Қызмет көрсету тарихы: Елордадағы капсулалы қонақ үйге шетелдік сарапшы келді (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Кәсіпкер Жібек Әбілбақытова осындай қонақ үй ашуды екі жылдан бері ойға алған. Идея оның отбасы демалысқа шыққанда Біріккен Араб Әмірліктеріне транзитпен тоқтап, әуежайда 17 сағат күтумен уақыт өткізгенде келген.
«Сол уақытта қатты шаршадық, жақын маңда баратын жер жоқ еді, содан бері Астанада осындай қонақ үй ашуды қаладым», – дейді ой бөліскен Жібек.
Road Star қонақ үйі «Нұрлы Жол» темір жол вокзалының алтыншы қабатында орналасқан. Қонақ үйге кіргенде ғарыш корабліне тап болғандай әсер қалдырады. Екі қабатты капсулалы бокстардан тұратын салқын қос бөлме қонақтарға жайлы. Шкафтар да ғарыштық стильде жасалған. Қонақ үйде барлық жүйе автоматтандырылған. Әрбір келушінің зат қоятын жәшігі мен жататын орны арнайы картамен жабдылады.
Ерекше сөрелер, бірнеше гүл құмыралары қойылған қонақүйде басы артық зат жоқ. Ауданы 3 шаршы метр болғанына қарамастан, душ бөлмесі де бар. Қонақтарға сүлгі, сусабын, кондицонер мен тіс щеткалары да ұсынылады. Бір орындық нөмірдің құны 2 мыңнан 5 мың теңге аралығында болады, барлығы да уақытына байланысты.
«Біз ең алдымен жайлы болғанын қаладық. Келушілер душқа түсіп, демала алады. Капсуланың ішіне кондиционер, теледидар мен құлаққап қойылған, сонымен қатар гаджеттерді қуаттауға да болады. Капсулада құнды зааттарды сақтайтын сейф те бар», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің бизнес ашуына, идеясын жүзеге асыруға Астана қаласы кәсіпкерлер палатасындағы «Бизнес-Кеңесші» мектебі көмектесті. Курстан өткеннен кейін бизнес-жоспар дайындап, несиеге капсулаларды сатып алған. Мұндай қонақүй алғаш рет Жапонияда 1979 жылы 1 ақпанда ашылған.
«Өзімде бар қаражатқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, шкафтарды алдым. Ал несие қаржысына капсулалар алынды», – дейді Жібек Әділбақытова.
Бүгінде қонақүйде 6 жатын нөмірі ерлерге арналған, ал 4 орын әйелдерге. Іскер ханым болашақта бизнесін ұлғайтуды қалайды. Сонымен қатар Тараз, Ақтау қалаларында осындай қонақүй ашуды да ойға алған. Бұл іске барынша кіріскен іскер ханым шет елден маман шақырып, арнайы кеңес алуды жөн санаған. Түрік маманы Сонер Мутлу Астанаға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын «Аға сеньорлар» жобасымен келген.
«Осындай қонақ үйді көргеніме қуаныштымын, мұндай Лондонда бар екенін білемін, бірақ поскеңестік елдерде кездестірмеген едім. Өте қызықты шешім әрі бизнесмендер үшін мұндай қонақ үйлерді ашуда жалға алу орны тиімді болса, келушілер ақысын төлей алса, әрине ұзаққа баратын бизнес», – деп атап өтті Сонер Мутлу.
Сарапшы қонақ үйдің басты ерекшелігі бекітілген уақытының жоқтығы екенін атады.
«Қонақ үйді тәулігіне ғана емес, 3 сағатқа ақысын төлеп алған ыңғайлы», – деп атап өтті Сонер Мутлу.
Түркияда мұндай қонақ үй жоқ екенін атаған сарапшы вокзалдың орналасқан жері бизнестің ашылуына әсер ететінін айтты. Стамбулда вокзал қала ортасында орналасқан, сондықтан келушілер тоқтайтын орын іздеп әуре болмайды. Түркияда мұндай қонақ үйлерге сұраныс болмас еді дегенді алға тартты.
«Маған барлығы ұнады, бірақ жарнама жоқ. Біз есебін көрдік, қонақ үйдің бастамасы жақсы, енді ақпараттық арналарға, қонақ үй жұмысын ілгерілететін маркетингті іске қосу керек», – дейді Сонер Мутлу.
Әдетте қонақ үйдің нөмірлері бос бола бермейді, бірақ босап қалған уақытта қарапайым адамдар кіріп, қызығып, аялдауға ақысын төлейді. Капсулаларды қызықтап тамашалаған жұрт таңданыстарын жасырмайды.
«Біз мұндайды теледидардан ғана көретінбіз», – дейді қонақ үйге тоқтаған Айдана. – Демалуға өте ыңғайлы, әрине басында тар сияқты көрінеді, қалай сыямыз деп те ойладық. Бірақ іші кең әрі жайлы».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: