astana-view

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сертификаттардың құнын екі есеге төмендетті

2014 жылғы 16 Қыркүйек
3111 просмотров

 

Тауардың шығу тегі туралы сертификатты алудың құны 4-тен 2 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетіліп, ендігі жерде 3704 теңгені құрайды.

Бүгін бұл туралы ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының Орынбасары, Тауарлардың шығу тегін сертификаттау орталығы Қадағалау кеңесінің төрағасы Нұржан Әлтаев хабарлады.

Тауардың шығу тегі туралы сертификат құнын төмендету туралы шешімді үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегінде Ұлттық палата басқармасы кәсіпкерлер мүддесіне, ШОБ субъектілерінің шығынын азайту үшін қабылдады.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, Ұлттық палата сонымен қатар сараптама жүргізу бойынша функцияны өз мойнына алмақшы. Бұл да кәсіпкерлердің шығындарын барынша азайтуға көмектеседі.

«Бүгінде тауарлардың шығу тегіне сараптаманы жеке меншік сараптама ұйымдары жүзеге асырады. Сертификаттарды ресімдеуге кететін шығындардың негізгі тармағын солардың қызметі құрайды. Сонымен бірге, егер тауардың шығу тегіне сараптама жүрізуді Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берер болсақ, сертификаттарды беру тегін жүргізілетін болады», - деп атап өтті Нұржан Әлтаев.

«Тауардың шығу тегіне сараптама жүргізу бойынша функцияны ҰКП-ға беру туралы ұсыныс қазір талқылау сатысында жатыр, ол бойынша ақтық шешім қабылданған жоқ», - деп түсінік беріп кетті Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Тауарлардың шығу тегін сертификаттау орталығының директоры Нұржамал Сұлтанова.

Оның айтуынша, егер мұндай шешім қабылданатын болса, бизнесмендер тауардың шығу тегі туралы сертификатты Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан «бір терезе» принципі бойынша ала алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер