astana-view

Парниктік газдарды басқару стандарттары жаңартылады

2018 жылғы 07 Тамыз
6183 просмотров

«Атамекен» алаңында ҚР Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің № 103 «Парниктік газдарды басқару» атты бірінші отырысы өтті

Қазақстан климаттың өзгеруін болдыртпау бойынша жаһандық саясаттың қатысушысы болып, парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша халықаралық қоғамдастықтың ерікті міндеттемелерін өз жауапкершілігіне алды. Мақсатқа жету үшін парниктің газдар қалдықтарын басқару механизмдерін енгізуге арналған нормативті-құқықтық база халықаралық тәжірибені есепке ала отырып әзірленіп, жетілу үстінде.

Жиынды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мен жер қойнауын пайдалану жөніндегі комитеттің мүшесі Марат Бопазов ашып, энергияның жаңартпалы көздерін дамыту стратегиясына қатысты мәселелер мен қоршаған ортаға зиян тигізуді азайту тетіктерін атап өтті. Осындай шаралар Қазақстанның «жасыл» экономикаға жедел өтуге септігін тигізеді.

 

ҚР «Атамекен» ҰКП Экология департаментінің директоры  Айжан Башееваның айтуынша Париж келісімі бойынша 2030 жылы Қазақстан парниктік газ шығарындыларын 1990 жылмен салыстырғанда 15 пайызға қысқарту керек.

Дегенмен мамандар бұл бағыттағы нормативті-құқықтық, нормативті-техникалық мәселелерді күн өткізбей шешу керектігін айтады.  

2006 жылы жарияланған парниктік газдарға арналған ISO стандарттар сериясы парниктік газ шығарындыларын қысқарту мен парниктік газ шығарындыларын саудалауға бағытталған бағдарламаның маңызды құралы болғаны анық.

«2013 жылы парниктік газ шығарындыларын есептеу мен верификация жасау бойынша пилоттық бағдарлама іске қосылған болатын,-дей келе, ҚР Энергетика министрлігі «Жасыл даму» АҚ бас директорының орынбасары Гүлмира Сергазина. -2014-2015 жылдары 116 өндіріс ошағы квота саудасына қатысқан.  Ал 2016 жылы бұл жүйе 2018 жылға дейін тоқтатылған»,-деп айтты.

2018 жылы квоталарды бөлу қайтадан қарастырылды. Қазақстандағы парниктік газ шығарындыларын квоталау субъектісіне (жыл сайынғы көмірқышқылын бөлу нормасы 20 мың тоннадан асатын)- мұнайгаз, электрэнергиясы, кен орындары, металлургия, химия, өндіруші мекемелер оның ішінде- құрылыс материалдары: цемент, әк, кірпіш және т.б. жатады.  

Қазақстанда ISO 14065: 2013 «Парниктік газ. Парниктік газды верификациялау мен валидациялауға арналған органдарды аккредитациялау талаптарына» сай келетін парниктік газ есебін верификациялайтын 11 тәуелсіз орган бар.  

ҚР Инвестициялар және Даму министрлігінің «Ұлттық аккредитация орталығы» ЖШС 2017 жылдан бері  парниктік газдарды верификациялау және валидациялаушы органдарды аккредитациялау жұмыстарын жүргізіп келеді. Мекеме бас директорының орынбасары Айтмұхан Мусин бұл жүйеде төрт негізгі ақау барын айтады.

Бұлар:- заңнамада валидация, верификация жасайтын эксперттердің біліктілігіне байланысты критерийлер жазылмаған;

- СТ ҚР ISO стандарты талаптарын, менеджмент жүйесін меңгерген верификация, валидация органдары қызметкерлерінің білім деңгейі жеткіліксіздігі;

- осы бағыттағы келісім-шарттарды қабылдаудағы белгіленген талаптардың жоқтығы және т.б.

Қазіргі таңда парниктік газды реттеуші ТС207/SC7 ISO Техникалық комитеті қолданыстағы стандарттардың болашақта нарық талаптарына сай болатындай өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыр.

Олар:

ISO 14064- 1-Бөлімі. Парниктік газдар. Техникалық талаптар және парниктік газдарды жою және эмиссиясының есеп шарттарын ұйымдастыруды басқару;

ISO 14064- 2-Бөлімі. Парниктер газдар. Парниктік газдың шамадан тыс мөлшерін жою, эмиссиясын қысқарту туралы есеп, мониторингі, жобалаушыларға арналған техникалық талаптар және басшылық.

ISO 14064- 3-Бөлімі. Парниктік газдар. Парниктік газдарға қатысты бекітілген валидация және верификацияны басқару және техникалық талаптары.

ISO 14065. Парниктік газдар. Валидация, верификациялаушы органдарға аккредитациялау бойынша қойылатын талаптар.

Бұл стандарттарға енгізілген өзгертулер парниктік газдарға қатысты сандық бағалау және есеп беру жүйесін стандарттауға қатысты болады.

ISO 14064 стандарттар тобы және ISO 14065 стандарты әлем бойынша қолданылады және өзекті, сонымен қатар парниктік газ шығарындыларын басқару саласының талаптарына жауап беру үшін қайтадан қарауды қажет етеді.

Қазақстан Республикасы №103 Техникалық комитеті парниктік газ шығарындыларын қысқарту, шамадан тыс мөлшерін жоюға байланысты техникалық реттеу және басқарудың техникалық талаптарын қарастырады. Сонымен қатар стандарттау мәселесін мемлекеттік, мемлекетаралық, аймақтық, халықаралық деңгейде  талқылауды ұсынады.

Парниктік газды басқарудың  халықаралық тәжірибелері бойынша Канаданың Парниктік газдарды басқару саласындағы ISO  техникалық комитетінің төрағасы  Робер Волкман сөз сөйледі.

Жиын соңында Қазақстанның табиғатты пайдаланушылар ұйымымен ынтымақтастық негізінде №103 ҚР ТК арасында, Канаданың техникалық комитеті мен ҚР №103 ТК арасында, «CLEANTECHLATVIA» таза технологиялар  кластері мен ҚР №103 ТК арасында үш меморандумға қол қойылды.

Өткізіліп отырған шара Қазақстанның халықаралық нарықта квоталар саудасын жүргізуі үшін маңыздылығын жоймайды.

Біздің анықтама:

ҚР №103ТК ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің  Техникалық реттеу және метрология комитетінің 08.01.2018 жылғы №4 бұйрығына сәйкес  «GREENORDA PROJECT» ЖШС жанынан құрылған. ҚР №103 ТК құрамына мемлекеттік органдар, ҚР «Атамекен» ҰКП   «ҰАО» ЖШС, парниктік газды валидациялау мен верификациялау бойынша ассоциациялар, аккредитацияланған органдар, «CLEANTECH» -Латвия шетелдік ұйымы және т.б. кіреді.

ҚР №103 ТК- халықаралық стандарттау бойынша ISO/TC207/SC7 техникалық комитеттің толық мүшесі.

Техникалық комитеттің міндеті- стандарттарды дайындау, мемлекеттік және халықаралық деңгейде жобаларын қарастыру. Бұл комитет сала бойынша мамандардан құралған еріктілер тобы Қазақстан Республикасы №103 Техникалық комитетінің арнайы бюджеті жоқ.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер