astana-view

Тауардың шығу түбі сертификаты және оны алу

2019 жылғы 20 Мамыр
47305 просмотров

Сертификат - тауардың шығу тегін, қай елдің өнімі екенін көрсететін құжат. Бүгінгі әңгімеміз отандық тауарлар сертификаты жайлы болмақ. Бұл сертификат кедендік рәсімдеулер кезінде керек.

СТ-1, СТ-2, EAV, А, дегендей экспортқа арналған түпнұсқа сертификаттар болады. Бұл тауар бағытталған елдегі тарифтік артықшылықтар мен жеңілдіктерді реттеуге өз септігін тигізеді.

Егер, сіздің сертификатыңыз кедендік жеңілдіктерде қарастырылмаған болса да, шетелдік әріптесіңіз сізден сертификат сұрауға құқылы. Ол сол елдің заңнамасына сәйкес не болмаса халықаралық келісімдерге сай әрекет болуы да мүмкін.

Мемлекеттік сатып алуға қатысып жатқан, қолында СТ-KZ сертификаты бар кәсіпкер басқа кәсіпкерлерге қарағанда басымдыққа ие болады.  Мәселен, екі кәсіпкердің конкурсқа ұсынылған бағалары тең түскен жағдайда отандық тауар өндірушінің пайдасына оң шешім шығарылады.

Қазіргі таңда Кәсіпкерлер Палатасы СТ-KZ сертификатын Индустриалды сертификатқа ауыстыру жайлы ұсыныс көтеруде. Сондай-ақ, индустриалды сертификаты бар кәсіпкерге  сатып алу кезінже жеңілдіктер қарастыруда.

 

Сертификатты алу керек пе әлде қажеті жоқ па?

Бұны енді, кәсіпкердің өзі шешеді. Бұл жайлы серіктестеріңізбен бірігіп жұмыс істеген кезде келісімшартқа жеке тармақ қосып қойсаңыз да болады. Сондықтан да қазақстандық кәсіпкерлер көбіне сертификатты алуға күш салады.

Бірақ, ара-тұра байқауға өздерінде тауар өндіретін құрылғыларының бар екенін, барлық талаптарға сай екенін, өздерінің тауарларының отандық өнім екенін өтірік көрсететін алаяқтар да кездесіп жатады.

Сол үшінде Сертификат беру Ережесінде бұл мәселелер қарастырылған. Сертификат бермес бұрын сол саланың эксперт-маманы өндіріс орнына барып, технологиялық процесстерді көзімен көріп, тауардың таңбалануын, қатталуын, санатын жіті тексереді.

 

Елімізде бұл сертификатты қай мекеме тапсырады? 

2014 жылдан бері бұндай сертификаттарды табыстайтын бірден-бір орган  «Атамекен» ҚР ҰКП.

Заң талабына сай «Атамекен» және оның өңірлік Палаталары тауардың шығу тарихы жайлы анықтаманы, сертификаттардың көшірмесін және бірқатар құжаттарды 3 жылға дейін сақтау секілді, отандық тауарды пайдаланушы елдерге біздің мөрлеріміз бен лауазымды тұлғаларымыздың қол қою үлгілерін жіберу секілді функцияларды өз мойнына алып отыр.

2018 жылдың 27 наурызынан бастап «Doing business» Бүкіләлемдік банкі рейтінгінде Қазақстан позициясының жақсаруына байланысты бірқатар өзгерістер пайда болды. Бұрын қайта өңделетін шикізаттарға міндетті түрде берілетін сертификаттар қазіргі таңда «Халықаралық сауда» индикаторы  нормасы бойынша қажет емес болып қалды.

Нәтижесі көзге ұрып тұр. Сертификат алу бұрындары 3 күндік жұмыс болса, енді 1 күнде ала аласыз.

«Атамекеннің» атқарып жатқан ісі аз емес. Тауарларға электронды сертификат беруді де қолға алды. Бұл  бизнеске жеңілдік жасаумен қатар сертификат беру кезіндегі бассыздықтарға жол бермеуге негіз болып отыр.

 

Құжаттарды электронды тапсыру

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап тауардың шығу тарихы жайлы сертификатқа құжатты электронды түрде тапсыра аласыз. Енді, барлығын кеңсеңізде отырып істей аласыз. Бұрынғыдай Кәсіпкерлер Палатасына барып әуре болмайсыз.

Сайт арқылы құжат тапсырған кәсіпкер баяғыдағыдай екі мәрте сандалмай, дайын сертификатын алып кету үшін ғана кәсіпкерлер Палатасына баратын болады.

Сондай-ақ, барлық Өңірлік Палаталарда кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін өзіне өзі қызмет көрсету аймақтары ашылды.

Бұл жайлы толық ақпаратты doc24.kz порталынан ала аласыздар.  

 Бүгінгі таңда Қазақстаннан экспортталатын тауарлардың шығу тегін анықтау халықаралық Ережелерге сай жүргізілуде.  Сертификатты алуға кететін уақыт – 1 күн.

 

Сертификаттардың жарамдылық мерзімі:

СТ-1, СТ-2, EAV, жалпылама «Түпнұсқа» түрі – берілген күннен бастап 12 ай.

«А» түрі – берілген күннен бастап 10 ай.

Сондай-ақ, ішкі айналымға негізделген «СT-KZ» түріндегі сертификат бар. Бұл сертификатты алу үшін кәсіпкер Өңірлік палатада рәсімделеді. Содан кейін Ережеге сай эксперт-мамандар өндіріс орнын тексеріп қайтады. Құжаттар түгел болған жағдайда екі күн ішінде сертификатыңызды қолыңызға аласыз.  Бұл сертификаттың жарамдылық мерзімі 12-36 ай.

 

Осы уақытқа дейін қанша сертификат берілді?

2019 жылдың 1 тоқсаны бойынша 14 001экспорттық сертификат берілген. Ал, ішкі нарыққа арналған «CT-KZ» сертификат саны   1 632 . Салыстырып қарар болсақ 2018 жылдың 1 тоқсанында экспорттық сертификат 13 610 болса, «CT-KZ» 1 568.

Сертификат беруді аймақтар бойынша бөліп қарар болсақ, топ басына Қарағнды облысы шығады.

Экспорттық сертификаттар әлемнің 73 еліне тауар шығаруға берілген екен.

Тауарлардың шығу тегі жайлы толық ақпаратты http://atameken.kz/ru/services/5 сілтемесіне өту арқылы ала аласыздар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер