astana-view

Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дәрі-дәрмектерді жарнамалауға тыйым салу туралы нормаларды бастамалаған жоқ

2014 жылғы 17 Қыркүйек
3806 просмотров

 

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева Zakon.kz сайтында күні кеше жарияланған «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кімнің мүддесін қорғауда» мақаласына түсінік бере отырып, осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл жарияланымның мазмұны шындықты бұрмалап отыр.

Мақалада мамандандырылған медициналық басылымдар мен денсаулық сақтау ұйымдарының жарияланымдарын қоспағанда, БАҚ-та дәрі-дәрмек препараттарын жарнамалауға тыйым салатын заң нормасы жайлы сөз болғанын естеріңізге сала кетейік. Жарияланым авторының айтуынша, «Кейбір заңнамалық актілерге рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында аталмыш түзетудің пайда болуы Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы позияциясының салдарынан пайда болып отыр-мыс. Мақала авторы сонымен қатар бұл мәселенің заң жобасында мүддесі қозғалатын бизнесмендермен талқыланбағанын жазады.

Заң жобасымен жасалған жұмысқа қатысқан ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева бұған мүлдем келіспейді. Анықталып отырғандай, шынайы жағдаят Zakon.kz сайтындағы мақаланың мазмұнына толығымен кереғар. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дәрілік препараттарды жарнамалауға тыйым салу туралы норманы бастамалауға ешқандай қатысы жоқ. Және де ҰКП арқасында ғана заң жобасы Парламентке жетпей тұрып, қоғамдастықпен қосымша талқыланған болатын.

Гүлнар Құрбанбаеваның айтуынша, дәрі-дәрмектерді БАҚ-та жарнамалауға тыйым салу туралы норманы ҚР Өңірлік даму министрлігінің жанынан құрылған рұқсат беру құжаттарын оңтайландыру жөніндегі сараптамалық топ бастамалаған. Тіпті 2013 жылғы 18 наурызда, яғни ҰКП құрылған сәтке дейін (!), Рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық комиссия мұндай тыйымды енгізуді мақұлдап та қойған. Осылайша, мақала авторының бұл заң нормасының пайда болуына ҰКП қатысқаны туралы пікірі жаңсақ екені анық.

Гүлнар Құрбанбаева сонымен қатар Ұлттық палата дәрілік препараттарды жарнамалауға тыйымды бастамаламау былай тұрып, барлық мүдделі тараптардың сәйкес заң жобаларын талқылауы үшін қосымша мүмкіндіктер жасап отырғанын баса айтты. Атап айтқанда, 2013 жылғы 9 қазанда Астанада ҰКП алаңында Өңірлік даму министрлігі өздері дайындаған «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енізу туралы» заң жобаларының тұсау кесерін өткізді. ҰКП бастамасы бойынша екінші кездесу былтырғы жылдың 25 қазанында Алматыда өтті. Екі іс-шараға да бизнес-қауымдастықтардың, кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысты. Заң жобаларын тиімді талқылау мақсатында олардың толық мәтіні «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП сайтында, кейін ҰКП сайтында орналастырылды.

Дәрілік препараттарды жарнамалауға тыйым салу туралы нормаға қарсы уәж айтылмады. Дегенмен де, 2014 жылғы маусым айында, яғни «Кейбір заңнамалық актілерге рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданып қойған соң, ҰКП Фармацевтикалық, медициналық өнеркәсіп және медициналық қызмет комитетінің кезекті отырысында оның мүшелері БАҚ-та медициналық қызметтер, дәрі-дәрмектер, медициналық тағайындалымдағы бұйымдар және медициналық техниканың жарнамалануына тыйымға қарсы шықты. «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес түзетуді енгізу туралы ұсыныс дайындалып, ол жақын арада Мәжілістің жұмыс тобында қаралуға тиіс.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сұхбат үшін ашық. Біз бизнес өтініштері мен ұсыныстарын тыңдауға және де, қажет болған жағдайда, сарапшылардың, сондай-ақ салалық қауымдастықтардың және фармация, жарнама саласында жұмыс жасайтын басқа да кәсіпорындардың қатысуымен қабылданып қойған заңды және нормативтік-құқықтық актілерді талқылауға қайта оралуға дайынбыз», - деп мәлімдеді Гүлнар Құрбанбаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер