astana-view

Дана Жүнісова: «ЕАЭО аясындағы транзит мәселелері тек сөз жүзінде қалмауы керек»

2016 жылғы 11 Қараша
14338 просмотров

Неліктен ресейлік және белоруссиялық кеденшілер Қазақстанның сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына «шлагбаум» қойып отыр? «Атамекен» ҰКП жүк тасымалдаумен айналысатын отандық бизнесмендердің проблемаларын шеше ала ма?

Осы және өзге де сұрақтарға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова жауап берді.

– Дана Бейсенқызы, ҰКП-ға қазақстандық кәсіпкерлер, соның ішінде Ресей аумағы арқылы транзиттік жүк тасымалдау кезінде проблемаларға тап болатын автотасымалдаушылар көбінесе шағым айтып келеді. Мұндай жағдай жиі қайталанып тұрады. Оны қандай да бір жолмен реттеуге бола ма?

– Шынында да, біздің жүк тасымалдаушылар бірнеше жылдан бері Ресей Федерациясы территориясында кедергіге ұшырап келеді және күн өткен сайын жағдай ушығып барады.

Басында біз транзиттік жол жүру кезінде Халықаралық жол тасымалы кітапшасын қолдану үшін, өзіміздің құқығымызды қорғап қалдық. Көптеген келіссөздер мен талқылаулардан кейін «Атамекен» Еуразиялық кеңес деңгейінде Халықаралық жол тасымалы кітапшасын қолдануды қамтамасыз ету туралы шешімнің қабылдануына қол жеткізді. Сол себепті  Ресей өткізу бекеттерін орнатты, Ресей Федерациясының аумағына кірген кезде солардан өту қажет.

Алайда, бүгінгі таңда бұл мәселе әлі күн тәртібінде тұр, өйткені Ресей Федерациясында Қазақстанға Халықаралық жол тасымалы кітапшасы бойынша бара жатқан көліктер анықталғанда іске қосылатын тәуекелдерді басқару жүйесі жұмыс істейді.

Яғни, дерек бойынша, тасымалдаушыларымызда барлық қажетті құжаттар болса да және олар жауапты кәсіпкерлік субъектілері ретінде танылса да, әлеуетті ереже бұзушылар ретінде автоматты түрде тексеріледі. Оған қоса, тексеру қорытындылары бойынша олар Ресей Федерациясының аумағында бекітілген бағыттар бойынша жүреді. Бұл, сөзсіз, қаржылық шығындарға ұшыратады.

Еуропалық одақтың Қазақстанға импорттайтын «санкциялық» тауарларын транзиттеген кезде де жүру бағыттары бекітіліп, тексерістер жүргізіледі.

– Оның үстіне РФ Қазақстанға Украинадан да тауар әкелу талаптарын күшейтіп жіберді...

– Иә, осы жылдың шілде айында Ресей оларды тасымалдауға толық тыйым салды. РФ Президенті Жарлық шығарды. Соған сәйкес, Бірыңғай кедендік тарифте әкелім бажы нөлге тең тауарларды ғана Украинадан Қазақстанға Ресей аумағы арқылы жеткізуге рұқсат етіледі. Статистика көрсетіп отырғандай, бұл Қазақстан импорттамайтын тауарлық позициялардың ең азы.

Қалған барлық тауарлар қазіргі таңда Қара теңіз бен Каспий теңізі арқылы,  сондай-ақ бірнеше елдердің (Грузия, Әзірбайжан) аумақтары арқылы баламалы бағытпен тасымалданады, Бұл тауарлардың соңғы құнының қосымша қымбаттауына әкеп соқтырады және жеткізу мерзімі де ұзаққа созылады.

Ресей аумағы бойынша транзиттік жол жүру мәселелеріне «Платон» төлем жүйесі енгізілді. Бұл Ресейдің федералдық жолдары арқылы жүргені үшін тасымалдаушыларға ақы төлетудің тетігі.

Біздің тасымалдаушыларымыз о бастан-ақ ыңғайсыз жағдайларға тап болған. Сондай-ақ тестік режим істен шығып қалса да, кәсіпкерлерге төлем туралы чегі жоқ болғандықтан, айыппұлдар салынған. Өз кезегінде ресейлік кәсіпкерлер айыппұл өтеуден уақытша босатылған еді. Біз Қазақстандағы уәкілетті органнан көмектесуін және отандық бизнес үшінде өтпелі кезең туралы ресейлік тараппен келісімге келуін сұрағанбыз. Алайда жауап келмеді.

Бүгінде Ресейде «Платон» жүйесі бойынша жол жүргені үшін төлем мөлшерлемесін шақырымына 1,53-тен 3,06 ресейлік рубльге дейін арттыру туралы мәселе көтеріліп жатыр. Бұл қазірден-ақ ресейлік және қазақстандық бизнестің қарсылығын тудыруда, өйткені бағаның екі есе артуы барлық өнімдердің қымбаттауына әкеп соқтырады және кәсіпкерлерге салмақ салады.

Бұл кедергілердің барлығы жүйелік сипатқа ие, бірақ жоғарыда аталған мәселелерге қоса жаңа мәселелер туындап жатыр. Мәселен, соңғы кезде Еуропалық одақ пен Белоруссияның шекарасында үнемі түрлі мәселелерге тап боламыз.

– Ал кәсіпкерлеріміз ол жақта қандай проблемаларға кез болып жатыр?

– Өкінішке қарай, қазіргі таңда Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің – Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының транзиттік жүктерге кедендік бақылауды күшейтуі, тараптардың Еуразиялық  экономикалық одақ туралы шарт аясында қол жеткізген негізгі келісімдердің, нақтырақ айтсақ, тауарлар, жұмыстар мен қызмет түрлерін еркін тасымалдауға қатысты келісімдердің күшін жойып отыр.

Бұл ретте мемлекет басшылары елдің транзиттік әлеуетін арттыру үш елдің экономикасын дамытуға негіз болатынын түсінеді.

Осы жылдың қыркүйек айында Белоруссия Президенті Александр Лукашенко кездесу кезінде кедендік қызметтің міндеттерінің бірі – елдің транзиттік тартымдылығын арттыру екенін атап өтіп, беларусьтік кеденшілерге кедендік рәсімдеу бекеттеріндегі жұмыстарды жетілдіру туралы тапсырма берген еді.

Белоруссия президентінің «біздің еліміздің аумағы арқылы өтетін барлық транзит ыңғайлылық, жылдамдық және қызмет көрсету сапасы жағынан ешқандай қиындық көрмеуі тиіс» деген сөзін Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің ынтымақтастық процессіндегі негізгі идея ретінде алуға болады.

Сол аралықта Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сыртқы экономикалық қызметтерге қатысушылардан Белоруссияның кеден қызметкерлерінің үстінен бірнеше шағым түсті.

Өкінішке қарай, Белоруссияның Бас кедендік комитетіне жолданған сауалдардың бір де бірі бойынша қазақстандық сыртқы экономикалық қызметтерге қатысушының пайдасына оң шешім қабылданған жоқ.

– Беларусь кеденшілері біздің кәсіпкерлерге қандай талаптар қоюда?

–Тәуекелдерді басқару жүйесі іске қосылғандықтан, кедендік бағаның азаюы, тауардың ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмеуі сияқты мәселелер тасымалдаушылардың ұсталуына сылтау болып тұр.

Айта кетерлігі, Кеден одағының Кеден кодексінің 64 бабына сәйкес, егер тауарлар кедендік шекарадан іс жүзінде кесіп өтсе және осындай тауарлар кедендік шекарадан кесіп өткеннен кейін, кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, алғашқы рет кедендік рәсімге орналастырылса, кеден одағының кедендік аумағына әкелінген тауарлардың кедендік құны анықталады.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстердің бірегейлендірілмеген нормаларды,  Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің әкімшілік заңнамаларын ізгілендіруге бағытталған нормаларды ғана бірігейлендіру қаперге алынып отыр, бұл қазақстандық кәсіпкерлердің айтарлықтай қаржы жоғалтуына әкеп соқтырады.

– Мысалдар келтіре аласыз ба?

– «Тауарларды және (немесе көліктік) құралдарды жарияламау» сияқты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қазақстандық заңнамада (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 551 бабы) жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйымдардың субъектілеріне –елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне –жүз елу айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл қарастырылған.

Бұдан бөлек, бұл бапқа «Атамекен» ҚР ҰКП-ның бастамасымен Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметтерге арналған жағдайларды түбегейі өзгерту жөніндегі жұмыстар шеңберінде түзетулер енгізілді (ҚР 29.12.2014 жылғы №269-V заңы). Соған сәйкес, құқық бұзушылықты өз бетінше жойса және мемлекеттік кірістер органының лауазымды тұлғасы тауарларды шығарғанға дейін тауарларды дұрыс жіктемеген дерек анықталса, тұлға жауапқа тартылмайды.

Белоруссияның осыған ұқсас заңнамасында (БР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасының 14.5 бабы) оннан отызға дейінгі базалық мөлшерлеме көлемінде айыппұл қарастырылған және кімнің жеке меншігінде екендігіне қарамастан, жарияланбаған тауарлар мен көлік құралдары кәмпескеленеді.

Немесе, мысалы, «шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлік құралдарын пайдалану немесе билік ету тәртібіне» қатысты құқық бұзушылық орын алған жағдайда, Қазақстанда айыппұл ғана қарастырылған (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңының 553 бабы), ал Белорусияда айыппұл да, кәмпескелеу де қарастырылған (БР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңының  14.8 бабы).

– Қазақстандық сыртқы экономикалық қызметтерге қатысушыларды қорғауда «Атамекен» қандай шаралар қолданды?

– Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне осы мәселені Кеден одағының кеден қызметтерінің біріккен алқасының кезекті отырысына шығару туралы ұсыныс жіберді. Өз хатымызда біз еуропалық елдерден Қазақстанға жүктерді Белорусия аумағы арқылы транзитпен әкелу кезінде қазақстандық кәсіпкерлердің Ресей шекарасында ұшырайтын мәселелергі жүйелі түрде тап болып келе жатқандығын, салдарынан қаржаттарын да, уақыттарын да жоғалтатынын мәлімдедік. Сонымен қатар, тауарларды тұтынушыға дейін жеткізу мерзімдері бұзылады, бұл қазақстандық компаниялардың іскерлік беделіне қауіп төндіреді.

Осыған байланысты біз отандық кәсіпкерлерден ҰКП-ға аталған мәселені реттеу жөніндегі ұсыныстарын жіберуді сұраймыз, сіздердің пікірлеріңіз қаперге алынады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер