесі өз тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік сыныбын өткізеді. Жалпы, осы уақытқа дейін 15 мың адамға бизнес негіздерін оқыттық. Мұнда да жоспарды (12 мың адам) артығымен орындадық.

- Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен нақты қандай бизнес жобалар жүзеге асты?

-   Бір нақты сан дерек келтірейін. Біздің орталықтардың көмегіне жүгінгеннен соң 2880 кәсіпкер қаржылық қолдауға ие болды. Олар негізінен жылыжай шаруашылығы, мал шаруашылығы, қызмет көрсету секторынан – монша, шаштараз, ателье, химтазалау секілді шағын және орта бизнес субъектілері. Біз кәсіпкерге бизнес жоспарын жасауға көмектесеміз, ол банкке барып, өзінің жоспарын жүзеге асыру үшін қаржы алады. Яғни, палатаның қолдауының арқасында жаңа кәсіпкерлік мекемелері пайда болуда. Бұл дегеніңіз жаңа жұмыс орындары ашылып, салық төлеушілердің саны артуда деген сөз.

- Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта кеңейту, жетілдіру ойда бар ма? Жалпы, жоспарларыңыз қандай?

- Әрине, қазіргі таңда біздің мақсатымыз көрсетілетін қызметтің сапасын барынша арттыру болып отыр. Жұмыстың тиімділігі мен сапасын үнемі қадағалап, саралап отыратын байланыс орталықтарының деректерінше Кәсіпкерлерді қолдау және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына көмекке жүгінген бизнес өкілдерінің 95  пайызы көрсетілген қызмет түріне көңілдері толатынын айтқан. Десек те, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты біз жетілдіре түспек ойымыз бар. Нақты айтсақ, барлық процесстерді жүйелеу, есеп жүйесін енгізу, адами факторларды азайтуды жоспарлап отырмыз. Яғни, біздің клиентіміз өзінің проблемаларын жүйелеп жатқанда, біз оған шешу жолдарын ұсынатын дайын кейсті ұсына қоюымыз керек. Әрине, кемшіліктер болмай тұрмайды, алайда негізгі  іргелі шаралар біріздендірілуі тиіс. Қазір арнайы автоматтандырылған бағдарлама дайындалуда, онда тұрақты түрде, онлайн тәртіпте, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратында және өңірлік палатада кәсіпкердің өтініш берген уақыты, жұмыстың қалайша жылжып жатқаны, жүзеге асыру мерзімінің созылып кетпеуі бақыланып отыратын болады. Яғни, орталықтардың барлық қызметі өз кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер санының артуымен және жұмыс істеп тұрған бизнестің нығаюымен әрі дамуымен анықталатын нәтижеге бағытталатын болады. Бұл енді келешектегі жоспарымыз, ал әзірге СМС хабарлама жіберу арқылы жұмыстың сапалылығын анықтаймыз. Яғни, клиенттеріміз жұмыс сапасына көңілі толған-толмағанын, ұсыныс-тілектерін, сын-ескертпелерін  СМС арқылы жолдай алатын болады.  Бұдан бөлек, біз арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлер бізден не күтетінін анықтадық. Зерттеу барысында мемлекеттік және жеке қатынастарға қатысты жобаларды сүйемелдеу мен ақпараттандыру жөніндегі қызметтер үлкен сұранысқа ие екені белгілі болды. Бұл мәселені біздің негізгі тапсырыс берушіміз – Ұлттық экономика министрлігімен талқылап, алдағы уақытта қызмет түрлерін толықтыруға келістік. Жалпы айтқанда, палата өкілдері үнемі ізденіс үстінде жүреді. «Келешекте қай бағытта дамуымыз керек? Кәсіпкерге сервистік қолдау көрсету жұмыстарын заман ағымына сай қалай жетілдіре аламыз?» - деген секілді сауалдар бізді ылғи толғандырады. Кәсіпкерлерді қолдау және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының «бір терезе жүйесімен» қызмет көрсетуі аса маңызды. Яғни, кәсіпкер өзіне керегінің барлығын бір жерден таба алуы тиіс. Бұл үшін Ұлттық палатада бизнесті дамытудың өңірлік картасы әзірленді. Аталған карта еліміздің кез келген өңіріндегі кәсіпкерліктің даму деңгейімен қатар инвестиция салуға болатын саланы да анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, отандық тауарды тиімді өткізуге болатын нарықты анықтап, жол сілтейді. Дәл қазіргі уақытта нарықты дұрыс таба білу аса маңызды екені сөзсіз.

- Әңгімеңізге рахмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер