Теректі әулие аңызы
Тәңірдің ықыласы ауған, тал бойында қасиетті әруақ қонып, әулиелі адамдар бұрынғы дәуірде жер-жерді аралап, қоршаған ортаның құпияларын ашып, діни әңгімелер таратып, халыққа өнегелі өсиеттер айтып жүрген екен. Солардың бірі Сарыарқа төсіндегі Теректіге де келіп қалады. Ол кезде бұл жер тіршілік иесінің аяғы тимеген жапан түз болса керек. Әбден жол жүріп, шаршаған әулиенің көзіне анадай жерден бәйтерек түседі. Бәйтеректің түбіне барып, аздап тынығып алайын деп, жақындаса, тура тал түбінен бұлқылдап шығып жатқан бұлақты көреді. Тап-таза, тұп-тұнық бұлақ суына шөлін басып, көлеңкеге тынығу үшін отыра кетеді. Демін басып, тынығып болғанда ол өте керемет күйге бөленген екен. Шаршағаны тіптен білінбейді. Бұл жерге жетем дегенше жара болған жерлері жазылып, орнында түк қалмапты. Әулиелі адам бұл орынның жәй емес екенін түсініп, Аллаға алақан жайып, құлшылық етіпті. Содан бері бұл жер Теректі әулие атанған деседі.