astana-view

Бауыржан Серікбаев: «Біз халыққа үйреттік, халық бізді үйретті»

2017 жылғы 29 Қараша
12371 просмотров

Бауыржан Серікбаев: «Біз халыққа үйреттік, халық бізді үйретті» Бизнес-тренер «Бастау Бизнес» жобасын шетел тәжірибесімен салыстырды

Өңірлерде «Бастау Бизнес» жобасы қызу жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін жобаның екі легі аяқталды.  Айта кетелік, кәсіпкерлік негіздерін оқытатын тренерлік құрам білікті мамандардан тұрады. Бүгінгі сұхбатта жобаның жүзеге асу бойынша тренерлердің пікірн білмекпіз. Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданында орналасқан Ботақара ауданы бойынша  бизнес-тренер Бауыржан Серікбаев Болашақ бағдарламасымен АҚШ-тың Небраска университетінде Халыкаралык катынастар бойынша ғылыми таңылымдаман өткен, Түркияның Ақдеңіз университеті, Вирджинияның Stratford University, Вашингтонның BAU International University түлегі  өз ойын білдірді.

 

–       Бауыржан, «Бастау Бизнес» жобасы жайында қайдан естідіңіз?

–       Жоба туралы әлеуметтік желілер, сайттары арқылы білдім. «Атамекен» ҰКП ұйымдастыруымен жаңа жоба қолға алынып, бизнес-тренерлер іріктеп жатыр дегенді ести сала қатысуға бел будым. Түйіндемемді жолдап, Астанаға келдім. Наурыз айында бизнес-тренерлерді дайындау семинарларына қатыстым. Осылайша елордаға келіп, үлкен жобаның бір бөлшегіне айналдым.  Жалпы өңірден 24 үміткер болдық, олардан іріктеліп, үздіктер ғана қалды.

–       Бизнес-тренер болып бекітілдіңіз. Ары қарай кәсіпкерлікті қалай үйретем деген белгілі бір тактикаңыз, өзге тренерлерден ерек тәсілдеріңіз болды ма?

–       Әрине, тренерлерге 12 модуль бойынша оқыту тапсырмасы берілді. Соларды бөліп бөліп, жекелей дайындалдық. Оқыту бағдарламасы бар, сол бағдарламаны әр тренер халыққа  қалай таныстырады, қалай жеткізеді оның жауапкершілігінде болды. Топқа жетекші болған соң, бизнес семинарлар, терминдер, сабақты ғана айтып қоймай, менің ойымша қазақтың жадындағы ұлттық кодтты жандандыру керек. Мәселен, Әлихан Бөкейхановтың сөздері, Абайдың өсиеті, Бұқар Жырау айтқан нақылы бар ғой соларды негізге алып, содан кейін Алаш ардақтылары «Бай болу үшін кәсіп керек» деген сөздерін мысалға келтіріп барып, тақырыпты жеткізу анағұрлым жақсы қабылданып, белгілі бір резонанс болады. Ауыл халқы ерекше, құрғақ сөз, есептер қабылданбайды.

–Сонда Алаш идеясын ұстанған ұлт зиялыларының бір ғасыр бұрын іскерлікке қатысты айтып кеткен насихаты, сөздері, үндеуі әлі де өзекті ме?

–       Өзекті. Қалалық жерде біз жан-жақты ізденеміз, қабылдауға тырысамыз. Ал ауылдық жерде қазақи орта, сондықтан тек формулаларды түсіндіріп, бизнес-жоспармен шектелсең, ақпаратты жадына кіргізе алмайсың.  Бизнеспен байланыстырып зиялалырдың сөздерімен тақырыпты жеткізген кезде құлаққа қонымды болады. Халыққа халық тілімен сөйлеуге, мысалдарды батыспен емес, қоғамнан алуға тырысу қажет. Ал мотивацияны халықтың қанатты сөздерден алуға болады.

Бизнес-тренерлерде ең бірінші керек нәрсе – ол бизнес психологияны үйрету. Біз Кеңес үкіметінен шықтық қой. Барлығын үкімет жасау керек, көмектесу керек, ал адамдар жалданып еңбек етуі керек деген. Осы стеориотипті сындыру үшін кәсіпкерлік психологияны қолдану керек, кәсіпкерлік психологияны Батысты ғана мысалға келтіріп емес, өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді мысалға алған жөн.

–       Сонда Батыстың стандарттары мен моделдері бізге келіңкіремейді ме?

–       Стандарттарды қолдану керек. Қажеттісі – тиімдісі. Батыс, АҚШ-тың жақсы үлгілерін қолдана отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, әрекет ету жөн.

–       Яғни бизнес-тренер ол...

–       Бизнес-тренер – ол СҮЗГІ. Түрлі ақапарт пен біліктілікті бойына сіңіріп, соны ортаға бейімдеп, қажеттісін және пайдалысын аудиторияға ұсына білетін адам. Осындай формула арқылы батыстың жетістіктері қазаққа жұмыс істейді.

–       Бүгін Бастау Бизнестің екі легі тәмамдалып қалды. Тобыңызда қанша адам болды, тәжірибеңіз туралы айтып кетсеңіз?

–       Бірінші топ пен екінші топтың жаттықтырушылары бөлек болды. Екінші топтың, яғни Ботақара ауданы бойынша 37 адам бітірді.Оның ішінде 15 адам жобаларын сәтті қорғап, жұмысын бастап кетті. Олардың ішінде шаштараз, ет және сүт өнімдерін өндіру, жылқы шаруашылығы, қымыз өндіру, техникалық жөндеу орталықтарын (ТЖО), дүкен ашу сынды жұмыстар қолға алынды. Топпен жұмыс істегенде 1-2 күн азаматтармен жұмыс істеп, психологиялық портретін анықтаймыз. Қандай бағытта кәсіп ашқысы келеді, икемін анықтаймыз. Нәтижесінде сабақтың барысында бизнес жүргізуді түсіндіре бастаған кезде азаматтардың идеялары ауылдың орналасуына байланысты тиімділігі маңызды. Кейін осы идеяларды бағыттары бойынша бөліп, топтарға бөлеміз. Мәселен, мал шаруашылығын таңдағандарды бір бөлек, диханшыларды бір бөлек. Себебі бағыттары бір азаматтарды оқыту тиімді.

–       Өз идеясының құлы болып кеткен жағдайлар болды ма?

–       Ондай жағдайлар әрине болды. Ботақара ауылында бір қатысушы монша салғысы келді. Алайда ол жердеауылда онсыз да 2 монша тұрақты жұмыс істеп тұрғандығын және 3 бір кәсіпкер тамақ ішу орнымен монша салынып жатқанын қаперге ілмеді.  4 монша ашу бұл  тиімсіз, себебі нарықтың сыйымдылығы деген түсінік бар. Сол азаматқа маркетингтің негіздерін, сараптамалардың нәтижесін түсіндіру үшін 2 апта көлеміндей уақыт жоғалттық.

–       Ауылдық жобалардың ішіндегі қандай идеялар басымдылыққа ие?

–       Ауылдық жоба болғандықтан мал шаруашылығы, оның ішінде ет  және сүт өнімдерін өндіру ерекше орынға ие. Сонымен қатар қымыз шаруашылығы сұраныста. Мысалға, «Арай» кооперативінде 42 мүшесі бар. Ет және сүт өнімдерімен айналысады. Алғашқы уақытта сүтті өзіміз мал ұстап қабылдап аламыз. Содан соң Қарағанды мен Теміртаудағы сүт зауыттарына өткіземіз. Алайда келешекте өзімі сүт өндіре алатын деңгейге жетуіміз қажет.

–       Болашақ бағдарламасында сіздің мамандығыңыз қандай?

–       Назарбаев ғылыми орталығында жұмыс жасаған уақытта бір жыл көлеміндегі ғылыми сынақнамаға жіберді. Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша АҚШ- тың Орта Азияда және атындағы ғылыми жұмыс жаздым. Оқу барысында Американың басқа университеттеріне құжат тапсырып, магистратура оқып алдым. Сол жерде жүріп, Америкаға ғашық болдым. Әр түрлі идеялар келеді. Шет елдің бизнесті жүргізудің тәсілдері қызықтырады. Нәтижесінде Халықаралық бизнес мамандығына түстім. Сынақ мерзімі біткен соң, жұмыс орнымнан рұқсат алып, 2 жыл көлемінде білімімді шыңдап келдім.

–       Халықаралық дәрежедегі біліміңізбен ауылға барып, жұмыс атқару ойыңызда болды ма?

–       Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Жарықтас ауылының тумасымын, 17 жасыма дейін ауылда өскенмін. Кейін қалада білім алып, шет ел ассам да туған жерге деген сүйіспеншілікті жоғалтқан емеспін. Ауылға келіп демалғанда, ауылға көмек керек екенін пайымдап жүрдім. Түбінде ауылға келіп, бір шаруашылығымды ашсам деген арман болатын. Алайда, арманым, мұншалықты тез болады деп ойлаған емеспін. Шет елден білім алған  соң, биік дәрежелі жұмысқа орналасу адамдардың психологиясында қалыптасып қалған ой. Керісінше, төменнен бастап, адамдармен жұмыс істегенде көп пайдалы жаңалықтар ашып, үйренесің. Кабинетте қамалып отырғаннан мемлекеттік жобалардың қалай іске асып жатқанын, халық оларды қалай қабылдайтындығын өз көзіңмен көру және сол жобаларға өз үлесіңді кішкене де болса қосу – керемет.

 

–       Қарап отырсам, «Бастау Бизнес» тобыңызда 15 адам кәсібін жақсы құрған, ол жалпы мөлшердің 50%ы. Жақсы көрсеткіш. Өзіңіздің талдауыңыз қандай?

–       Жобаның ең үлкен артықшылығы халықты дайындау, қажетті тиімді ақпарат беру. Мемлекеттің жасап жатқан жұмыстарының нәтижесі ретінде бизнесін ары қарай алып кету.

–       Бастау бизнес жобасы аясында Сіз халыққа не үйреттіңіз, халық сізге не үйретті?

–       Халық маған көпті үйретті. Бірінші кезекте, қарапайымдылықты. Шыншылдығы халықтың ерекше көзге түседі. Өңірде елім деген азаматтар көп.  Бизнес ашып, тек өзіне ғана емес, басқа азаматтарды, жақындарды жұмыспен қамтуға деген талпыныстары қуантады. Баланы жастайынан мансап қууға баулитын қазақ екеніміз ешкімге жасырын емес. Батыс елдерінде жаныңызға рахат сыйлайтын жұмыс болу керектігін айтады. Бізге осы психологияны алып келу қажет.

–       Топта отырған адамдар ішінде кәсіпкер бірден танылады ма?

–       Болады. Топты басқара алатындығы, нарықты түсінетіндігі, бизнесті басқара білетіндігі байқалады. Психологиялық портрет жасау барысында адамдардың икемділігі анықталады.

–       Бастау бизнес жобасының нәтижесі ретінде осы оқытылып жатырған азаматтар легі не береді?

–       Бұл лек халықтың дүниетанымын өзгертін, кәсіпкерлікке баулиды. Мемлекетке ғана үміт артпай, жауапкершілікті өз мойнына алып, жұмыс жасау. Бір сөзбен айтқанда кәсіпкерлік ой сананы қалыптастыру. Екіншіден, экономикаға пайда алып келу. Бұрыңғы жұмыссыздардың өзін-өзі қамтып, жаңа жұмыс орындарын ашу.

–       Халықаралық дәрежедегі Бастау бизнес жобасына ұқсас жобалар бар ма?

–       Әр елдің кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары болады. АҚШ-та мықты бизнесмендер енді бастаған кәсіпкерлерге көмек көрсетеді. Меценадтық жүйе дамыған. Мәселен, көрші Өзбекстанда жаңа президент келген соң, өзінің кәсіпкерлерге бағытталған жобаларын бастады. Бірақ, Бастау бизнес жобасы біз үшін бір жаңа лег, жаңа жоба, жаңа серпін.

–       Жобаның нәтижелері қандай?

–       Бірінші топты 17 азамат тәмәмдап, 15  жеке кәсіп бастады. Екінші топ негізінен коопиративтер ашады. Кәсіпті біріктіріп, ірілендірудің де пайдасы бар. Мәселен, техника алатын болса, мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Шаруашылықты ірілендіру кәсіпкерлікті бәсекеге қабілетті қылады.

–       Оқу курсының мерзімінің бір айы жеткілікті ме?

–       Меніңше, жеткілікті. Білімді, барлық материалды беріп, жақын арада кәсіп жүргізуді мейлінше тез бастауды алға қоямыз. Сезондық жұмыс басым келетін ауылдық кәсіпте уақытты жоғалтуға болмайды.

–       Сіз барған ауданның оқуға деген қызығушылықтары қандай?

–       Өте жоғары. Батыста ең тиімді инвестициялардың бірі білім алу. Ал бізде олай емес. Сол психологияны өзгерту қажет. Білмеген жаңалықтары көп екендігіне көз жеткізген уақытта қызығушылық ерекше артып кетеді. Өздері арасында пікірталастар ұйымдастыра бастайды.

–       Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер