astana-view

Алмас Исабеков: Кәсіпкерлік сауаттылық – заман талабы

2016 жылғы 16 Ақпан
7066 просмотров

Бүгінде бизнес-тренинг және коучинг өте өзекті болып отыр. Себебі, бизнесті дамыту жан-жақтылықты қажет етеді. Ал, бизнес-тренигтер арнайы қаржылық мамандығы жоқ жандар үшін таптырмайтын білім көзі. Сондықтан тренингтер трендке, тренд бизнеске айналып барады. Осы мәселе төңірегінде бес бірдей бизнесті дөңгелетіп отырған кәсіпкер, белгілі бизнес-тренер Алмас Исабековпен сұхбаттасқан едік... 

Алмас мырза, бизнес-коучинг саласына қалай келдіңіз?

– Мен 2008 жылдан бастап бизнестің түрлі саласында, үлкенді-кішілі компанияларда жұмыс істедім. Басшылық қызметтерін де атқардым.  Қазіргі таңда  бес  бизнесті дөңгелетіп отырмын. Сондықтан, бұл салада тәжірибем көп деп айта аламын. Ал, білген-түйгенімді өзгерелерге де үйретіп, тәжірибе бөлісу үшін, бір жағынан коучты қажет ететін жандарға көмектескім келді. Солайша соңғы алты жыл ішінде бизнес-коучингпен айналысып келемін.    

Қазіргі таңда, бизнес-тренингтер, коучинг трендке айналып барады. Ал сіз бизнес-тренингтерді қай бағыттарда жүргізесіз?  Және қандай ерекшелігі бар?

– Менің негізгі бағытым – ел азаматтарына қалай бизнес бастауға болатынын көрсету.  Ең бастысы, адамның кәсіпкер болсам деген ниеті болуы керек. Ал ары қарай нарықтағы сұранысты ескере отырып, саланы бірге таңдап, ментор, яғни нұсқаушы болуға көмектесеміз. Сонымен қатар, қазіргі таңда интернет қарқынды даму үстінде. Тренингтер барысында өз кәсібіңізді интернетте қалай дамытуға болатынын да қамтимыз.  

Жалпы, сіздің қызметіңізге кімдер жүгінеді?

– Тренингтерге кәсіпкерлікті бастаушылар, яғни стартапшылар келеді. Ең алдымен, оларға бизнестің негізгі тетіктерін үйретіп, жалпылама базалық білім береміз. Кейбір мәселелерді  өз тәжірибеме сүйене отырып, кейстік әдіспен түсіндіремін. Өзім бизнес жасап отырған салаларға, яғни тіл курстары, клининг, қонақүйлерді броньдау, интернет-бизнес саласына қызыққан адамдарға өзім тәлімгер болуға тырысамын. Жас стартапшылардан басқа, жылдар бойы қызмет істеген саласын тастап, кәсіпкерлікке келіп жатқан үлкен кісілер де бар. Шығынға ұшыраған кәсіпкерлерде де кездеседі. Оларға бизнес-жоспарды құрудан бастап, бизнестің көркеюіне дейін көмектесе аламыз. Құқықтық қызметтер керек болса, ол жағынан да мамандарымыз бар. Пайдалы байланыстар орнатып, инвестиция тартып, коммуникациялық аясын кеңейту де қарастырылған.    

Ал, дағдарыс жағдайында қалай кәсіп ашуға болады?

– Дағдарыста қандай бизнес түрлері шыдас бере алады? Дұрыс стратегиялық жоспары бар, тұтынушылармен дұрыс жұмыс істей алатын, маркетингі жақсы дамыған кәсіпорындар дағдарысқа қарамастан дами береді. Сондықтан, дағдарыстан қорқудың қажеті жоқ. Бастысы, бизнестің алгоритмдерін дұрыс жасаса болғаны.

Қазақстанда бизнесті дамытуға қандай факторлар кедергі келтіреді?

– Қазақстанда бизнес ашуға кедергі келтіретін бірден-бір фактор – кәсіпкерлік сауаттылықтың төмендігі. Жыл сайын банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың 80%-ы сауаттылықтың қажетті деңгейде болмауынан құлдырайды, ал бес жыл ішінде ашылған бизнестің 95%-ыда қажетті білімнің жоқтығынан жабылады.  Демек,  дұрыс бизнес-жоспардың жоқтығынан немесе әлсіздігінен, бизнес саласын дұрыс таңдамағандықтан, тұтынушылармен жұмыс жасамағандықтан жабылып қалады. Кәсіпкерлік сауаттылық – заман талабы.

Ал, қазіргі уақытта ең сұранысқа ие бизнес түрі қандай?

- Қазіргі кезде интернет қарқынды дамып келеді. Кез-келген тауарға, қызмет түріне интернет арқылы тапсырыс жасауға болады. Бұл жүйе шетелдерде керемет дамыған. Біздің елге енді келіп жатыр. Осыған байланысты, интернет-бизнесті үйренуге деген халықтың сұранысы жоғары. Бұл әрі тиімді, әрі қаржысы көп сала. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер