astana-view

Кәсіпкерлер «Атамекенге» арқа сүйеп отыр

2016 жылғы 15 Маусым
2924 просмотров

ҚР Бас прокуратурасында «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» тақырыбында өткен кеңесте белгілі қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов осындай ойын жеткізді.

«Елбасы тапсырмасына орай атқарылып жатқан нақты шараларды біз құптаймыз, қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгінгі жиында көтерілген мәселелер шалғай елді мекендерде орындалып, халыққа жетсе, сол қуаныш және нұсқаулардың басым бөлігі жүзеге асатынына нық сенімдімін. Ол үшін салықтық базаны күшейтіп, белсенді азаматтарды жан-жақты демеуіміз керек. Байқағаным, кеңеске жиналған кәсіпкерлер естігендерін мақұлдаумен болды. Себебі ешкім кәсібін тоқтатып қойып, сотқа сабылғысы, уақытын өзін ақтаумен өткізгісі келмейді. Егер әкімшілік қысым азайса, біздің бизнестің де сапасы өзгеріп, бұқараның жаңа белестерді бағындыруға құштарлығы оянар еді», - деді Бас прокуратура жанындағы Консультативтік кеңес төрағасы.

Оның сөзінше, қадағалаушы органның бизнеске қамқорлығы да біраз түйткілді тарқатуға септігін тигізеді. Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған игілікті істерге қарапайым қазақстандықтардың, ауылдағы ағайынның көзқарасы жылы.

«Өңірлерге шығып, кездесулер ұйымдастырғанда, көп жерлерде отандастарымыз «Атамекенге» арқа сүйеп отырғандарын айтады. Сондықтан баяндамашылардың деректерін зор ықыласпен тыңдадым. Алдағы уақытта мұндай форумдарды тұрақты өткізсек, нәтижесі де ұзақ күттірмес еді. Өйткені қоғамда бизнес-қауымдастық үлкен күш саналады. Баршаға пайдалы жұмысқа бірге жұмылайық!» - деп жемісті ынтымақтастыққа шақырған Қуаныш Сұлтанов Бас прокуратура мен «Атамекен» ҰКП және «Нұр Отан» партиясының тың бастамасына табыс тіледі.

Аталған «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» форумында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірқатар ұсыныстар енгізді. Мәселен,  Қылмыстық кодекстен 215 бапты (жалған кәсіпкерлік) алып тастау ұсынылды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер