Әйгілі әнші, сазгер - Үкілі Ыбырай
Бас киіміне үкі тағып, жасынан серілік жолға түскен балаң жігіт Үкілі Ыбырай атанады. Үкілі Ыбырайдың әндері 1952 жылы алғаш рет нотаға түсіріледі. Белгілі этнограф, фольклоршы Александр Затаевич Ыбырайдың әндерін қағазға түсіргенде әншінің зор даусына тәнті болған.
Аңыз бойынша Ыбырай сегіз жасында түс көреді. Ел Сасықкөлдің жағасында екен. Көлдің маңында біреудің айғайлаған даусы естіледі. Қараса, қолына домбыра ұстаған ақсақалды шал. Ол Ыбырайға жақындап: Шырағым, мынаны саған сыйладым, - деп домбырасын ұсынады. Ыбекең ақсақалдың сыйын қабыл алады. Сол күннен бастап ән шығарғыш болып ,атағы елге жайылған деседі.
Аңызға сәйкес Ыбырайдың даусы 7 шақырымға дейін жетеді екен. Жастармен бірге Ыбырай ән айтып көп қала мен ауылды шарлаған. Күндердің күнінде ол сұлу бөйжеткен Кәкіма тұратын ауылға кез болыпты. Кәкіма әнші сырнай сүйемелдеуіне тамаша ән шырқаған екен.
Академик Ахмет Жұбанов әннің шығу жайын былай көрсетеді: «дастархан жиналғаннан кейін Ыбырай домбырасын алып қағып, құлақ күйін түсіріп, дауысын байқайын деді ме, жоқ Кәкиманы назарын аударып, бір қарасын деді ме, айқайлап жіберді. Ол кезде жалғыз Кәкима емес, отырғандардың бәрі де бір бұрылды. Тіпті далада жүргендер де тыпырлап, есікке лықып келіп, дауыс тез үзілген себепті қайта шалқайды... Ыбырай Кәкиманы аса ұнатып, тартқанын, сұлу үнін, ұялшақ болғанымен сыпайы мінезін, сөйлесе сөзге шешендігін көріп, тіпті осы ауылда қыстап қалу керек болса да, бас тартпайтынын іштей сезіп отырды... Халық тарап, екеуі аз уақыт оңаша қалғанда сырларының тоқетерін түйіп, бір-біріне ұнайтындықтарын айтысты... Ертеңгі астан кейін, жүрер алдында, қаумалаған халықтың сұрауы бойынша қоштасу ретінде тағы бірнеше ән орындады да, аяғында: «Кәкимажан, мынау салған менің арнағаным», - деп жаңа бір әнге басты. Әннің жөнін Кәкима білмесе ешкім сезген жоқ. Оны тек Ыбырай екеуі ғана біледі. Осылай дүниеге Ыбырай шығармашылығының шыңы «Гәкку» әні шықты. «Гәкку» деген Кәкиманың атын өзгертіп, еркелетіп айтқан өлеңі. Осыдан бұл халық арасында «Гәкку» болып жайылып кетіпті.
«Гәкку» әні «Қыз Жібекә операсының бас арияға айналды. «Гәккудің» 4 нұсқасы бар.