astana-view

Дөңгелектен түскен табыс

2017 жылғы 26 Маусым
2445 просмотров

Жаңа идеялар табысқа жетелейді

Бәсекелік орта кәсіпкерлерден үнемі жаңашылдықты талап етеді. Отандық нарықта сервистік қызмет көрсету саласында өзгелерден озық идеяларымен көзге түскен кәсіпкерлер бар. Көлік көмегімен идеяларын іске асырған олардың бастамасы көпшілікке үлгі.

Күн сәулесімен қуаттанатын тоңазытқыш

Орасан зор оқиға «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында елорда тұрғыны Василий Пустовойтенко жаңа технологиялар жайлы көп ойланады. Күн көзінен қуат алатын көлікті жасап шығару идеясын қолға алған Василий күн сәулесінен қуаттанатын мобилді тоңазытқышты жасайды. Ол үшін кәсіпкер отандық күн батареяларын жасайтын «Аstana Solar» компаниясы өнімін сатып алып, жалпы қуаты 690 Ватты құрайтын батеареяны өз көлігіне орнатады. Осылайша ол ғажайып-тоңазытқыш көліктің иесі атанды. 


 Василий Пустовойтенко бұл туындыны патенттеп, бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Жаздың аптап ыстығында күн сәулесінен қуат алатын автотоңазытқыш арқылы кәсіпкер сусындар мен балмұздақтарды сатуда. Аккумулятор арқылы істейтін тоңазытқыштарға қарағанда дыбыссыз, шусыз жұмыс істейтін авто-тоңазытқыш тұтынушылардың жайлылығы үшін де ыңғайлы ойластырылған. Бұдан өзге Василийдің идеялары көп, бастысы арамызда жаңа технологияларды іске асыратын жаңашыл жандардың бары қуантады.

Көшпелі аспаз

Мамандығы журналист Дархан Кәрімов соңғы жылдары экономика саласына ден қойған. Жеке кәсіп ашу, жалақыға тәуелді болмау үшін ол түрлі бизнес-тренингтерге қатысып, іскерлік білімін шындайды. Осындай тренингтердің бірінде жеке бизнес-жобасын сәтті қорғаған Дархан «Versus» қолданбалы жетістік академиясы «Vertex» курсының жеңімпазы атанып, «Foodtruck» бизнес-жобасын ұтып алады. Foodtruck – мобильді асхана Еуропа мен АҚШ-та аса танымал қоғамдық тамақтанудың бір түрі. Foodtruck-тың отаны АҚШ-та мұндай мобильді асхананың саны 3 миллионнан асатын көрінеді. Бізде көшпелі сауда КСРО тұсында болған-ды, ауыл ауылды аралаған автодүңгершік халықтың керегін жеткізген.


Foodtruck жай кафе немесе елдің назарын аударатын сәнді заманауи орын ғана емес, ол тамақ дайындаудың креативті түрі әрі шетелде қатты дамыған. Әзірге, бұл – еліміздегі алғашқы бизнес. Мұның қоғамға қандай пайдасы бар? Біріншіден, Foodtruck мобильді, клиенттің келуін күтпейді, клиентке өзі барады. Яғни, кісі аяғы үзілмейтін жерлерге барып, жылжымалы асхана өз өнімін ұсынады. Мысалы, мерекелік шараларға, саябақтарға, демалыс орындарына баруға мүмкіндік бар. Аспазбен байланыс – Foodtruck-тың екінші басты ерекшелігінің бірі. Тамақтың дайындалу процесін көру – бұл бизнесті ашық қылып көрсетеді әрі соған сәйкес, клиенттер тарапынан оң көзқарастың тууына әкеледі. Бұған қоса, стационарлық мекемеге қарағанда тамақтанудың жаңа форматы қалыптасқан жағдайға сай тез өзгергіш, ыңғайлы келеді. Дәмді, жылдам, ыңғайлы әрі бағасы да қолжетімді болады. Әрине, дизайн, сервис, қорап сияқты басқа да мәселелер қағыс қалмайды.

Караоке такси

Талдықорғандық жеке кәсіпкер, такси жүргізушісі Талғат Бартаевтың жолаушы тасымалдау қызметінде тәжірибесі мол. Кәсіпкер жылдар бойы нарықты зерттеген. Мәселен, көп жолаушыларға көлік ішінде ән ойнап тұрғаны ұнайды екен. Клиенттер санын арттыру мақсатында Талғат жеке көлігіне караоке аппартурасын орнатуға бел буады. Идея бар, ал оны орындау үшін қаражат керек болды, жүргізушісі тынбай еңбектенді. Бүгінде сан алуан әуендер енгізілген караоке, түрлі-түсті шырақтармен көмкерілген көлік салоны көздің жауын алады. Таксидегі караоке қызметі әлем бойынша әйгілі, рейтингтері жоғары телевизиялық шоу. Осы қарапайым идея қарапайым адамға табысты болуға жол ашты. Бүгінде қала тұрғындары арасында Талғат Бартаев танымал болды, жеке нөмірін жазып алушылар көп, кей кездері тіпті демалыссыз жұмыс істеуге тұра келеді екен. Ең қызығы таксиде караокемен ән салу жеткізу құнына еш әсер етпейді, бұл сервистік қызметтің сапасы ғана дейді кәсіпкер. 


 

Кофе әзірлеу мен көлік жуу

Астана мен Алматы қалаларында тамақ жеткізуден бөлек, жаңа дайындалған кофені жеткізу бойынша бірнеше шағын кәсіпкерліктер бар. Пәтеріңізге дейін жеткізілген кофе өз дәмділігі мен ыстығын жоғалтпайды, өйткені кофемашина дәл көліктің ішіне орнатылған. Сондай-ақ, ірі мегополистерде тапсырыс бойынша көлігіңізді үй ауласынан жуып кететін қызмет түрі пайда болған. Елордалық «Fast and Shine» алғашқы мобильді көлік жуу қызметі нарықта өз орнын еншілеп жатыр. Қоғамда мобильді көлік жуу қызметіне деген пікірлер жағымды әрі жағымсыз болып екіге бөлінген. Жоғырыдағы мысалдар бизнесті өздері қолға алған кәсіпкерлер туралы. Арамызда кәсіп бастағысы келетін адамдар көп. Алайда идеялар мен тиімді жобалар, бизнес бастауға қаржы болмай жатады. «Атамекен» ҚР ҰКП бизнеске кешенді сервистік қызмет көрсетіп келеді. 2016 жылы Ұлттық палатамен 46 096 кәсіпкерге қолдау жасалып, 66 112 сервистік қызмет көрсетілді. Кәсіпорын ашу бағытында – 2265 өтінім, рұқсат құжаттарын алу – 1500 өтінім, қаржы алу – 2881 өтінім қаралып, жобаларды сүйемелдеу бойынша 4 446 адамға көмек берілді. «Атамекен» ҰКП бастамасымен «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» атты өз кәсібін бастаймын деген кәсіпкерлер үшін жол сілтейтін бағдар, жеке кәсіппен айналысқысы келетін, бірақ бизнес-идеясы жоқ жандарға арналған көмекші құрал шығарылған. Әр алуан бағыттағы шағын бизнестің жобалары байлық пен табысқа жол бастайды. Дайын бизнес-жобаларды жүзеге асыра отырып, көздеген мақсатқа жетуге жетелейді.

Егер, кәсіп ашуға ынтаңыз болса, батыл қадам жасауға қорықпаңыз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер