astana-view

Төлеутай Рақымбеков: «Шаруалар өндіріске жаңашылдықтарды енгізуден қорықпауы керек»

2016 жылғы 08 Тамыз
13011 просмотров

Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Агробіліктілік орталығы құрылып, ауылдағы ағайын, оның ішінде шаруа иелері агробизнесті тиімді жүргізу қағидаттарына оқытылуда. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) субъектілеріне саладағы тың инновациялармен танысу мүмкіндігі туындауда. Орталық директоры Төлеутай Рақымбековтен ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер бойынша аталған көкжиекті кеңейту қадамдары жайлы сұрап, білдік.

- Төлеутай Сатайұлы, өзіңіз Ауыл шаруашылығы министрлігінде ұзақ жыл еңбек еттіңіз, елдегі бірнеше даму институтын құруға тікелей мұрындық болдыңыз. Экономика ғылымдары докторы мәртебеңіз тағы бар. Осы орайда қолға алынып отырған ауқымды істің маңызы жайлы не айтасыз?

- Қазіргі уақытта Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімі өндірісімен 217 мыңнан астам құрылым айналысып жатқан болса, олардың басым бөлігінде арнайы білім қоры жоқ немесе кәсіби дағдылары тек тар ауқымдағы бағыттарға арналған. Сондықтан «Агробизнес-2020» бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі, пайдалы білім тарату жүйесін дамыту болып саналады. Бағдарлама аясында барлық агроөнеркәсіп кешені тармағы бойынша оқуды өркендетіп, сол арқылы аймақтардың түгелінде тәжірибелік сабақтарды, кеңес берулер мен әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ету көзделуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылдың 17 қаңтарында халыққа жасаған Жолдауында да агроөнеркәсіпті инновациялық рельстерге ауыстыру қажет екені атап өтілген.  

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет нәтижелеріне төте қолжетімділігін қалыптастыру, озық үлгілі технологияларды ауыл өміріне жеделдете енгізу мұраттары аясында нақты әрекеттерге мұқтаждық сезілді. Міне, осы сәтте, «Атамекен» ҰКП-ға шағын, орта және ірі бизнес мүддесін қорғап, күнделікті жұмысында кәсіпкерлікті толық қамтитынын, кадрларды дайындау мен қайта даярлауда, біліктілігін көтеруде, сертификаттау мен аттестаттауда тәжірибе жинақтағанын және де жан-жақты өңірлік желі мен жоғары құзыреттілікке ие екенін ескеріп, АӨК саласында тиімді білім беру жүйесін түзуге қатысты мемлекеттік тапсырма жүктелді. Осыған байланысты, Палата жанынан алдыңғы қатарлы шешімдерді жүзеге асыру үшін Агробіліктілік орталығы дүниеге келді.

- Басты міндеттеріңіз ретінде қандай белестерді бағындыруды айқындап отырсыздар?

- Агрокәсіпкерлердің кәсіби шеберлігін шыңдауда курстар ұйымдастырып, табысты технологияларды АӨК субъектілерінің тәжірибе жүзінде қолдануы жөнінде оқу бағдарламалары мен әдістемелерін жасауға ден қоймақпыз. Осымен бірге, АӨК субъектілерін дер кезінде ақпараттандырып, кеңес беру, нарықты талдау мен зерттеу, тәжірибе алмасуға шетелдік сарапшылар мен мамандарды тарту, бұлардың жемісінде нақты ұсынымдар әзірлеу назарда ұсталады. Мәселен, биыл, елдегі мақтаулы шаруа қожалықтарында 25 бағыт бойынша 666 семинар өткізу межеленуде екені, 10 мыңға жуық ауыл бизнесмені қамтылатыны атап өтерлік жайт. Шілде айының аяғына дейін, батыстағы Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарын қоспағанда, еліміздің барлық аймағында дерлік, 110 семинар өткізіп үлгердік.

Бүгінгі таңда біздің мекеме семинарларға әдістемелер қарастырып, фермерлерге ақпараттық-талдамалық портал іске қосылуда. Бұл сайт беті шетелдік және қазақстандық сарапшылар блогтарына, жобалар дәріскерлеріне толы болып, тыңдаушылардың сарапшылар мен дәріскерлерді бағалау мүмкіндігінен, вебинарлар мен онлайн кеңес берулер өткізуден, хабарландырулар мен форумдар бөлімінен, сондай-ақ АӨК басым бағыттары бойынша 25 модульден тұрады деп күтудеміз.  

- Өрісі кең, берері мол сарапшылар шаруа қожалықтарына барып, жергілікті жерде білгенімен бөліседі ме?

- Ортақ іске жұмылдыру мақсатында 25 қазақстандық және Германия, Франция, Сербия, Австралия, Ресей, Украина, Канада елдерінен 25 шетелдік сарапшы іздестіріліп, іргелі шаруа қожалықтарымен келісімдерге қол жеткізілді. Агробіліктілік қызметінің «Атамекенге» берілуі нәтижесінде кәсіпкерлер оқыту сабақтарына да, тыңдаушы ретінде де көптеп тартылуда. Кәсіпкерлердің өңірлік палаталары семинарды өткізу орнын дайындауға, түскі ас пен көлікті жалға алуға көмектеседі. Әр аймақ пен қызмет бағытына, тақырып ауқымына қарай оқу семинарлары 5 күнге дейін созылып, әрқайсына жеке әдістемелер қарастырылады. Мысалы, салалық қауымдастықтармен ақылдаса, шаруалардың өз пікіріне мұқият құлақ аса отырып, семинарлар батыс пен Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында түйе шаруашылығы, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан сынды солтүстік аймақтарда негізінен егін және мал шаруашылығы, күріш өсіру туралы Қызылорда, бал арасы мен марал шаруашылығы Шығыс Қазақстан облысында өткізіледі дегендей кете береді. Қысқа уақыт аралығында бар білімді сарқа беріп кету мүмкін болмағанымен, инновациялық сұрыптар мен тұқымдар секілді маңызды сұрақтарға жауап табылады деген үміттеміз. Жаңа технологияларға шығынданған кәсіп иесі, тегін бюджеттік семинардан экономикалық тиімділік, мемлекеттік қолдау, ауыл шаруашылығы кооперациясы іспетті 3 қызмет қырының бүгінгі бет-бейнесін терең ұғынып, ақпаратқа ие болып қайтуы керек. Осы орайда шаруалардың өздеріне, ауыл халқына бірігіп, Ресейдегідей несиелік серіктестіктер құруды ұсынбақпыз. Семинарлардың теориялық бөлігінде озық технология-әдістерді кәдеге жаратудың тәртібі мен әрекет етудің жалпы ұстанымдары байыпталатын дәрістер тыңдаушыларын ұйытып, тәжірибелік қырында көріп-білген, ойға түйген жайттарды дербес қолдана алу мәселесіне күш салынбақ.

- Қандай тақырыптар оқытылады?

- Оқытылатын тақырыптарға агроөнеркәсіп кешенінің барлық негізгі бағыттары кіреді: 1) ауыл шаруашылығындағы технологиялық дүниелер, өсімдік және мал шаруашылығы, өнімді қайта өңдеу, жермен жұмыс, сәйкесінше Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамыту; 2) кәсіпорынды басқарудан, қаржылық жоспарлау мен баға қалыптастырудан, тауарды өткізуден, бизнес-жоспарлаудан, тәуекелді бағалаудан тұратын аграрлық менеджмент, кооперация, мемлекеттік қолдау түрлері; 3) ғылыми зерттеулер жемісін іс жүзінде енгізу мен озық технологиялар трансферті, коммерцияландыру мен инновацияларды қолданудағы отандық тәжірибені тарату және тағы басқалары. Бұның бәрі АӨК субъектілерінен тікелей жинақталған деректерді зерделеуден туындаған ойлар.     

- Жайқалып келе жатқан егінді баптап, мал жаюдан, қора-қопсы мен үй-жайды қысқа дайындаудан, басқа да қыруар шаруадан қолы босамайтын, көбіне шалғай жерлерде жүретін, алыс елді мекендерде тұратын ауылдағы отандастарымыз қайда хабарласарын білмей, өзіне керекті семинарларды өткізіп алмайды ма?

- Бұл мәселе бізді айрықша толғандырып, нәтижесінде АӨК субъектілері үшін саll-орталықтың тұсауы кесілді. Барлық қызығушылық танытқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен фермерлер 59 79 60 телефонына қоңырау шалып, тәулігіне 24 сағат үздіксіз емін-еркін мазалаған сұрағына жауап ала алады. Қоңырау шалу тегін әрі нөмірді Астана қаласының кодынсыз терсе болады. Алматы халқы басында 2 санын қосса болды, байланысқа шығады. Семинарлар өткен соң да фермерлер қауымымен ұдайы қарым-қатынаста болмақпыз.   

- Шараларды дәл де тиімді атқару қиынға соқпайды ма?

- Жоба аясында, шаруаларға кеңес беру жоғары білікті сарапшылардың аймақтардағы шаруашылықтарға ат шалдыруы, АӨК субъектілерін алаңдатқан кілтипандарды орнында шешу мен қазіргі заманғы технологияларды енгізуге жәрдемдесу, интернет портал мен саll-орталық арқылы байланысқа шығу сияқты санқилы жолмен жүргізіледі.  

Мәселен, өсімдік шаруашылығындағы ағарту семинарларында тыңдаушыларға ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру науқанының өне бойында технологиялық әрі сервистік сүйемелдеу, яғни астықты, көкөніс пен жеміс-жидекті күтіп-баптау, іріктеу, егіс айналымы, қорғау мен сұрыптау тұрғысында толыққанды мағлұмат беріледі. Мал шаруашылығынан сауаттандыруда өндірісті жаңғырту, жем-шөп қорын қалыптастыру, төрт түлік азығы, оларды емдеу мен сырқаттардың алдын алу тәрізді көптеген мағлұматтар санаға сіңіріледі деген сенімдеміз.

- Болып өткен семинарлар қорытындысын келтіре кетесіз бе?

- Таяуда «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев қатысқан, Астық шаруашылығы институтының ағарту орталығы мен «Новокубанское» ЖШС ауқымында ұйымдастырылған семинарда, биостимуляторларды өсімдік шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға қолдану жайы талқыға салынды. Бұл стимуляторларды қуаңшылыққа немесе  жаңбырлы ауа райына байланысты әркелкі пайдаланса болады. Қызылордада сыналмақ күріш дақылын суарудың автоматтандырылған жүйесі, су шығынын 30-35 пайызға азайтып, реттеуге септігін тигізбек. Мұндай технология қанша текше метр ылғалды үнемдейді десеңізші! Ал мал шаруашылығындағы жайлы жағдай үй жануарының қоңды, күйлі болуына тікелей әсер ететіні даусыз. Мәселен күйзеліске ұшыраған құстың грамдап болсын, салмақ жоғалтуы тез жүреді. Ірі қара малды жақсылап бордақыласа, күніне 1,5 килограмға семіреді. Жайылым жерлерді бірнеше телімге бөліп тастап, судағы жел қондырғысынан таралатын электр қуаты сымымен қоршаса да тиімділікті көтеріп, қауіпсіздікті күшейтпек. Бау-бақшада жайқалған алма ағаштарының тым биікке өспеуі де өнімділігіне, оларды күтіп-баптауға ықпал етпек. Неге денсаулыққа аса пайдалы шұбат пен қымызды сиыр сүтіндей ұнтақ түрінде кептіріп, қашықтық жерлерге апармасқа?! Осындай жаңашылдықтарды шаруаларға қорықпай өндіріске енгізу керектігін түсіндіре білсек, бұның өзі үлкен жетістік.

- Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер