astana-view

Жаңа бизнестік ойлар мен жоспарларға әрдайым қолдау көрсетеміз

2017 жылғы 14 Қараша
4723 просмотров

- Серік Басарұлы, өңірлеріңізде кәсіпкерлікті қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқтала кетсеңіз?

Павлодар облысында индустриялық сектор басым екені белгілі. Бізде ірі өнеркәсіп орындары бар. Сонымен бірге ауылды дамытуға да көп көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары жерді суландыру мәселелері бойынша көп жұмыс атқарылды, нәтижесінде жеміс-көкөніс өнімдерінің көлемі артты. Мал шаруашылығын дамытуға байланысты да елеулі шаралар қолға  алынды. Бес ауданда «Бастау Бизнес» жобасы пилоттық режимде жүргізілуде. Кәсіпкерлік негіздерін үйрету ісінде де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіліп отыр. Облыста кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге деген ұмтылушылық артып келе жатқаны байқалады. Жаңа бизнестік ойлар мен жоспарлар да баршылық. Олардың өзекті деп табылғандары қаржыландырылып жатыр.

- Жас  кәсіпкерлер бизнесте негізінен қай салаға көңіл аударады?

- Бізде жүйе қалыптастырушы 16 кәсіпорын бар. Бүгіндері көптеген тауарлар, жұмыс пен қызмет көрсету салалары осы жүйеқалыптастырушы кәсіпорындар аясына жинақталған. Павлодар облысында негізінен техникалық мамандар дайындалады. Павлодар мемлекеттік университетінде бизнес негіздерін үйрететін стартап-академия бар. Жастар негізінен болашақта сол кәсіпорындарда жүзеге асыруға бейімді тауарларды өндіруге жұмылдырылады. Әр саладағы Ауыл шаруашылығының әр саласына пайдаланылып жүрген жер учаскелерін түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Белгілі бір бағыттағы кәсіпкерлікті ашу мен дамытуға арналған жер әлеуеті бізде жетерлік.

- Өңірлік палатаға кәсіпкерлер негізінен қандай мәселелермен жүгінеді?

- Палата қызметінің негізгі құралдарының бірі – қаржылай емес қолдау көрсету ғой. Облыстар мен аудандарда кәсіпкерлерге қолдау көрсету мен кәсіпкерлерге қызмет көрсеті орталықтарының кеңесшілері жұмыс жасайды. Сауалдардың көп бөлігі «Атамекеннің» жобаларына, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен ынталандыру шараларына байланысты боп келеді. Бизнес-жоспарлау, құқықтық мәселелер, бухгалтерлік есептеуге қатысты қызметтер үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ мемлекеттік жекеменшік кәсіпкерлік мәселесі аясындағы кеңес беру жұмыстары да өзекті. Биылғы жылдан бастап осы бағыттағы түсіндіру ісімен де айналыса бастадық. Заң жаңа болғандықтан, оның нәтижелері алдағы уақыттарда көрінеді. Бағдарлама даму үстінде және ол бизнесті ынталандыру барысында өз нәтижесін көрсетеді деген үміттеміз.

- Бизнесті қорғау мәселесі бойынша кәсіпкерлердің өтініштеріне қатысты мәселелер жөнінде айтып өтсеңіз?

- Бізде Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі бар. 10 ай көлемінде Кеңесте 13 мәселе қарастырылып, оның 5-еуі оң шешімін тапты. Палатаға жалпы 146 өтініш түсіп, оның 50 пайызы кәсіпкерлер пайдасына шешілді. Мәселелер негізінен жер мен салық салу мәселелеріне қатысты болды. Консультативті кеңес ұйымдарымен қатар жер комиссияларының мәселелерінде бизнес өз үлесін қосқандығын айта кеткен жөн. Кәсіпкер өзінің өтінішінің қандай деңгейде қарастырып жатқандығын біле алады және әрдайым мемлекеттік мекемеден ақпарат алуға құқығы бар.

- Оң шешімін тапқан мәселелерден мысал  келтірсеңіз?

- Бірінші жарты жылдықтың есебін беру аясында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің қатысуымен Өңірлік кеңес отырысын өткізген болатынбыз. Отырыста осыған дейін өңірлік аппеляциялық кеңесте көтерілген «Бизнестің жол картасы – 2020» бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесіне тоқталдық. Біздің тараптан облыс әкіміне ұсыныстар айтылып, кейін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың өңірге іссапары аясында Павлодар облысы өңірлік кеңес мүшелері аталған мәселені көтерген болатын. Екі апта бұрын сол мәселе де өз шешімін тапты.

- Жақын арада Алматыда Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің толық форматты орталығы ашылды. Осы сияқты орталықтарды Павлодар облысында ашу жоспарда бар ма?

- Облыс әкімінің орынбасары қатысуымен өңірлік кеңесте өткен  кездесуде отырыста бұл мәселе талқыланды. Жергілікті атқару ұйымдары оған түсіністікпен қарайды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің толық форматты орталығы Кәсіпкерлер палатасы негізінде ашылады деп жоспарлап отырмыз. Нақты уақыты белгісіз. Жергілікті атқарушы орган оны  қаржыландыру мәселесін қарастырып жатыр.

- Кәсіпкерлер арасында «Атамекенім» акциясы қандай қолдау тапты?

- Біз Павлодар облысының барлық 12 ауданына бардық, өңірлік кеңес мүшелері бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлер бұл акцияға оң көзқараспен қарап, өздерінің атқарып отырған жұмыстары әлеуметтік тізілімде орнын табатынына ризашылықтарын білдіруде. Қазақстан бойынша өзінің ауылына көмек көрсететін, әлеуметтік нысандарда жөндеу жұмыстарын жүргізетін, қыс уақытында жолдарды күту  жұмыстарын атқаратын кәсіпкерлер баршылық.

- Кәсіпкерлер палатасының алдағы жылға жоспарлары қандай?

- Қазіргі күні кәсіпкерлік субъектілер саны өсіп келеді. Біз қазір кәсіпкерлікті дамыту картасы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз және болашақта да осы бағытты ұстанамыз. Кәсіпкерлікті дамыту картасына палата атынан ұсыныстар қосып, әр сала бойынша инвесторлар тартуға көңіл аударамыз. Өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін дамыта отырып, осы бағыттан таймай жұмыс істей беру басты мақсатымыз.

- Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Динар Шахай


Еншілес ұйымдар

Серіктестер