astana-view

Ішкі туризмді дамытудағы шипажайлар үлесі

2017 жылғы 18 Қаңтар
7459 просмотров

Шипажайлардың қызметі арқылы табыс табу – тиімді бизнестің бірі. Табиғаты әсем, минералды суы, емдік балшығы бар емдік-сауықтыру әрі демалыс орындары еліміздің әр аймағында жұмыс істеп келеді. Әрқайсысының қызмет көрсету сапасы мен бағасы әртүрлі. Отандық туризмді дамытуда еліміздегі Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл облыстарында, Бурабай аймағында орналасқан шипажайлар көп.

Қалауыңыз болса – шипажай табылады

Оңтүстік Қазақстанның Сарыағаш ауданындағы шипажайлар минералды су арқылы сауықтыру шараларын ұсынады. Бұл аймақтағы шипажайлардың барлығы Сарығаш қаласынан 15 шақырым қашықтықта, Көктерек ауылында орналасқан. Сондай-ақ, Жамбыл облысы Меркі ауданындағы шипажайлар да бальнеологиялық курорттық аймақ ретінде саналады. Ал, Қостанай облысындағы қарағай орманында орналасқан шипажайлар климаттық-бальнеологиялық қызмет көрсетеді. Әлемге танымал «Моршин», «Карловы Вары» және «Ессентуки 17» минералды суына пара-пар жегілікті өнімнің емдік қасиеті мол.

Бурабай өңіріндегі демалыс орындарында табиғат аясында серуен жасап әрі дәрігер бақылауынан өтуге мүмкіндік жасалған. Оқжетпестегі демалыс орны сапа менеджментінің халықаралық  ISO 9001:2000 стандартына сай жұмыс істейді. Алматы облысындағы санаторийлерде Іле Алатауы бөктерінде демалыс ұсынылады. Шығыс Қазақстан облысындағы шипажайларда Алтай, Тарбағатай тауларында, Рахман бұлағымен, марал пантокринімен емделуге жағдай жасалған.

Қазақстандағы шипажайлардың бағасы «стандарт» және «люкстік» қызмет көрсетуіне қарай әртүрлі. Алматы қаласының маңында орналасқан сауықтыру орындарының құны тәулігіне 8 мың мен 53 мың аралығында. Ал Сарығаш шипажайлары 6200 теңгеден басталып, люкс орындар 200 мың теңгеге дейін шарықтайды. Қостанай облысындағы шипажай бағасы 4643 теңгеден бастап, қызмет көрсету сапасына қарай қымбаттай түседі. Алтай аймағындағы сауықтыру орындарының құны 9000-25000 теңге аралығында. Қарағанды шипажайындағы баға 4000 теңгеден басталып, 31 мыңға дейін өседі. Көрсетілген бағалар әрбір ем алушы мен демалушының мүмкіншілігіне қарай бөлінген.

Қазақстан туристер еліне айнала ма?

Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2014 жылы Қазақстанда 1777 туристік фирма, 111 курорт мен шипажай тіркелген. Осы жылы шетелден келген 6,3 миллион туристің басым бөлігі ТМД елдерінен болса, 677 мың адам ғана алыс аймақтан саяхаттаған. Сапарларын дәл Қазақстанда саяхаттауға арнап келген шетелдік азаматтар саны 56 мың ғана. Қонақтардың көпшілігі қызмет бабымен жолы түскендер.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, 2015 жылы ішкі туризм 5,8%-ға артып, шетелге бару көрсеткіші 18%-ға азайған. 2016 жылдың І жартысында 1,5 млн қазақстандық қонақүй қызметіне жүгінген, тиісінше бұл 2015 жылмен салыстырғанда 6,7%-ға артық. Отандық туристердің 73%-ы ел ішіндегі қонақүйлерді, жатын орындарды пайдаланған. 2016 жылдың қыркүйек айына дейін 464,3 мың турист табиғи қорықтар мен ерекше қорғаудағы аймақтарға саяхаттауға қаласа, шамамен 5%-ы, яғни 103,2 мың турист курорттық-шипажай орындарын таңдаған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «ҚР Туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі» тұжырымдамасында Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясаты тұжырымдамасының басымдылықтарын ескере отырып, Қазақстанда алты мәдени-туристік кластер құрылады деп жоспарланған: Астана –  Еуразия жүрегі, Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы,  Алтай маржаны, Ұлы Жібек Жолын жаңғырту, Каспий қақпасы,  Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы. «Астана – Еуразия жүрегі» – бұл кластерге Астана қаласы кіреді. Бұл бағытта MICE-туризм, яғни іскерлік туризм мен қысқа мерзімді демалысқа тиісті жағдайлар жасалады. «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» ­ бұл кластерге  Алматы қаласы мен Алматы облысының бөлігі кіреді. Сонымен қатар, тұжырымдамада көрсетілген «Көк Жайлау», «Қатон-Қарағай», «Бұқтырма», «Бурабай», «Кендірлі» курорттық жобалары да туризмді дамытудың негізгі бағыттары болмақ.  

Курорттық шипажай – қызмет көрсету саласында ірі кәсіп көзі. Емдік демалысты ұйымдастыра отырып тұрақты әрі үдемелі кіріс көзіне айналатын бизнес әлем елдерінің серпінді дамыған саланың бірі. Ішкі туризмді дамытуда бір ғана шипажай қызметі демалушылардың жағдайы үшін қажетті инфрақұрылымды жасауға сеп болады. Атап айтқанда, автожол бойындағы бизнесті лайықты деңгейге жеткізу, жатын және тамақтану орнымен қамтамасыз ету, таулы, тарихи, мәдени орындарға экскурсиялар ұйымдастыру жұмыстары қатар жасалады. Сапалы қызмет көрсету ішкі туризмнің дамуына әсер етіп, шетелдік туристердің де көптеп келуіне мүмкіндік береді.

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер