astana-view

Шағын бизнеске – 1000 сауда орны

2017 жылғы 13 Наурыз
4326 просмотров

Елорда көшелерінде сауда жасау ыңғайлы

Астана қаласы әкімдігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «1000 сауда орны» бағдарламасын іске қосты.

Әкімдік  сайтындағы хабарламаға сәйкес, бас қаланың Есіл ауданында – 303, Сарыарқа ауданында – 305,  Алматы ауданында 377 сауда нысаны ашылады. Алғашқыда көше саудасына 274 орын бөлінгенімен, кейіннен санын мыңға дейін арттыру көзделген. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ұйымдастырылған 1000 сауда орнында дәмхана, мобильді автосервис, нан, көкөніс, гүл сату секілді көптеген кәсіп түрлері қамтылмақ. Сауда орындары каланың архитектуралық келбетіне, санитарлық және өрт сөндіру талаптарына сай болуы маңызды талаптардың бірі.

Бұл бастаманың қалай жұмыс істеп тұрғанын көзбен көруге әрі кәсіпкерлермен тікелей жүздесіп, пікір алмақ ниетпен көше бойындағы бірнеше сауда орындарына баруды жөн санадық.

Ең алдымен гүл сататын орындарға жол түсті. Сатушылар шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бақытталған арнайы бағдарлама туралы хабардар еместіктерін, анық-қанығын жұмыс беруші білетінін айтты. Дегенмен, сауда орнының жылы, ыңғайлы екенін жасырмады.

Көп қабатты үйдің тұрғындары үшін күнделікті тұтынатын заттарды сатып алуда уақыт үнемдеуге көп септігін тигізетін сауда орындарының бірі – көкөніс-жеміс сататын дүкен. Руспублика даңғылында орналасқан сауда нүктесі осының айқын дәлелі. Аязды күні біз кірген дүкенде зейнет жасындағы тұрғындар сауда жасап, керек көкөніс-жемістерін алып жатты. Жылы, жарық дүкен сөрелеріндегі балғын өнімдер тұрғындардың күнделікті тұтынуына қолжетімді.

«Шағын дүкен «1000 сауда орны» бағдарламасы бойынша ашылды. Әпкем арнайы өтініш жазып,  қажетті құжаттар өткізді. Бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Бұрындары сауда жасау үшін жыл  сайын  рұқсат қағаз алушы едік, ал жаңа бағдарлама бойынша рұқсат бірден 7 жылға берілді.  Әрине, өте  ыңғайлы. Жер салығын төлейміз, тұтынған электр қуатына да уақытылы төлем  жасаймыз.  Кішкене ғана кәсібімізді ауа райының қандай болғанына қарамастан, ыңғайлы орында    жүргізетінімізге қуаныштымыз», – дейді ағайынды Абзал мен Азамат Тойлыбаевтар.

 Шағын сұхбаттың куәгері болған қала тұрғыны Толғанай Хаитова ұзақ жылдар бойы жас  кәсіпкерлердің тұрақты тұтынушысы екенін жеткізді. «Күнделікті қажетті көкөніс-жемістерді  жақын маңнан алу ыңғайлы. Сонымен қатар, осы балаларды көп жылдан бері танимын. Күннің  суығында сауда жасау оңай емес. «Айналайындар, тоңып қалмаңдар, жылы киініңдер» деп әрдайым айтып жүремін. Сауда жасағанда бағасы арзан, тиімді жерді ғана іздемейміз, жақсы қызмет көрсеткен сауда орынға жиі баратынымыз анық. Осы жерге үнемі келемін. Себебі, жылы амандасып, қажетіңді сұрап, сапалысын салып береді. Тіпті кейде сөмкем ауыр болса, көмекші балалар жеткізіп, жәрдемін де аямайды. Осындай жайлы орында сауда жасауға бастама болып, кәсіптеріне көмек бергені үшін алғысымды айтамын», – дейді зейнеткер Толғанай Хаитова.

Сауалымызға жауап іздеп қаладағы бірнеше сауда орындарына кірдік. А.Иманов көшесіндегі тез дайындалатын тағам сатумен айналысатын орынның кәсібі енді басталғаны байқалды. Кәсіп иесінің өзімен телефон арқылы тілдесуге мүмкіндік туды.

«Шағын және орта кәсіпкерлікке арналған «1000 сауда орны» бағдарламасын естіп қуандым. Қалада кәсібімді ашуға ыңғайлы бірнеше орындарды анықтап алып, сол маңайдан сауда орнын сұрап бардым. Дегенмен мен қалаған жерде орындар бос емес екен, ал ұсынған жерлері қашық болды. Бұл бағдарлама аясында жер алып, кәсіп жүргізгенім қаржы жағынан ыңғайлы болар еді деп ойлаймын. Сондықтан, кәсіп бастауға аталған бағдарлама аясында қолайлы орынды іздестіру үстіндемін. Дегенмен, қарап отырған жоқпын. Қазір, сауда орнына тиесілі жерді жалға алдым. Енді ашылып жатырмыз. Әлі ішін жөндеумен, әрлеумен айналысуым керек», – дейді кәсіпкер Мұрат Мұхамеджанов.

Астана кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясында Елорда тұрғындарының 63% жеке кәсіпкерлікте жұмыс істейтіні айтылды. Осы жиында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев қаланың бас жоспарына енгізілген «1000 сауда орны» шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауда ерекше бастама болғанын атап өтіп, Қазақстанның басқа өңірлері бірегей бастаманы үлгі ретінде қолдануды ұсынған еді.

Қаланың сәулет құрылысына сай жасалған сауда орындарында санитарлық, қауіпсіздік талаптары сақталған, электр қуаты жүргізілген. Бұл сауда орындары кәсіпкерлерге байқау негізінде, бекітілген тәртіппен беріледі. «1000 сауда орны» бағдарламасына заңмен белгіленген тәртіпте тіркелген және салық пен басқа да бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша қарызы жоқ жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар қатыса алады. Қажетті құжаттар пакетіне өтінім-анкета, жеке-кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің көшірмесі, қажет жағдайда өкілеттігін куәландыратын құжат, салық бойынша қарызы жоқтығы туралы анықтама, ауданы 9 шаршы метр сауда нысанының эскизі, оны дайындаушы зауыт туралы мәліметтер көрсетілуі керек. Жер учаскесі 5-7 жылға жалға беріледі.

Сонымен қатар, сауда орнының байқауына мемлекеттік және заңды тұлғалар, комиссия мүшелері, комиссия хатшысы, байқауда жеңімпаз болғандар, субаренда бойынша талаптарды орындамаған кәсіпкерлер қатыстырылмайды.

Өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру Астана қаласы әкімдігінің  сайтында жарияланған соң, 15 күнтізбелік күннің ішінде электронды түрде www.smart.astana.kz сайтында тапсырылады.

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер