astana-view

Жеңілдетілген бағадағы дизельді отын ауылдықтар үшін бұрынғыдан да қолжетімдірек бола түсті

2016 жылғы 31 Наурыз
- Шымкент қаласы
18347 просмотров

ӨКП-нің арқасында дизельді отынды үлестіру процедурасы өзгеріп, операторды іріктеу өлшемдері жасалды

Ауыл шаруашылығы өндірушілерін тұрақты мемлекеттік баға бойынша дизельді отынмен дер кезінде қамтамасыз ету мақсатында ОҚО Кәсіпкерлер палатасы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Жанар-жағар май»  көлік жанармайын құюшылар қауымдастығымен бірлесе отырып, ағымдағы жылдың қаңтар айында дизельді отынды үлестіруді реттеу және операторды іріктеу өлшемдерін жасау жұмысын қолға алды. Субсидияланған дизельді отынды үлестіру ісінде осы жылы қандай өзгерістер болғандығы жайлы ОҚР КП Жобаларға қолдау көрсету бөлімінің бастығы Қанат Шалимбетов кеңінен тарқатып берді.

– Өткен жылдың өзінде-ақ Палата жанындағы АӨК Комитетіне ауылдықтардан тұрақты баға бойынша дизельді отынның қолжетімсіз болып отырғандығы жайында шағымдар көптеп түскен болатын. Ауыл тұрғындарымен көптеген кездесулер ұйымдастырылып, сол кездесулер кезінде олар өздерінің бірнеше жыл бойы өздеріне арзандатылған жанармайдың бөлінуін ұзақ уақыт күтіп, мерзімі келген соң қолдарын бір сілтеп, дизельді отынды нарық бағасымен сатып алуға мәжбүр болатындықтарын айтып шағымданды. Ауыл адамдарының арыздары мен шағымдарын зерделей келе, мәселенің мән-жайы анықталды: жеңілдікпен берілетін жанармайды үлестіру жүйесі тиімді емес!

– Бұл жүйенің мәні неде?

– Жанармайды үлестіру тәртібі турасында қысқаша айтсақ: алдымен арзандатылған жанармайды бейіндік министрлік өңірлердің жергілікті атқару органдарының өтінімдері негізінде қалыптастырылатын мұқтаждықтарына қарай өңірлер бойынша үлестіреді. Әрі қарай үлестіру эстафетасы әкімдіктерге өтеді: әкімдер арзандатылған жанармайды өңірлерге жеткізетін операторларды тағайындайды. Тұтастай тізбектің ең жанды жері, ең үлкен сыры да осы жерде жасырынған.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы екі жыл бойы бейінді құрылымдардан соған сәйкес оператор анықталып, жанармай үлестірілген айқын регламентті талап еткен. Алайда ешбір жерден жауап ала алмаған: толыққанды іріктеу өлшемдерін қайдан табуға болады және қатысуға қажетті құжаттар тізбесі қандай? Сондықтан ОҚО Кәсіпкерлер палатасы өз алдына мынадай мақсат қойды: адамдар кімге, қанша бөлінгендігін және кімге қандай мөлшерде берілгендігін көру үшін, операторларды іріктеу механизмінің ашықтығын қамтамасыз ету керек. Ең алдымен біз облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Жанар жағар май»  көлік жанармайын құюшылар қауымдастығымен күш біріктіре отырып, операторларды іріктеу комиссиясының жұмысы туралы ережені жасап шығардық, ЖЖМ үлестіретін әлеуетті операторларды іріктеу өлшемдерін анықтадық. Бұрын бұндай ереже болмаған.

– Комиссия  бұл ұсыныссыз қалай жұмыс істеген?

– «Жанар жағармай» қауымдастығының кеңестері негізінде жұмыс істеген. Яғни, оның өкілдері белгілі бір операторларды ұсынады, ал әкімдік қарастырып, шешім қабылдайтын болған. Жоғарыда атап өткенімдей, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен ауылға жанармайдың жетпейтіндігі жайлы көп шағым түсетін. Әрине, ірі шаруа қожалықтарының мұнай базасына барып, сол жерден өздері жанармай әкелу мүмкіндіктері болған. Алайда, кішігірім қожалықтарда ондай мүмкіндік бұйырмаған, себебі жүріп өтетін жол пайданы тұтастай «жұтып» қоятын болған. Жекелеген аудандар жанармайдың қажеттіліктің тек 30 пайызын ғана қамтитындығы туралы шағым келтірген. Осындай қателіктерге қайтадан жол бермеу үшін, ОҚО Кәсіпкерлер палатасы тамыз айында-ақ операторлардың жауапкершілігін арттыру және  жеңілдікті дизельді отынның әрбір шаруашылыққа жетуін, бұл ретте операторлар мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ететін механизм жасап шығару туралы бастаманы алға тартқан. Бірақ ол уақытта ауыл шаруашылығы басқармасы бізге құлақ аспады. Жиналыстар да олардың қатысуынсыз өтті. Осы жылы Палата және Жанар жағармай қауымдастығының өкілдері аталған комиссия құрамына енгізілді.

– Сіз Палата өкілі ретінде аталған комиссия құрамында немен айналыстыңыз?

–  Біз операторлардың қаржылық жағдайын, олардың қабілеттерін, белгілі бір ауданда инфрақұрылым мен ЖЖС-ның болуын қарастырдық, жанармайды төмен бағада сатып алу және тиісінше оны жеткізу мүмкіндіктерін назарға алдық. Кәсіпкерлердің іскерлік беделін де ескердік. Аталған барлық өлшемдер негізінде бірқатар операторларды белгілеп, оларды бекітуге ұсындық. Бүгінде олар өз жұмыстарына кірісіп те кетті. Ауылдықтардың жеңілдетілген бағадағы жанармайға қолдары жетті.

–  Олар дизельді отынды қандай бағамен алады?

– Дизельді отынның бір литрінің шекті бағасы 85 теңгені құрайды. Бұл – олар жанармайды жанармай құю станциясынан әкететін жағдайда белгіленген баға, ал шаруалар мұнай базасының өзінен, яғни қоймадан шығаратын болса, баға аудандағы нарыққа сай өзгеретін болады.

Операторлар саны қалай өзгерді?

–  Олардың саны артты. Егер бұрын тұтастай облыс бойынша 11 оператор болса, осы жылы олардың саны 17-ге жетті.

Демек кейбір аудандарда бірнеше оператордың болғаны ғой?

– Бұрын, негізінен, оларда жанармай құю станцияларының болуына қарамастан, ірі операторлар, яғни көпшілігінің базалары облыс орталығында орналасқан ірі көтерме саудагерлер жұмыс істейтін. Олар тауарды үлкен партиялармен әкеліп, шаруаларға партияны тұтастай сатып алу туралы талаптар қоятын болған. Алайда ұсақ шаруа қожалықтарының бұндай мүмкіндіктері болмады. Операторлар санының артқандығымен қоса, енді бұл процесске ірі жеткізушілерден бөлек жанармай құю станцияларының жергілікті желілері де қатысады. Алыстан әкелетіндер үшін жанармай құю станцияларымен күні бұрын келісіп, сол жерде сату туралы шарттар қойылған.

– Сол бұрынғы тұрақты баға бойынша ма?

– Әрине, 85 теңгеден аспайды. Бәрімізге белгілі, осы жылы өсімдік шаруашылығына қатысты көптеген субсидиялар алынып тасталды. Сондықтан ЖЖМ қолжетімділігінің маңызы артты. Шаруалар үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қандай да бір көмектің рөлі зор және біз оларға осындай жағдай жасадық. Сонымен бірге, біз жанармай қолжетімділігінің мониторингін алдын-ала қарастырып, ол үшін әр ауданда құрамына Кәсіпкерлер палатасы филиалдарының директорлары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдері, ауылдық округтер әкімдіктерінің өкілдері кіретін топтар құрдық.

– Облысқа бөлінетін жеңілдікті дизельді отынның көлемі өзгерді ме?

– Жоқ. Жыл сайын ол шамамен бірдей – ОҚО бойынша көктемгі егіс жұмыстары үшін 35-38 тонна.

– Сіз өз сөзіңізде Палата жанынан құрылған АӨК Комитетінің арқасында ауылдықтар үшін жеңіл бағадағы дизельді отынның қолжетімділігі мәселесі шешіле бастағандығын атап өттіңіз. Комитеттің көмегімен тағы қандай мәселелер шешімін тапты?

– Халқының жартысынан астамы ауылдық жерлерде тұратын ОҚО экономикасы құрылымында аграрлық сектордың елеулі үлесінің бар екендігін ескере келе, ОҚО Кәсіпкерлер палатасында екі жыл бұрын Агроөнеркәсіп кешені комитеті құрылған. Комитет құрамына облыстағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының, салалық қауымдастықтардың және ғылым өкілдері кіреді. Отырыстарда олар мемлекеттік мекемелермен және өзге де барлық мүдделі тараптармен ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін талқылап, нормативтік-құқықтық актілер жобасына сараптамалық қорытындылар ұсынады.

Мәселен, өткен жылы «Мақта саласын дамыту туралы» заңның шектеуші нормаларын алып тастау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтініштеріне сәйкес инвестициялық субсидиялау, ауыл шаруашылығы өндірушілерін Арыс-Түркістан магистральды каналдарынан суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешкен. Бүгінде мақта талшығы бойынша трансферттік баға белгілеу әдіснамасын бекіту мәселесі шешілу үстінде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер