astana-view

Нұрлан Құралов: «Бірінші кезекте отансүйгіштік, тек содан соң бизнес»

2018 жылғы 22 Қаңтар
3015 просмотров

Қасиетті Қазығұрт тауының бөктерінде шаруасын өрге домалатқан «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Құралов алма және жүзім шаруашылығы жайында сөз қозғады

- Әр үйге отандық экологиялық таза жеміс жеткізуге мүмкіндігі бар қарамағыңыздағы агроөнеркәсіп корпорациясының жұмысы қалай жүруде?

- Оңтүстік Қазақстан обылысы Қазығұрт ауданындағы «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл шаруашылығының барлық түрімен айналысады. Оның ішінде негізінен Үкіметтің қолдауының арқасында алма бағы, жүзім шаруашылығы бағытын қолға алып жатырмыз. 10 гектар жерден бастап, 500 гектарға дейін көбейту арқылы  Қазығұрт ауданындағы суармалы жерлерді тиімді пайдаланудамыз. Көп жылдық тәжірибеміз негізінде суармалы жерлердегі экономикалық рентабельді әрі тиімді бау-бақша шаруашылығы екендігіне көзіміз жетті. Сондықтан бұл бастаманы ары қарай дамытып, Өмірзақ Шөкеевтің ауыл шаруашылық саласына келуіне орай саладағы даулы мәселелерге назарын аударуға ниеттіміз. Суармалы жерлер біздің алтын қорымыз бола тұра, тиімді пайдаланылмауда. Біздің табиғатымыздың, жеріміздің, суымыздың, күн нұрының бау-бақша шаруашылығын жүргізуге қолайлы екендігін біле тұра, шет елден көп бау-бақша өнімдері алынатындығы белгілі. Мысалы, жалпы еліміз бойынша 52 мың гектар жер осы салада қолданылады. Соның ішіндегі экспортқа шығатын өнім көлемі 26 мың тонна, ол 1 млрд теңге болса, импорт 356 мың тонна, яғни 83 млрд теңге болып тұр. Польша, Қытай, Өзбекстан, Қырғыстан, Әзірбайжан және Иран елдерінен тауар келеді. Егер жеміс-жидектерді сырттан алмайтын болсақ, еліміздің азаматтарын қанша жұмыс орнымен қамтуға болар еді. Әрі денсаулыққа да пайдасы өте зор.

- Қазақстандық және шетелдік өнімнің оң және теріс тұстарын агрокешенде көпжылдық тәжірибесі бар маман ретінде аражігін ажыратып берсеңіз?

Бұл арада баға айырмашылығы емес, шетелден келетін өнімнің сапасы басты назарда. Өнімді дайындап қана қоймай, сонымен қатар, ұзақ мерзімге созылатын тасымалдауға да шыдау үшін әртүрлі химикаттар қолдану орын алады. Тауарға өң беру үшін немесе ұзақ сақтау үшін қолданылатын арнайы қоспалар баршылық. Соған байланысты қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде немесе базарларда шетелдің тауарларына қызуғышылық артуда. Денсаулыққа, адам ағзасына кері әсерін ескеруге назар салу қажет. Басты мақсат бұқараның осыған байланысты көзін ашып, жол сілтеу. Осы мәселеге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, отандық өнімдерді пайдалануды насихаттауымыз керек. Бизнес болғанымен, әрқайсымыз өз еліміздің патриоты болуымыз керек. Осыған дейін тауар тапшылығынан әрі мүмкіндіктердің аздығынан өнімді шетелдерден тасымалдау қажеттігі болғаны рас. Алайда, қазіргі уақытта ол жағдай түзеліп, отандық кәсіпкерлік және отандық тауар түсінігі пайда болды. Отанымыздың экономикасына үлес қосып, дамуына әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Сол себепті, бірінші кезекте, патриот болуымыз керек, тек содан соң бизнес болғандықтан жұмысыңыз табыс та алып керуі қажет.

- Тәуелсіздік алғаннан соң даму жолына түскен саладағы шешімін таппаған басты мәселелерге тоқтала кетсеңіз?

- Бау-бақша шаруашылығының мәселелері баршылық. Біріншіден, инвесторларға жер мәселесін шешу керек. Жер иеленушілердің кәсіпті бастап, ісін дөңгелетуге қаржысы болмайтын болса, қаржымен қамтылғандар қолайлы жер таппай әлек. Осы мәселені келістіріп, пайдаланылмай бос жатқан суармалы жерлердің барлығын аукционға шығарып, қолдануға беру қажет. Екіншіден, суармалы жерлерде тиімділігі төмен арпа сынды өнімдерді еккен дұрыс емес деп ойлаймын. Жер белгілі бір адамның жекеменшігі ғана емес, халықтың байлығы. Осы тұста жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары тиянақты болуы қажет. Сонымен қатар, қаржы мәселесін шешу қажеттігі туындайды. Бау-бақша шаруашылығы басқа салаларға қағанда өте көп қаржыны талап етеді және кәсіпке салынған қаражат ұзақ мерзімде айналымда болады. Бұл сала ұлттық қордан бөлінген 5,5%-бен несие беру бағдарламасына енбей қалған. Осы жағдайды өзгерту қажет. Несие беру бағдарламасы аясында тек интенсивті бау-бақшалар ғана қаржыландырылады. Көп жылдық тәжірибемізге сүйенетін болсақ, Қазақстанда қолданылған баулардан да өнім алуға мүмкіншілік бар. Соны тиімді пайдалану басты мақсаттардың біріне айналуы тиіс. Осы арада кәсіби мамандардың жетіспеуі бар. Бау-бақша шаруашылығында жұмыс күші үздіксіз қолданылатындықтан мамандандырылған әрі өз ісін бар ынтасымен жасайтын адамдардың қызмет көрсетуінің маңызы өте зор. Жеміс сабақтарын дұрыс қырқу, қажетінше баптап-күту орындалса бақ жемісті жақсы береді. Ғылым мен бау-бақша саласы бір бағытта өзара серіктестік қарым-қатынас орнату арқылы жұмыс жасау керек. Оның орнына біздің ғалымдар есеп жасап, оны дайындау қағазбастылығымен уақыттарын тиімсіз жұмсауда. Жұмысымызда жаңа тасымалдау жолдары, өнім шығару технологиялары және жаңа сұрып түрлері ауадай қажет.

- Бау-бақша шаруашылығындағы тасымалдау, логистика мәселелері қандай деңгейде?

- Тасымалдау мәселелері де реттеліп келе жатқандығы байқалады. Алайда, теміржол мәселесінде бірқатар түйіткілдер бар. Арнайы рефрижераторлар жетіспейді. Осы мәселені назарға аударуды сұраймыз. Қазақта «әкеден мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар.

- Нарықты реттеу үшін делдалдардан айыру мақсатында «Атамекеннің» қолға алған көтерме-үлестіру орталықтары жайында не айтасыз?

- Көтерме-үлестіру орталықтары Үкіметтің тікелей қатысуымен жүзеге асатын болғандықтан тек бизнестің пайда табу мақсаты емес, шаруаларға жағдай жасау, тұтынушыға тиімді бағамен азық-түлік тауарларын жеткізу басты назарда болады. Ол көптеген даулы мәселелерді шешудің жолы болар еді. Бастаманы қолдап, дамуына бар күш жігерімізді жұмсауымыз қажет.

- Сұхбат бергеніңізге рақмет! Жұмыстарыңыз жемісті болғай!

Сұхбаттасқан Динар Шахай


Еншілес ұйымдар

Серіктестер