astana-view

Кәсіпкерлер палатасы кімді оқытады?

2018 жылғы 08 Ақпан
- Қызылорда облысы
7446 просмотров

Қымбатты достар, кәсіпкерлерге кеңес беру айдарымызды жалғастырамыз. Бүгін Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мәдина Қасымжан кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға арналған курстар мен олардың ерекшеліктері туралы айтып беретін болады

- Мәдина ханым, сәлеметсіз бе. Кәсіпкерлердің атынан кеңес алу кезеңін жалғастырғым келеді. Кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға қатысты қандай біліктіліктің курстары бар жәнек оған кімдер қатыса алады? Мәселен, Кәсіпкерлер палатасымен өткізілетін «Бизнес кеңесші» курсы кәсіпкерлерге не береді?

- «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына сәйкес «Бизнес мектеп» жұмыс атқарады. «Бизнес мектептің» мақсаты кәсіпкерлік негіздері бойынша 3 бағытта дәріс беру. Бірінші сатыдағы оқулар бұл екі күндік қысқа мерзімді «Бизнес кеңесші» курсы деп аталады. Бұл курсты оқытудың мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысуға келген азамат кәсіпкерліктің, кәсіпкерлік қызметтің не екенін, оған қалай келу керек, қандай психологиялық дайындығы болу керек, қандай ұғымдарды білу керек, қай бағытта жылжу керек деген сиықты кәсіпкерліктің негізгі әліппесін білуі тиіс. Оны білмесе ертеңгі күні жеке ісімен айналысамын деп несие алып, қай бағытта жұмыс жасарын білмей тоқырауға ұшырауы мүмкін. осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында «Бизнес кеңесші» курсы ұйымдастырылады.

Кәсіппен айналысатын азаматтарға барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қойылатын міндетті шарт – кәсіпкерлік негіздерін оқығандығы туралы сертификаттың болуы. Көп жағдайда «Бизнес кеңесші» курсын «Бастау бизнес» жобасымен шатастырып жатады. Бұл екеуінің айырмашылығы өте зор. Мысалы, «Бизнес кеңесші» екі күндік қысқа мерзімді курс, «Бастау бизнес» бір айлық кәсіпкерліктің бүге-шігесіне дейін үйрететін толық курс. «Бастау бизнесті» оқыған азаматтар біржола бизнес жоспарларын әзірлеп, оны қорғап несие алуға біртабан жақындайды. 

«Бизнес кеңесші» оқытқанда біз тек бастапқы негізгі ұғымдармен таныстырамыз. Мұнан өзге «Бизнес кеңесші» курсына жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Шектеу қойылмаған.

- «Бизнес өсу» курсын да Сіздер – Кәсіпкерлер палатасы оқытасыздар ма?

- Иә, «Бизнес өсу» курсын да Кәсіпкерлер палатасы өткізеді. Қысқа мерзімді курс болып табылады. Оқу 5 күндік мерзімді қамтиды. «Бизнес өсу» курсын ұйымдастырмас бұрын біз шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен алдын ала сауалнама жүргіземіз. Сауалнама жүргізудегі мақсатымыз – алдағы уақытта кәсіпкерлік субъектілеріне біліктілігін арттыруға қажетті тақырыптар мен бағыттарды анықтау. Биыл да сауалнама жүргізіп, осы жылы өткізілетін курстың тақырыптық бағытын анықтап алдық. Бірінші орында іскерлік кездесулер, маркетинг тақырыбы, мұнан кейінгі орындарда бизнес жоспарлау және персоналды басқару тақырыптары. «Бизнес өсу» курсының «Бизнес кеңесшіден» айырмашылығы: біріншіден, тақырыптарды алдын ала сауалнама арқылы анықтауға болады. Екінші айырмашылығы, «Бизнес өсу» курсына тек қана «Бизнес кеңесші» курсынан өткен, сертификаты бар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ғана қатыса алады. «Бизнес өсу» курсынан өткен азаматтарға да сертификаттар беріледі.

- «Жобалық оқыту» курсына тоқталып өтсеңіз...

- «Жобалық оқыту» - өте қызықты, ұзақ мерзімді курс. Оқу ұзақтығы 2 ай мерзімді қамтиды. Жыл басында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірге тақырыптар бекітіледі. Биылғы жылы біз арнайы сауалнама жүргізу, кәсіпкерлермен пікірлесу арқылы қандай бағыттарға сұраныс бар екенін анықтадық. Биылғы жылға 7 тақырып бекітілді. Оның ішінде мал бордақылау алаңдарын ашу бар, тігін цехтарын ашу, баспахана ашу, оқу орталығын ашу сынды тақырыптар қамтылған. Жобалық оқыту курсының қандай ерекшелігі, айырмашылығы бар? «Жобалық оқытуға» қатысу үшін шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болуы қажет немесе қатысушы азаматтың міндетті түрде «Бизнес кеңесші» оқу курсын бітіргендігі жөнінде сертификаты болуы тиіс. Бұл бірінші ерекшелігі. Екіншіден, «Жобалық оқытуда» таңдалған бір тақырыпқа бірнеше кәсіпкер бірігіп оқиды. Кәсіпкерлерге дәрістерді бизнес-тренерлермен қатар сол салада 3 жылдан астам тәжірибесі бар, озық кәсіпкерлеріміз дәріс беретін болады. Тек дәріс беріп қана қоймай, осы кәсіптің ішкі «кухниясын» көрсету үшін тыңдаушыларды кәсібіне, шаруашылығы апарып көрсетеді. Қандай қиыншылықтары болды? Жетістікке қалай жетті? Бұрын кәсібін неден бастады? Қандай кедергілерге кездесті? Қалай жеңіп шықты? Жаңа құрал-жабдықтарды қалай, қайдан және қайтіп таңдау қажет? Міне, осы сауалдар аясында теориялық білім берумен қатар, өзінің өндіріс орнын көрсете отырып, тәжірибе жүзінде де көрсетеді. Бұл – кәсіпті жаңа бастап немесе кәсібінің бағытын өзгертемін деген кәсіпкер азамат үшін таптырмайтын мүмкіндік және үлкен тәжірибе. Барлық оқу курстарының өткізілу мерзіміне қатысты кестелер алдын ала БАҚ-да, әлеуметтік желілерде жарияланады. Мұнан өзге, бұл курстардың барлығы да ТЕГІН өткізіледі. 

Әңгімелескен Балдырған Мәмен


Еншілес ұйымдар

Серіктестер