astana-view

Қазақстандық құс фабрикалары демпингті бастан кешуде

2014 жылғы 08 Қыркүйек
4807 просмотров

 

Ресейге қатысты қолданылып жатқан экономикалық ықпалшараларды ескере отырып, қазақстандық ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге түрліше сыртқы әсерлерге дайын болу қажет. Олардың барлық шаруашылықтан және ішкі тұтынудан да көрініс берері сөзсіз. Мысалы, құс фабрикаларындағы құс еті өндірісі Қазақстанның ішкі қажеттілігінің 43%-н ғана жабады. Бірақ Кеден Одағы жағдайында өнімді тасымалдаудағы қашықтықтар да үлкен роль ойнайды. Құс етінің импорты қысқарған кезде ресейліктер қазақстанның шекара маңындағы өңірлеріне көңіл қойып, сол жерлерде сатып алуларды белсендірді. Ақырында, ішкі нарықтағы құс етінің құны өсе бастады. Өткен айда оның құны осының алдындағы аймен салыстырғанда 8,4% және өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 13,8% өскен. Отандық құс шаруашылығының қазіргі кезде қандай проблемаларға ұшырап жатқанын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы АӨК комитеті хатшылығының хатшысы Мырзахмет Өксікбаев айтып берді.

Мырзахмет Өксікбаев

- Отандық құс шаруашылығының алдында қазірде қандай проблемалар тұр?

- Бірқатар проблемалар бар. Негізгісі – астық, энергия ресурстары, кредит қаражаты бағаларының өсуі салдарынан болған жоғары өзіндік құн. Бүгінгі таңда өндірістің, әсіресе жұмыртқа өндірісінің, рентабельділігі жоққа тән. Құс өсірушілерді субсидиялар, мемлекеттік қолдау бағдарламалары ғана қорғап қалуда. Алайда мұнда сонымен бірге саясатты түзету талап етіледі. АӨК субъектілерінің кредиторлық берешегімен арадағы қиын жағдай құс өсіру саласына да қатысты. Соңғы девальвация қарызгерлердің жайын айтарлықтай нашарлатып жіберді. Дегенмен Палата «Қазагрофинанспен», Аграрлық кредиттік корпорациямен бірлесіп доллардың ескіше бағамы – 160 теңге бойынша негізгі қарызды тиянақтауды жасап шығарды, бірақ өзгермеген бағалар жағдайында шығындар көбейе берді. Бұл да біршама маңызды проблема. Жұмыртқа мен құс еті әлеуметтік маңызы бар тауарларға жатады. Олардың бағасын көтеруді монополияға қарсы ведомство қатаң түрде бақылайды. Оның үстіне, Доминанталар тізіліміне барлық құс фабрикалары бірдей кірмейді. Бұл да түсінбестік туғызып, проблеманы ретке келтіру қажеттігіне әкеледі. Құс шаруашылығы өнімдері экономикасындағы осындай шиеленіс барлық факторларға назар аударуға мәжбүрлейді. Атап айтқанда, құс өсірушілердің ойынша, бөтен ауыл шаруашылық өндірушілерін «асырамау» үшін, әкелінетін сан етіне квотаны төмендету қажет.

- Кеден одағы аясындағы құс өсірушілердің мәселесі әлі күнге дейін ретке келтірілмеді ме?

- Иә, қате статистика, нарықтың жаңсақ құрылымы мәселесі өршіп тұр. Мәселе бізде жұмыртқаның көлеңкелі импортына есеп жүргізілмейтіндігінде болып отыр, құс еті де Ресейден. Жеке кәсіпкерлер көбінесі сапасы күмән тудыратын, мерзімі өтіп кеткен жұмыртқаның көлемді топтамасын әкеліп жатады, тек орауында ғана өлшеп орау күні жазылады, міне, осындай өнім сауда желілеріне, базарларға келіп түседі. Тәртіпке келтіру үшін Кеден Одағы аясында жұмыртқаға өндірілген күнді міндетті түрде көрсету бойынша талапты енгізу, сәйкесінше, таңбалау бойынша бөлшек саудаға бақылау енгізу қажет.

Сонымен қатар, әкелінетін құс етінің сапасын арнайы зертханаларда бақылау қажет. Жақында ғана тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі агенттіктің күшімен 30 пайызы және одан көп көлемі судан тұратын, бірақ бағасы төмен, Украина, Ресейден келген тоңазытылған құстың үлкен топтамалары келгені анықталды. Бұл жағдайды әділетті бәсеке деп атау қиын. Бар мәселе құстың тоңазытылған етін тұтынуды өсіруде болып отыр. Алайда бұл сегментті кеңейту үшін қуаттылықтарды үлкейтуге және жаңа құс фабрикаларының құрылысына, жабдықтар сатып алуға, сату мәдениетін көтеруге арзан ұзақ кредиттер қажет.

- Бұл жақсы емес пе - импорт бағаны түсірмей ме?

- Келісемін, алайда мынаны түсіну қажет – арзандау қалай және кімнің есебінен жүреді. Импортпен негізінде ЖК формасындағы кәсіпкерлер айналысады. Ал өндірумен – ЖШС және АҚ формасындағылар. Салық жүктемесінің әртүрлі екендігі түсінікті. Екіншіден, Ресейден қолма қол ақшаға жұмыртқа сатып ала отырып, импорттаушылар осы жерде тауарларын сата отырып, ҚҚС-тан жалтарады.

Барлық проблеманың шешіп тастау мүмкін емес екені түсінікті, алайда базарлар мен сауда нүктелеріне жауапкершілікті күшейтетін болсақ, нарықтағы теңгерім мен ашықтыққа қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, ықпалшаралармен арадағы жағдай көрсетіп отырғандай, Ауыл шаруашылық министрлігінің негізгі азық-түліктің 70-80% деңгейінде өз өніміміз болуы жайлы барлық насихатының мәні бар. Дүниежүзінде азық-түлік жеткілікті болғандықтан, олардың экономикалық қолжетімділігі туралы ғана сөз қылуға болатынын мәлімдеген сыншылар да табылған болатын. Бірақ азық-түлік әр жерде түрліше таралған: Батыс Еуропа елдерінде артығымен, Африка құрлығындағы елдерде жетіспейді. Алайда бұдан да күрделі жағдайлар кездеседі екен.

- Сіз салық аспектісі жайлы айтып кеттіңіз. Осы салада басқа да проблемалар бар ма?

- Бұл жерде күллі АӨК үшін жаһандық проблема жатыр. Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан сала кәсіпорындарын ірі бизнес тізбесінен алып тастауды бастамаладық. Мәселе, ең алдымен, бизнестің ағымдағы саралануын өзгертуде болып отыр.

Қазірде саралау екі көрсеткіш бойынша жүруде – қызметкерлер саны және айналымдық қаражат мөлшері. Құс өсірушілер көтеріп жүрген проблема оларда үлкен айналымдар болуында болып отыр, ал табыстары шағын ғана. Және де, мәселен, айналымдық қаражат көрсеткіші бойынша олар ірі кәсіпорындар санатына жатады, дегенмен іс жүзінде – орта мөлшерлік болып табылады. Ал бұл, кәсіпкерледің мәлімдеуінше, мұнай саласына теңестірерліктей салықтық жүктемеге алып келеді. Егер осы саралауды сала ерекшелігіне қарай дұрыс жолға салсақ, онда салық жүктемесі де айтарлықтай азаяр еді.

- Сіз инфрақұрылым жөніндегі мәселені де көтеріп едіңіз...

- Біз мұнда құс фабрикаларының үздіксіз энергиямен қамсыздандырылуы үшін кәсіпорындар тізбесіне енгізілуіне қол жеткізбекшіміз. Негізі, құс өндірісі электр қуатына аса үлкен көлемде тәуелді. Есіңізде болса, қысқа мерзімге электр энергиясының сөндірілуі барлық құстың қырылып қалуына әкелген жағдайлар аз болған жоқ.

- Шағын генераторлар орнату жолымен проблеманы шешіп алуға болмай ма?

- Қазірде, әрине, төтенше жағдайларда өндірісті тоқтатпау үшін, мұндай кәсіпорындардың өз генераторлары, қосалқы станциялары болуға тиіс, деп ұйғарылған. Бірақ олар шағын ғана мерзімге есептелген. Сондықтан да сала үшін сақтық желілеріне қосылу – принципті жәйт.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Арман Жақып


Еншілес ұйымдар

Серіктестер