astana-view

Рустам Жүрсінов: Апелляциялық комиссияның кем дегенде 30% құрамы кәсіпкерлер болатыны көзделуде

2016 жылғы 28 Қазан
11086 просмотров

Бизнеске «Атамекен» мен прокуратура көмекке келуге әзір

Бүгінгі таңда отандық бизнес-орта үшін ең өзекті мәселелердің қатарында тұрған әкімшілік кедергілерді азайту, жалған кәсіпкерлік сияқты аса маңызды жайттармен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы күнделікті айнасылып, ерекше назарда ұстауда.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновпен сұхбатымыз осы шешімін күткен келелі дүниелер жайында өрбіді.

-Рустам Манарбекұлы, бірден төтесіне көшсек, бүгінде шын мәнінде кәсіп иелерін тексерулер азайды деп айта аламыз ба?

-Жалпы бұл жұмыс біраздан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқандықтан, нақты нәтижелер бар десек, қателеспейміз. Мәселен, қазіргі уақытта, рұқсат беру құжаттарының саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қысқарды. Ал бұл бақылау-қадағалау қызметтерінің ықшамдалғанына айқын дәлел. Мысалы, кезінде 1115 рұқсат беру-хабарлау түрлері болса, бизнес-ахуалды түбегейлі жақсартуға қатысты бірнеше заң жасалған соң, Ұлттық палатаның белсенді атсалысуымен Үкімет 3 жыл аясында лицензиялар көлемін 72 пайызға төмендетіп, 310-ы ғана қалды. Бұл деректі биыл «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы да келтірді. Аталған жетістік ұзақ жылғы тыңғылықты әрекеттердің, өнімді еңбектің жемісі. Өткен жылы Кәсіпкерлік кодексі қабылданса, осы жылы кәсіпкерлерді тексеру үдерісін жүйелендіріп, реттеу жайы тұжырымдалды. Себебі бизнесмендерге көптеген мемлекеттік мекемелердің талабына жедел жауап қатуы қиынға соғады. Сондықтан тексерулерді ортақ арнаға тоғыстырып, тәуекелдерді басқару, тексеру парағын қалыптастыру, прокуратура органдарында тіркету тәрізді бағыттарды бірыңғай тәртіпке түсіруге қол жеткіздік. Әрине кейбір өзгешеліктер бар. Бірақ жоспарлы, жоспардан тыс, арнайы сүзгіден өткізу іспетті бизнеске мемлекеттің араласуын бәсеңдете білдік. Құзырлы тараптардың тексеріске шығуына кәсіпкер жұмысына тұтынушының шағымдануы, тамақтан улануы секілді елеулі кемшіліктер ықпал етуі тиіс. Әйтпесе билік өкілдерінің бизнес өкілін қыспаққа алып, жөнсіз мазаламағандары абзал.     

-Бүгінгі таңда қандай мәселелерге көңіл бөлген дұрыс деп ойлайсыз?

-Қазір біздің күнтәртібіндегі міндеттерге көзқарасымыз басқаша қырдан соны түзілуде. Кәсіпкерлерді қолдау мазмұнына үңіле түсіп, олардың мүддесін құқықтық қамтамасыз ету жағын жаңғыртуға кірістік, яғни бизнесмендерге қойылатын талаптардың қисындылығы қандай деген сауал қызықтырады. Талдау барысында байқағанымыз, жобалап алғанда, кәсіпкер 28 мың қағидадан ауытқымауы керек екен! Барлық талаптарды орындау мүмкін емес, оған тырысқан адам шаш-етек шығынға бататыны даусыз. Осы орайда екі саланы, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі қызметтерін жіті таразылауды ұйғардық. Содан алғашқысында қоғамдық тамақтануда тортты кесіп сатуға тыйым салған, жұмыртқаны темір пышақпен жару, балабақша қоймасының ғимараттың солтүстік-шығыс бөлігінде болуы сынды күлкі шақыратын ерсі шарттарға жолығып, Бас прокуратура мен Ұлттық экономика министрлігі сарапшыларымен бірге талқылауларды, ведомствоаралық жұмыс топтары отырыстарын қолға алдық. Мұқият қарай келе, талаптардың 80 пайыздайын алып тастаған жөн екеніне тоқталдық. Өйткені мемлекет ең бірінші кезекте тұтынушының қауіпсіздігін қамдап, сапа ұғымы бәсекелестік нарықта жеңіп шығуы қажет. Бір ғана мысал, қоғамдық тамақтану қауіпсіздігінде дәйексіз міндеттеулердің 310-нан 246-сын, сауда орындары нысандары бойынша 207-ден 158-ін қысқартуды ұсындық.  

-Келесі жылға басымдықтардан бөліссеңіз...

-Алдымыздағы жылы да ауқымды істер күтіп тұр. Техникалық стандарттар мен регламенттерге, өнеркәсіптік қауіпсіздік жайын саралауға ден қойып, талаптарды ревизиялауды әрі қарай жалғастырмақпыз. Ұлттық палата алдын ала бекітілген әдістеме арқылы бәрін тереңінен талдауда екенін атап өткен ләзім. Қауіпсіздік пен ішкі бақылау, ескіргені мен қайталау – түгелі ажыратылып, артығынан тазартылуы тиіс. Біздің пікірімізше, әр мемлекеттік мекеме өз рөлін айқын түсінсе жақсы болар еді. Мысалға Астанадағы Қазақстан агротехникалық университеті 8 корпусы (объектісін) бойынша жекелей әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Кәсіпкер тексеру келгенде қорқып, абдырап қалмай, оның тағайындалу заңдылығын бажайлап, сұрақ туындаса, жекеменшік мүлікті қорғау мақсатында «Атамекендегі» арнайы жедел желіге тікелей қоңырау шалып, прокуратураға хабарласқаны жөн. Бірден ол жаққа шұғыл топ аттанып, құқықтық тұрғыда сүйемелдейтін болады.

-Кәсіпкерлерді қылмыстық жазалау шараларын қалай жеңілдетуге болады?    

-«Атамекен» ҰКП Бас прокуратурамен бірлесе дайындаған Жол картасында қылмыстық қудалуды тетіктерін оңалту турасында 116 шара көзделген. Мәселен, бір кәсіпкер келісімшарт бойынша қарызы бар екіншісінің алаяқтығы жайлы полицияға арыз жазса, аталмыш шағым түрлерінің сот шешімінсіз қабылданбауы керектігін келістік. Өйткені бұл азаматтық дау шеңберіндегі нәрсе. Тағы бір маңызды жайт, ағымдағы жылдың он айында жалған кәсіпкерлік жөнінде 150-ден астам шағым түсті. Жалған кәсіпорындар шартты жазамен немесе айыппұлмен құтылып, контрагенттер зардап шегуде. Әйгілі Минаков ісін білесіздер. Әлеуметтік жанармай операторы ретінде белгіленген ұйым әрекеті салдарын 300-ден контрагент сот үкіміне ілігіп кете берді. Сәйкесінше кәсіпкерлер наразылық танытты. Содан бұл істерді қайта қарауға жіберуге қол жеткіздік. Негізі бірінші салық орындары тексеріп барып, салық төлеуден жалтару дерегі расталса, 245-бап бойынша іс қозғалуы керек. Мемлекеттік кірістер комитеті де бұны құптап отыр. Соның өзінде, салық төлемегені әшкере болса, дегенмен шығын орнын толтырса, бірінші рет ескертіп барып, екінші рет одан тыйылмай құрыққа іліксе, қатаң жазалау әділ болар еді. Кез-келген компанияны құжаттарын алып қою үлкен күйзеліске, шығынға ұшыратары сөзсіз. Бұл ретте тергеу уақытын көп дегенде бір аймен шектеп, құжаттардың көшірмесін жасауды қамтамасыз етуді талап етудеміз.

-Бизнес пен бизнес мүддесі қақтығысқа түссе ше?

-Бұл жерде медиация, бітімгерлік үрдісі керек. «Атамекендегі» төрелік орталық (арбитраж) дауды сотқа жеткізбей тез әрі оңай, тиімді шешіп, жемқорлықтың жолын кеседі. Мысалы өткен жылы тауарды жеткізу, қызмет көрсету, жұмысты орындау сияқты шаруашылық саласындағы 26 түсініспеушіліктің бәрі оң шешімін тапты.

-Қаржы министрлігі жанынан құрылудағы апелляциялық комиссияның мән-жайына қанықтырсаңыз...

-Мұндағы гәп сонда, тексеруші тараптың шағымды да өзі қарауы ақылға сыймайды. Сондықтан қос жақтың кереғарлығын ушықтырмай, қоғамдық бақылауды күшейту мұратында кеден, салық, экологиялық бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет дауларын сараптайтын апелляциялық алқа құруды ұсындық. Бұл әдістің келесі жылдың жаз айынан жұмыс істей бастауы күтілуде. Мемлекеттік кірістер комитетінен жоғары тұрған Қаржы министрлігінде құрылатын комиссияның кем дегенде 30 пайызы «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастықтарға, яғни кәсіби мамандарға тиесілі болуы керектігін айтудамыз. Өйткені орташа алғанда салық қызметкерлерінің әрекетіне айына 40 шағым жасалуда. Апелляциялық комиссияда ұстанымымызды барынша дәлелдеп, мүшеліктегі көпшіліктің даусы біздің уәжден басым болса да, хаттамадан ойып тұрып алатын жазбаша пікірімімізді қалдыра аламыз. Сондай-ақ, тексеру актісі жобасымен ертерек танысып, келісу жайын заңға енгізудеміз. Нәтижесінде құжатқа қол қойғанша салық төлеуші аудиттің дұрыс-бұрыстығын асықпай бағамдай алады. Сонда тепе-теңдік орнап, келіспеушіліктер саны да күрт азаяр еді.  

-Қадағалаушы орган ретінде Бас прокуратурадан кәсіпкерлік саланы дамытуға көмек бойынша қандай іс-қимылдар атқарылуда?

-Бас прокуратура тарапынан бизнеске қысымды азайту жолында арнайы ақпараттық жүйе аясында жыл аяғында іске қосылатын Тексерістер картасы қазір тестілік тәртіпте жұмыс істеп тұр. «Тексерістер картасы» ұғымын енгізу арқылы бірегей жобада қарапайым азамат кейпіндегі «Қоғамдық бақылау» пайда болады деп күтілуде. Сәйкес әдіс кәсіпкерді қауіпті санатқа жатқызу немесе ісіне адал бизнесмендер қатарына қосу бағытында айқындаушы рөлді иеленбек. Тексерістер картасында заң бұзғандар, олқылыққа жол бергендер қызыл, жасыл, сары тәрізді саналуан түстермен белгіленеді.

-Саудадан түсетін табысқа салынатын салық неге алаңдаушылық туғызуда?

-Қосымша құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізуден отандық тауар не қызметтің, жұмыстың өзіндік құны 9-15 пайызға қымбаттайтыны, экспорттаушылардың бәсекеге қабілеті нашарлайтыны алаңдатады. Біздегі көлеңкелі экономиканың қомақты үлесі жаңашылдықтың пайдасынан гөрі зиянын арттыратыны анық. Отандық өндірушілердің ынтасы жоғалып, импортқа құмартатындар көбейеді. Сондықтан аталмыш бастамаға қазірде тоқтау салынды. Төменгі шектің бірден 10 есеге дерлік қысқаруы, кәсіпкерлерге салықтық және әкімшілік жүктемені жоғарылатып жіберетінін ескере отырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚҚС төлеушілерге арналған шекті деңгейді біртіндеп төмендетуді жөн көреді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер