astana-view

Қателік түзетілді

2016 жылғы 29 Наурыз
- Қостанай облысы
11864 просмотров

«ЖерҒӨО» РМК қызметкерінің қателігінен қостанайлық фирманың жер үшін төлейтін салығы он бір есеге артқан

Орын алған қателікті жөндеу үшін компанияға Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура органдарының көмегі қажет болған.

2008 жылы «Афина Паллада» ЖШС Қостанай ауданындағы елді мекендерден тыс жатқан өнеркәсіптік мақсаттағы жер телімін сатып алады. Былтыр фирма өндірісті оңтайландырмақ ниетпен жерді екі бөлек телімге бөлмекші болған. «ЖерҒӨО» РМК-да кәсіпкерге жаңа актілер берілген, алайда жер категориясына «елді мекен жерлері (қалалар, ауылдар және ауылдық елді мекендер)» деп белгілеп жіберген. Нәтижесінде, жер салығы мөлшері өзгерген. Мұны кейін серіктестік анықтаған. Бұрынғы  9 142 теңгенің орнына компания 100 633 теңге төлеуі керек болған.

ЖШС өкілдері қатені жөндеуді талап еткенімен, РМК маманы жер категориясын әкімдік анықтайды деген сылтаумен одан бас тартады. Ал әкімдік болса, жер қатынастары бөлімі әрқашан РМК деректеріне сүйенеді деп керісінше айтқан. Ақыр соңында фирма Кәсіпкерлер палатасына келіп жүгінген.  

«Біз жағдайды мұқият тексеріп, кәсіпкер құқығының аяққа тапталғанын анықтадық. Ауыл аумағынан тыс жатқан жер телімі әу бастан-ақ елді мекен жерлері категориясына жатпайды. Аудандық прокуратураға хат жолдадық. Қадағалау орган қызметкерлері «ЖерҒӨО» РМК филиалының атына ықпал ету актісін жасады. Нәтижесінде ЖШС бұрынғы категорияда жаңа мемлекеттік акт алып, қосымша қаржылық шығындарға ұшырамайды», – деді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әнуар Қожахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер