ШАЙТАНКӨЛ – аңыздар мекені
Қазақстанның ең әдемі, көрікті жерлерінің бірі - Қарқаралы. Қарқаралы сілеміндегі көлдер мен өзендер, таулар мен қайыңды, қарағайлы ормандар ерекше сұлулықтарымен көз тартады. Бұғылы, Шаңкөз, Мәтен, Әулие, Қызыларай таулары ғажап көрінісімен көңілінді баурайды. Қарқаралы жері - тұнып тұрған аңыз-ертегі. Солардың ішінде Шайтанкөлдің адам білгісіз керемет сыры бар.
Шайтанкөл биіктігі шамамен 1200 м. болатын Бұғылы тауының ең биік аңғарында, тау шыңында орналасқан. Оның бір беткейі еңкіштеу. Ал екінші жағы құлама тік жар. Таудың ең биігінде шағын тостағанға ұқсайтын мөп-мөлдір көл жатыр. Ұзындығы – 60 м, көлденеңі – 40 м.
Бұл көлдің Шайтанкөл аталуы тегін емес. Себебі тостағанның орта тұсы қап-қара болып, иірімденіп жатады. Көлге түсіп шомылуға адам өзінен-өзі жүрексінеді. Тағы бір қызығы көлдің қарсы жақ жағалауларының арасының алыс еместігіне қарамастан, кейде келесі жағадағы адамдар көрінбейді. «Шайтан алып кетті ме, қайда кетті» дегеннен Шайтанкөл атанып кеткен дейді.
Шайтанкөлдің таудың ұшар басына орналасуының өзі-табиғаттың құдіреттілігі.
Үлкендердің айтуынша бұл көл әуелде Әулиекөл деген атауға ие болған екен.
Жергілікті қазақтар, таудың ұшар басында, бастауы жоқ, тостағанға құйып қойғандай ықшам болып жатқан, ағын су келіп қосылмаса да жыл он екі ай суы ортаймай бір қалыпта тұратын,өзі де ешқайда ақпайтын, әрі десе кейбір көлшіктер тәрізді жаздың ыстығында суы сасымай ( ешқайда ақпай бір орында тұрған судың сасып кететіні болушы еді) сап-салқын болып жаңарып тұратын қасиетіне қарап бұл көлді қасиетке балап, суына келіп беті-қолдарын жуып, емдік қасиеті бар деп санаған екен. Әр жұма сайын жергілікті байлар мен қожа молдалар осы көлдің басына келіп мал шалып, қазан асып, құран оқып, жиын жасап тұрған. Сондай бір жиын кезінде, Шаншар руынан шыққан Торсықбай деген өзі тақыр кедей, өзі қу жігіт әлгі құдайы асқа келіп, бал қымыз бен етке тойып алмақшы болады. Бірақ, жуан қарын байлар, жыртық шекпенді кедейді менсінбей, астан дәм таттырмастан көл басынан қуып жіберіпті. Бұл қорлыққа шыдамаған Торсықбай қу, іштей кіжініп кете барады. Арада біраз уақыт өтіп, жуандар кезекті рет Әулие келдіңғ басына жиналып, табақтағы асты алдарына ала берген кезде, қойтастардың арасынан ащы дауыс естіледі де артынан үсті басы жалбыр-жабыр, түрі адам шошырлық бір мақұлық шығып, үрейлі дауысын үдете отырып, жиналған қауымға қарай жүгіреді. Мұндайда молдекеңдерде ес қалама? Бірінен кейін бірі зуылдатып дұға оқып, құран аяттарын айтысып зуылдай бастайды, әлгі мақұлық болса елең қылмастан өзінен өзі құтырынып, жандарына жақындап-ақ қалады. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап:
– Ойбай, шайтан! – деп төмен қарай зыта жөнеледі. «Өзі қашқалы тұрған қоянға тәйт дегені несі» - демекші, онсызда қорыққандарынан қалтырап, не істерін білмей тұрған жұрт, дүниелер жатқан орындарында қалдырып, бет-бетімен бытырап қаша жөнеледі. Ал, Торсықбай болса үстіне жамылып келген ешкі терісінен арнайы жасаған кепті шешіп тастап, жұртта қалған асқа сылқия тойып алып, ауылға қайтқан екен.
Кейіннен бұл оқиға ауыздан-ауызға тарай отырып, әрі десе уақыт асқан сайын өсіп, Әулие көлдің атауы біртіндеп ұмытылып, бұл жер шайтандардың мекені, Шайтан көл атанып кете барған көрінеді.