Құланөтпес атауының шығу тарихы
Тарихи жер-су атауының топонимикалық анықтамасын алуда халық аңыздарына да арқа сүйейтініміз анық. Құланөтпес жері ғасырлар қойнауынан ата-бабаның естелігі болып бізге жетті. Жердің Құланөтпес аталуы сонау ХІІІ-ғасырдан негіз алған. Аңызға сүйенсек, Ертеде, Шыңғысханның үлкен ұлы – Жошы Дешті Қыпшақты түгел жаулап алып, билігін жүргізіп тұрған кезінде бір күні нөкерлерімен серуен құрып, аң аулауға шығады. Келе жатып, алдарынан топ құланға кездеседі де қуып кеп береді. Қуғынның қызығына түскен Жошы, қасындағы нөкерлерінің ілесе алмай алыста қалып қойғанын байқамайды. Хан баласы шауып келе жатып, садағын бұра тартып қалып, топ құланның айғырын аяғынан жаралайды. Ашынған ақсақ құлан айналып келіп Жошының өзіне шауып шайнап, таптап өлтіреді. Соңынан қуып жеткен нөкерлері өліп жатқан хан баласын көріп қатты сасады, Шыңғысханға калай хабарлауды білмейді. Қайтып оралған нөкерлердің ешқайсысы ханға қаралы хабарды жеткізуге батылы бармайды. Бір жамандықты сезген Шыңғысхан «Кімде-кім жамандық хабар жеткізсе, басы шабылады» деп қаһарланады. Сонда ел ішінен қарт күйші Шыңғысханға келіп қаралы хабарды домбырамен «Ақсақ құлан» күйін тартып естірткен екен.
Басқа деректерде Жошы өлімін Шыңғысханға Найманнан шыққан Кетбұғы жыршы жеткізеді. Сонда хан қарт тартқан күйден бәрін түсінеді де, күйшінің басын алуға әмір етеді. Сонда қарт: «Тақсыр, мен саған ештеңе айтқам жоқ, сөйлеген мына менің домбырам»–дейді. Шыңғысхан домбыраның көмейіне 38 қорғасын құйып, үнін өшіруге әмір етіпті және сарбаздарына сол жерден ұзыннан-ұзақ терең ор қаздырып, қазақтың сары даласындағы құлан біткенді қазылған орға айдап құлатуға жарлық беріпті. Сол казылған ор кейін өзенге айналып, «Құланөтпес» аталып кеткен екен.