astana-view

Автобизнес: табыс пен тиімділік қатынасы

2018 жылғы 24 Шілде
4042 просмотров

Қазіргі таңда темір тұлпарға теңелген автокөлікті шығаратын ел де, көліктің маркасы да, түрі де, сипаттамасы да әрқилы. Автокөлік байлық пен мансаптың белгісі болудан гөрі, күнделікті тұрмысқа қажетті техникаға айналған. Қазақстанда қанша көлік бар? Кәсіпкерлік салада көлік арқылы табыс табудың жолдары қандай? Автобизнестің тиімділігі мен табыстылығы шынайы ма? Бұл сауалдар кәсіп бастауға ынталы азаматты ойландырары анық...

Қазақстан: көлік саны мен нарық сипаттамасы

Қазақстан Республикасы Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша тіркелген жеңіл автомобильдердің саны 3828,9 мың бірлікті құрады.

2018 жыл қаңтар-мамырда 332,9 мың бірлік жеңіл автомобильдер тіркелген немесе 2017 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 67,9% артық. 2018 жылғы мамырда тіркелген жеңіл автомобильдер саны 2017 жылғы мамырмен салыстырғанда 81,9% артты.

Қазақстан Республикасында 2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жеңіл автомобиль қозғалысының басым бөлігін (тіркелген жеңіл автомобильдердің барлық санынан 91,5%) жанармай ретінде бензинді қолданды, 5,1% – аралас жанармай1), 1,6% – дизельдік жанармайды.

Қазақстан Республикасында 2018 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша шығарылған жылы бойынша барлық тіркелген жеңіл автомобильдердің көпшілігін шығарылу жылы 10 жылдан (62,5%) асқан автомобильдер құрайды. Барлық тіркелген автомобильдердің 13,6% шығару жылын 3 жылдан кем емес автомобильдер, шығару жылы 3 жылдан 7 жылға дейін – 12,3%, 7 жылдан 10 жылға дейін – 7,6% құрайды.

Автокөліктердің санын өңірлерге шаққанда ең көп автокөлік Алматы облысында тіркелген – 47 720, одан кейін Түркістан облысы – 47 086, Алматы қаласында – 40 010. Тиісінше Солтүстік Қазақстан облысында – 7 792 көлік тіркелсе, Батыс Қазақстанда – 9 448, Атырау облысында 10 161 көлік тіркеуден өткен.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ресми дилерлер 46 377 көлік сатқан, 2016 жылдың көрсеткішінен 5,8%-ға артық. Ел азаматтары жаңа көлік алу үшін $1,12 млрд жұмсаған, алдыңғы жылдан 28,6%-ға жоғары.

Сұранысқа ие танымал марка – Toyota. Есептік кезеңде республика аумағында 9 252 жапон көлігі сатылған. Lada сатылымы - 8 729 бірлік. Одан кейін Ravon – 4 6231. Үздік бестікте – Hyundai (3 624) және GAZ (2 611).

Негізінен Алматы (11 928), Астана (8 383), Қостанай (2 893 бірлік), Қарағанды (2 762), Орал (2 437), Өскемен (2 224), Ақтау (1 763) және Ақтобе (1 734) тұрғындары жиі көлік сатып алған.

Автобизнес: кімге тиесілі бизнес?

Автокөлік бизнесін ерлерге тән кәсіп ретінде қабылдайтыны анық. Жеке көлігі бар, бірақ тұрақты жұмысы жоқ азаматтар жолаушы тасымалдаумен күн көреді. Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған, ресми тіркелмеген, көлік салығынан басқа ешқандай салық салмайтын азаматтар қатары аз емес. Дегенмен жеке жолаушы тасымалдау кәсібімен айналысу үшін диспетчерлік қызметпен келісімшарт жасап, жеке такси қызметін рәсімдеуге болады.

Көлікпен байланысты бизнесте жөндеу, техникалық қызмет көрсету, көлікті бояу-сырлау жұмыстарымен айналысуға болады. Көлік иелері көп жағдайда көлікті жүргізгені болмаса, жөндеу жағынан хабарсыз. Сондықтан бұзылған жағдайда кәсіби шеберлерді іздестіретіні анық. Көлік саны да, пайдаланушылар қатары да артып отырған уақытта көлік жөндеумен айналысу тұралап қалмайтын, сапалы қызмет көрсетілсе, әрдайым клиент үзілмейтін кәсіп тұрі болмақ. Көлік жөндеумен айналысу үшін орынжай мен арнайы құрал-сайман алу үшін бастапқы қаражат керек. Сапалы қызмет көрсетілсе клиенттің өзі де, ол ұсынған келушілер қатары да арта түседі.

Үлкен қалалар мен курорттық аймақтарда көлікті жалға беру кәсібі дендеп еніп келеді. Іс-сапарға келген азаматтар жеке көлікпен жүріп үйренген болса, әрі қала ішіндегі қатынауы жиі болса, онда көлікті жалға алғанды жөн санайды. Сонымен қатар курорттық аймақта ұзақ демалысқа келгендер де жеке көлікпен шалғай жерге уақытты сарп еткізгенше, ұшақпен не пойызбен жеткен жоқ, көлікті жалға берушілердің қызметін пайдаланады. Көліктің сапасы, шығарылған жылы, маркасына қарай жалға беру құны да өзгереді. Орташа алғанда нарықта Астана, Алматы секілді ірі қалаларда көлікті жалға алу құны – 6000 теңге. Бұл кәсіпті іске асырғанда көліктерді міндетті түрде сақтандыру керек. Ұсақ-түйек бұзылулардан бастап, апатқа ұшырау, ұрлау жайттарын назарға алған абзал.

Көліктерді жалға беру кәсібінің өзі салаларға бөлінеді. Айталық жеңіл автокөліктерді жалға берумен айналысатындар бар. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларының арнайы техникаларын да жалға беруге болады.

Ауыл шаруашылығымен, құрылыспен айналысатын кәсіпкерлер арнайы автокөлік сатып алу үшін бірден көп соманы құюға тәукел етпейді. Себебі кәсіппен айналысуды енді бастаған тұста қаражатты үнемдеу, табыс табуға дейін жету межесін белгілейді. Ал арнайы техниканың құны кез келгеннің қалтасына оңай соқпайтыны белгілі.

Ауыл шаруашылығының маусымдық жұмыстарында комбайн, трактор секілді техникаларды жалға беруге болады. сонымен қатар Құрылыс саласында краннан бастап, жүк көтеретін, тиейтін арнайы техникаларды жалға беруге болады. Екі тарап пайдалану мерзімі, төлемақысының мөлшері, төлем жүргізу түрі, міндеттері мен құқықтары көрсетілген келісімшарт жасау арқылы мәмілеге келіп, ортақ істі бастайды.

Автобизнесте сонымен қатар, көлік жуу, автөліктің қосалқы бөлшектерін сату, техникалық байқау, диагностика жасау, автокөлік айдауды үйрету, тіпті алкоголь пайдаланған көлік иелерінің орнына көлік жүргізу-жеткізу қызметін ұсыну түрлері бар.

Автобизнес: қыз-келіншектердің үлесі бар ма?

Жеке кәсіп ашуды ойластырғанда әйелдердің такси қызметі де сұраныста. Көп қыз-келіншектер ер адамдардың жеткізгенін қаламай, жүргізушілердің қатарында тәжірибелі қыз-келіншектерді сұрастырады. Бұған бірнеше себеп әсер еткен. Айталық, ер азаматтардың артық сұрақ қоюы, сұстылығымен жететін жерге дейін қорқыныш ұялатуы, клиенттің көңіліне жақпайтын, мысалы шансон, ауыр рок сынды әуендерді тыңдауының өзі әйел жүргізушіге деген сұранысты арттырады.

Қызметтің бұл түрін іскер қыз-келіншектер саны басым ірі қалаларда іске асыруға болады. Ол үшін ондаған көліктен тұратын автопарк құру керек. Бірдей маркалы көліктер болса, нарықта көңіл аударуға әсер етеді. Сонымен қатар, көлікті ерекше безендіріп, тазалығын, хош иісін қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, клиенттердің әуен таңдауына ыңғай білдіріп, жеткізуді барынша жайлы әрі қауіпсіз ұйымдастырған табыстылықтың белгісі болмақ.

Бұл бизнесте тәжірибелі, қаланың ішінде қозғалысты, қатынауды жықсы білетін қыз-келіншектер таңдалынады. Сонымен қатар көліктің бұзылуы, жөнделуінен хабарлы болса, тіпті жақсы, Кейбір әйел жүргізушілері дөңгелегін өздері ауыстыра алатын қабілетке де ие.

Автобизнесте автокөліктердің ішін безендіру, орындықтарына арнайы тыс тігу де – осы салада пайда табудың бір жолы. Тігін тігу, пішу, арнайы дизайнын ойластыруға қабілетті маман жеке бизнесінің бір саласы ретінде көліктерге арнайы тыс тігуді қолға алуына болады.

Қорытынды орнына...

Жеке кәсіппен айналысу, табыс табу бүгінгі күннің ең өзекті де маңызды тақырыбына айналып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуды қалайтындар қатары да артып отыр. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы – 2020» мен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары арқылы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлікке баулу, қаржы сауаттылығын арттыру курстарына оқытып, кәсіп бастауға бейімдеп келеді.

Ауыл-аймақтағы тұрғындар «Бастау» жобасы арқылы бизнес-тренерлермен бірге түрлі бизнес-идеяларды тұтас жобаға айналдырып келеді. Соның ішінде өңірдің ерекшелігіне, сұранысына қарай автобизнес түрлерімен айналысу табыстылық пен тиімділіктің бір жолы болары анық.

 

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер