astana-view

Шетелдік эксперт дәнді дақылдар егісінде аурулар мен зиянкестердің алдын-алу жолдарын үйретті

2018 жылғы 09 Қазан
6460 просмотров

АӨК субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету бағдарламасы аясында «Атамекен» ҚР ҰКП Біліктілік орталығының арнайы шақыруымен шетелдік сарапшы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ресейдің Белгород университетінің профессоры Виктор Коробов келді.

Ол жаздық жұмсақ бидайды өсірудің заманауи технологиялары, астық өнімділігін арттыру жолдары, өсімдік аурулары мен зиянкестерден қорғау жұмыстары бойынша Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы «Мирас 2000» ЖШС, «Sapa Grain АФ» ЖШС, «Құралай МК» ЖШС, «ABS Agro» ЖШС, «Кең бидайық-Астық» ЖШС шаруа қожалықтарын аралап, жергілікті фермерлерге циклды семинарлар өткізді.

«Мен аралаған 5 шаруашылық негізінен Ақмола облысының оңтүстік батысындағы Қорғалжын ауданында орналасқан. Бұл 4-ші табиғи-экологиялық белдеуге жатады. Қыр аймағының топырағы ұсақ құмдауыт, ауа-райы шұғыл-континенталды. Қысы созылыңқы, жазы қысқа болғандықтан вегетациялық кезеңі ұзақ жүреді»,-деді В.Коробков.

Қазақстанда өндірілетін жаздық бидайдың орташа өнімділігі гектарынан 14-15 центнерді құрайды, ал жаңа сорттардың әлеуетті өнімділігі 40-50 ц/га жететінін айтады спикер.

Фитосанитарлық бақылау үнемі жүргізілуі керек


Зиянкестермен күресу және экологиялық таза өнім алу үшін агротехникалық шаралардың орны маңызды. Топырақтағы инфекция қоры мен зиянкестерді жоюға, төзімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, өсу үдерістерін жақсартуға, агробиоценоздағы улы химикаттың әсерін төмендетеді.

«Шаруалар топырақтағы қоректік элементтердің мөлшерін, құнарлылығы мен құрылымын үнемі назарда ұстау керек. Ол үшін алдымен фитосанитарлық сараптама жұмыстары яғни тұқымды, отырғызу материалдарын және өсіп тұрған өсімдіктерді фитосараптамалаудан өткізген жөн. Классикалық 9-12 танапты ауыспалы егістіктің болмауы салдарынан танаптардың фитосанитарлық жағдайының нашарлағанын көріп жүрміз. Фитосанитарлық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде фермерлерге кез келген дақылды қорғау шарасы бойынша ұсыныс беріледі»,-дейді В.Коробков.

Жасыратыны жоқ, бүгінде еліміз бойынша егістікте ауру инфекцияларымен залалданған тұқым себіледі. Оның 70 пайызы тұқымдық материал арқылы тарайды.

«Тұқымдардың патогендік кешенінің құрамы саңырауқұлақтардың, бактериялар мен вирустардың ондаған түрінен тұрады. Олар өсімдіктің өсуіне кері әсерін тигізеді. Тамыр жүйесінің ризосферасында жинақталатындықтан өсімдікті шірітеді. Соның салдарынан фузариоз, бактериоз сияқты түрлі аурулар тамырды жайлайды, трахеомикоз сияқты аурулардың қоздырғышына айналады. Одан бөлек өсімдіктің физиологиялық үдерістеріне теріс әсер ететін микотоксиндерді бөледі»,-дейді ресейлік эксперт.

Фермерлердің тұқымды себу алдындағы өңдеу жұмыстарын жүргізбеуі, дәрілеуіштерді дұрыс таңдамауы тұқымдық инфекцияның өну кезінде жаппай көбейтеді, өсімдікті өсірмейді.

Сондықтан да фермерлер алдын- ала жасалған фитосанитарлық бақылау нәтижелеріне жүгіну қажеттігін айтады спикер.

Топырақ қабатының тозу себептері қандай?


Ресейлік эксперттің айтуынша, солтүстіктегі кейбір шаруашылықтардың топырақ қабаты тозған. Топырақтағы гумус көлемі 2-4 пайызды ғана құрайды.

4396 гектар жерді алып жатқан «Мирас 2000» ЖШС фермерлік шаруашылығы бидай, арпаны жыл сайын егеді. Шаруашылықта ауыспалы егіс қарастырылмаған, тыңайтқыш қолданылмайды. Сатып алынатын тұқымға фитосанитарлық экспертиза, алқапқа фитосанитарлық зерттеулер жүргізілмейді.

«Шаруашылыққа тұқым сортын тез арада ауыстыруды ұсындық. Болашақ жиналатын егін дәні күннің астында 3-5 күн аралығында жатуы керек. «Ламадор» препаратымен тұқым өңделуі қажет, бұл тұқым жүйесін қатайтуға ықпал етеді, әйтпеген жағдайда барлық қырман жарамсыз болу қаупі бар. Тұқымды өңдер алдында оның таза, шөп-шалаңсыз болғанын қадағалау керек. Арпаны ауыспалы егісте өсіру арқылы седеральді парды қолдану тиімді болмақ»,-дейді В.Коробков.

Еліміз бойынша топырақ деградациясын тоқтатудың жолы тек химиялық сипат емес. Бұл физикалық факторлармен тікелей байланысты.

«Кеңестік заманда көп танапты ауыспалы егістіктер құрамындағы көпжылдық шөптердің арқасында топырақтың құрылымы сақталды. Осы күндері шаруа қожалықтарының көпшілігі минималды және «нөлдік» топырақ өңдеу технологияларын қолданып келеді»,-дейді В.Коробков.

Жаздық бидайды зиянкестерден қалай қорғаймыз?


Фермерлер жаздық бидайда ең кең таралған және зиянды қоңыр тат, септориоз, жапырақтардың сары дақтылығы және тамыр шірігі, зиянкестерден, астық көбелегі,  біте (трипс) және өсімдік биті (тля) барлығын айтып дабыл қағады. Оны болдырмаудың, алдын- алудың жолдары да шаруашылықта өткен семинар аясында айтылды.

«Шаруашылықтар үшін маңызды мәселелердің бірі – танаптарды жойылуы қиын атпатамырлы арамшөптердің, карантиндік арамшөп – жатаған укекіренің жаппай таралуы. Бұл проблема әлемнің әлемнің қай түпкіріне барсаңыз да кездесіп жатады. Жаздық бидайдың ауруларымен күрес үнемі жүргізілуі керек, бұл жұмыс науқандық сипат алса тиімді болмақ. Өсімдік биті пайда болған алқаптарды глифосат, гербицидтер бүрку арқылы өңдеу маңызды»,-дейді ресейлік сарапшы.

Аурулар мен зиянкестердің эпифитотиялық дамуы кезінде астық түсімі 15-20% құрайды, ал ерте пайда болған кезде олардың көлемі 30-40% және одан да көп болуы мүмкін. Олар жылдам тарайды. Қолайлы жағдайда қысқа уақыт ішінде олар бірнеше миллион гектарға дейін алқапты жауып қалады.

«Зиянкестер мен аурулардың пайда болу себептерінің бірі ауыспалы егістің болмауы, жоғары білікті мамандардың жоқтығы, жерді пайдаланудың дәйекті нормативінің ескіргендігі, фитосанитарлық бақылаудың әлсіздігі, өсімдік қорғау саласындағы химиялық препараттарды дұрыс қолданбау, тыңайтқыштар себетін техниканың дұрыс таңдалмауы сынды ескертулер айтылды»,-деді Виктор Коробков.

Ресейлік маман Қорғалжын ауданындағы «Sapa Grain АФ» ЖШС шаруашылығының жер жағдайымен танысып, алқаптарын аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Мұнда да өсімдік қорғау бағытында жұмыстарды нығайту керектігін айтады.

««Sapa Grain АФ» ЖШС 10353 гектар жердің 8000 гектар аумағына «Шортандылық- 95» бидай сортын өсіреді. Бұл  А.И.Бараев атындағы АШҒӨО селекционерлері шығарған қазақстандық озық сорттың бірі. Шаруашылық егін алқаптарына минералды тыңайтқыштар қолданбайды, ауыспалы егіс қарастырылмаған. Бидай трипсі пайда болған алқаптар кездеседі»,-дейді В.Коробков.

Эксперт бұл шаруашылықтың жұмыс тынысын қанағаттанарлық деп бағалағанмен пайдалы ақыл-кеңестер айтты.

«Ғылыми негізделген ауыспалы егіс керек, өсімдік ауруларымен күрес кестесі, күзде міндетті түрде алқаптарды өңдеу қажет. Өйтпеген жағдайда өсімдік биті сабан арасында қалып қойып, келер жылы қайтадан пайда болады, бұл диқанды қосымша шығынға батырады»,-дейді ол.

Астық өнімділігін арттыру-басты назарда


Шетелдік эксперт ЖШС директорлары, кәсіпкерлермен кездесіп, сұхбаттасу кезінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру және салалық кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жақтарын талқылады. Астық өнімділігін арттырудың заманауи бағыттарына тоқталды.

«Шаруашылықтардың ішіндегі ең көлемдісі  «Құралай МК» ЖШС, оның жер көлемі 16884 гектарды құрайды. Егін түсімі гектарына 18-25 центнер. Дегенмен шаруашылық ауыспалы егісті қарастырар болса, фитосанитарлық зерттеулерді дер кезінде қолға алса өнімділік көлемі одан да артады. Яғни көктем мен күзде топырақты дәрілік биопрепараттармен өңдесе өсімдік ауруларының эпидемиясы белең алмайды»,-деді Виктор Коробков.

Егіс айналымына майлы және бұршақ дақылдарын енгізе отырып, себілетін дақылдар алаңын әртараптандыру өсімдіктердің ауруын төмендетуі және дәнді және басқа да өңделетін дақылдардың өнімділігін арттыратынын айтады эксперт.

Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру қажеттігін атап өткен болатын. Негізгі міндет-еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер