astana-view

Нұрлан Құралов: «Арадағы делдалдардың әрекетінен өндіруші мен тұтынушы зардап шегуде»

2017 жылғы 25 Қаңтар
17648 просмотров

Мемлекеттің инвестициялық қызметке қатысты беретін субсидиясының арқасында оңтүстіктегі шаруақор фермердің алма бағы жайқалып, жүзімдері ерте гүлдеуде

Қасиетті Қазығұрт тауының бөктерінде шаруасын өрге домалатқан «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Құралов, өткен жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына көмек сұрай келген соң, Астанадағы үлкен супермаркеттердің есігі айқара ашылғанын айтады.

- Бір келгеніңізде әр үйге отандық экологиялық таза жеміс жеткізуге мүмкіндіктеріңіз барына сендірген едіңіз. Бүгінде қарамағыңыздағы агроөнеркәсіп корпорациясының жұмысы қалай болып жатыр?

- Бағаны удай қымбаттатып, халықты қинайтын алыпсатарлар болмаса, отандастарымызды арзан бағадағы алма-жүзімге қарқ ете алатынымыз рас. Жәшіктеп тұрып сатуға құлшынысымыз зор. Алайда, өкінішке қарай, арадағы делдалдардың әрекетінен өндіруші мен тұтынушы зардап шегуде.

Ал біз өткізу нарығын кеңейткіміз келеді. Барлық қазақстандық үшін ағзаға пайдалы табиғи тағамның қолжетімді болғанды қалаймыз. Жұрттың бәрі қазір гипермаркеттерден сауда жасайды. Біздің мақсат – жыл он екі ай тұтынушыға экологиялық таза өнім ұсыну. Арзан бағамен. Ол үшін барлық жағдай жасалған. 2 мың тонналық тоңазытқыштар тура бақшаның басында орнатылды.

Бұрын бизнесті бастағанда жас ағаш көшеттерін шетелден, Түркия, Италия елдерінен іздеп әуреге түссек, қазіргі кезде тұқымды өзіміз өсіріп шығып, өзге әріптестерімізге бере аламыз. Суармалы жерлерде бау-бақша баптаудың тиімділігін атап өтер едім. Себебі, Үкімет, тамшылау суару мен көшеттер сатып алу сынды қызмет бағыттарына жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеп береді. 

- Жалпы 500 гектар жердің 150 гектарына жүзім еккеннен тыс, қалған алқапта алма ағаштарын өсіріп, алхоры, алмұрт сияқты жеміс түрлерін баптауда екеніңізді білеміз. Былтыр, Ұлттық палатаға, осы өнімдерді елорданың сауда орындарында өткізуге өтініш жасап едіңіз...

- Қазіргі кезде жеміс мол. Жылына саналуан сұрыптағы 1000 мың тонна жүзім, 2000 мың тонна алма өсіріп, Ресейге де экспорт нарығын бағындырудамыз. Банан мен ананастан басқасының бәрі бар (күледі). Алатын өнім мөлшері артып жатыр. Құдайға шүкір, «Атамекендегі» алқалы кеңестен соң, Астана қаласындағы «Кең-mart» сауда үйінің сөрелеріне төмен бағамен өнімдеріміз қойылып, тұтынушыларын қуантуда. Бірнеше гипермаркетпен келісімге келдік. Оларға жеміс жеткізіп беріп отырамыз. Бірақ «Анвар», «Galmart» іспетті сауда орындарының салатын маржасы тым жоғары. Соның кесірінен бағасы шарықтап кетіп жатыр. Мысалы, импорттық Аргентина алмасы 1000 теңге тұрса, жергілікті 300 теңгелік алманың құны да қалта көтерерлік, құрамы да түрлі заттарға бай. Сапасы жақсы. Қанша дегенмен өз жерімізде өскен өнім. Бірақ еш жерде бұл отандық жүзім екендігі жарияланбайды. Тұтынушыға ескертпе жасалмайды. Теледидардан ұдайы насихат жасалса. «Atameken business channel» бизнес арнасының ашылғаны жақсы болды, ауадай қажет кеңестерге құлақ түріп, сала жаңалықтарын тамашалап отырамыз. «Атамекен» ҰКП Агрөнеркәсіп кешені және тағам өнеркәсібі департаменті сарапшыларымен жиі ақылдасуды әдеткен айналдырып алдық.

Бүгінгі таңда ҰКП-ның атсалысуымен сауда тораптарымен келіссөздер жүргізіліп, әр супермаркетте отандық өнімнің сөресін бөлек қойсын деген ұсыныс енгізілуде.

- Отандық өсімдік шаруашылығы саласының тәжірибелі өкілі ретінде, бүгінде қандай өзекті мәселелерді атап өтер едіңіз? 

- Бірінші түйткіл, зейнеткерлік жасына толған агрономдарды алмастыратын білікті кадрлар жағы тапшы. 500 адамдық жұмыс орындарымыз болғанымен, кәсібіміз маусымдық сипатқа ие болғандықтан, қыс мезгілінде үш айға босаған жұмыскерлер жан-жаққа шашырап, кадр тұрақсыздығы туындайды. «Дипломмен ауылға» тәрізді бағдарламалар біздің саланы толық қамтымауда, мұнда көбінесе мұғалімдер мен дәрігерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге көңіл бөлінеді. Демек бағдарламаны қайта қарастырып, онда ауылдағы зәрулік өткір мамандықтарды енгізу керек. Қалаға аңсары ауып тұратын жастарды ынталандырмаса, ауылда қалғысы келмейді. Бұл тұста колледж-университеттермен бірлесе іске асырудағы дуальдық оқыту жүйесі көп жеңілдігін байқатуда.

Әңгіме басында айтқандай, екінші алаңдатарлық жайт, өнімді өткізудегі кедергілер болып отыр. Қоймадан 100 теңгеге берген жеміс базар-дүкенге жеткенде, 500 теңгеге саудаланып, елді үркітуде. Жылыжайда өсетін қияр бағасының сауда нүктелерінде мың теңгеден асып кететінін көріп, жағамды ұстадым. Әлбетте бұқара халық бұған наразы. Өзің көлікке тиеп барсаң, әдейі шет жағынан халық бармайтын елеусіз орын ұсынып, саудаң жүрмейтіндей етеді. Заңнамалық тұрғыда жағдайды түбегейлі өзгертпесе, жақсылыққа апармайды. Мемлекет шара қолданбаса болмайды. Делдалдар «жер төсін емген» ауылдағы ағайын секілді тер төгіп, адал еңбек еткісі келмейді. Бәрінің көздейтіні, тез әрі оңай табыс табу. Кешегі «бір жәшік алма беріңізші, сатып келейін» деп жүгіріп жүргендер бүгінде әбден күшейіп, өзімізге бұйырып, нұсқау жасайды. Біз болсақ, Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарын тіленбей» деген даналық сөзін берік ұстанамыз.  

Фермердің байланыс деректерін мына сайттан табуға болады: aman-eco.satu.kz

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер