astana-view

Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы – жылжу бар ма?

2014 жылғы 10 Қыркүйек
5579 просмотров

 

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы (ҮИИДМБ) жүзеге асырылып жатқанына 4 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде мемлекет түрлі жобаларды қолдау үшін айтарлықтай қаражат инвестициялады. Алайда әзірше бизнес бастамаларының тиімділігі мен салынған мемлекет қаражатының ақтық нәтижеге ара қатынасына қатысты сауалдар да көптеп туындауда

Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік серіктестік орталығының талдаушысы Шолпан Сапарғали басты сауалға жауап береді: бүгінгі таңдағы ҮИИДМБ дегеніміз – бұл шынымен де бір орында жүгіру ме, жылжу бар ма?

Бүгінгі таңдағы ҮИИДБ дегеніміз – бір орында жүгіру дегенге қалай қарайсыз? Не істелінді? Бүгінде неге қол жеткіздік?

- Бағдарламаның іс жүзінде небәрі 4 жыл бұрын ғана, 2009 жылдан бастап, жүзеге асырыла бастағанын ескере отырсақ, онда бүгінде алға қойылған барлық нәтижелер мен мақсаттарға қол жеткізіледі деу қиын. Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, елдің толық индустрияландырылуы үшін, мәселен,  Оңтүстік Кореядағыдай, шамамен 20 жыл қажет. Яғни 4 жыл үшін барлық мақсатқа толық көлемде қол жеткізілген жоқ. Мәселен, ҮИИДМБ-да 2014 жылға қарай ЖІӨ шынайы өсімі 2008 жылғымен салыстыра алғанда шамамен 38,4% құрайды, деп болжанған еді. Номиналдық шамада бұл 26 триллион теңге. Іс жүзінде, 2012 жылғы ахуалы бойынша ЖІӨ өсімі шамамен 22% құраған. Бағдарламаның соңына дейін қалған бір жарым жылда алға қойылған жоғары мақсатқа қол жеткізілмейтіні түсінікті. ЖІӨ шикізаттық емес секторының жалпы қосымша құнының өсімі бойынша да дәл солай. Мұнда 2008 жыл деңгейіне қарағанда 2015 жылы ол кем дегенде 39,5% құрайды деп болжанған еді. Іс жүзінде бұл көрсеткіш бір жарым есе төмен.

Онда немен мақтануға болады?

- Өсім динамикасын көрсеткен көрсеткіштер бар. Мысалы, өңдеуші сектордағы өнімділіктің ұлғаюы және өндірістегі энергия сыйымдылығының төмендеуі. Мұнда көрсеткіштерге жай ғана қол жеткізіліп қоймай, асыра орындалды. Бірден түсіндіріп кетейін, егер жоспарланған мерзімге қарай жоспарланған сандарға жету байқалмаса, бұл ҮИИДМ бағдарламасын пайдасыз немесе тиімсіз қылмайды. Оның үстіне бағдарламаны жүзеге асырудың өткен жылдарын «бір орында жүгіру» болды деуге де болмайды. Нәтижелер алынды және бағдарлама үшін жаман нәтиже емес.

Сонда, сіздің ойыңызша, бағдарламаның тиімді дамуына кедергі келтіретін не?

- ҮИИДМБ өте жылдам даярланғанын және оның аясында өте қомақты мақсаттар қойылғанын ескере отырсақ, жүзеге асырылуын тежеген факторлар аз болған жоқ. Өйткені, мәселен, бағдарламаны жүзее асырумен қоса-қатар барлық заңнамалық және нормативтік базаны пысықтауға тура келді, тікелей мемлекеттік қаржыландыруды болдырмау үшін, мемлекеттік қолдау құралдарын пысықтап, инвесторлар үшін жағдай жасауға тура келді. Осының барлығы қатар орын алып отырды. Осы факторларды және ҮИИДБ құрылымының өзін ескере отырғанда оның нәтижелері соншалықты нашар емес. Индустриялық және инновациялық болуға тиіс бағдарламада индустриялық емес жобаның қаншалықты кездесетініне қараңыз. Сонымен қатар ҮИИДМБ қаржыландыру көлемінің жартысы өнеркәсіптік сектор бойынша емес, инновациялық жобаларға да емес, көлік инфрақұрылымының жобаларына жұмсалғанын атап кетейін. Сонымен бірге, мәселен, авиатасымалдауларға субсидиялар сияқты, қолдау сипатындағы шығындар да болды. Көлік секторына келер болсақ, аса зор «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасының барлығы дерлік ҮИИДМБ-ға енгізілген. Және де, сәйкесінше, ол өңдеу өнеркәсібінің өсуіне тікелей үлесін қоспайды. Аталғандардың бәрін ескере келіп, бағдарламаны жүзеге асырудың келесі кезеңі үшін сабақ алу қажет.

Шолпан Сапарғали

Жақын бесжылдықта не өзгереді?

- Бүгінде бағдарламаның келесі кезеңі – ҮИИДМБ-2 дайындалып, үкімет отырысында бекітілді. Бағдарламаның бірінші кезеңін жүзеге асырудағы кемшіліктер ескерілді, және де қазір ол өнеркәсіп және инновациялық сектор жобаларына топтастырылған. Біріншіден, нақты басымдылықтар анықталып, Қазақстанда өркендету үшін нақты траекториясы бар секторлар ғана қолдау алатын болады. Мысалы, бұл мұнайды қайта өңдеу және металлургияны қайта өңдеу, себебі мұнда ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Яғни сұраныс пен ресурсқа ие салаларға ғана көңіл бөлінеді. Екіншіден, нақты тауарлық-өнімдік топтар анықталады. Үшіншіден, жаңа кластерлік саясат жүзеге асырылады. Кластерлер үш түрлі болмақшы: ұлттық, өңірлік және салалық. Төртінші бағыт – «Алатау» ИТП және «Назарбаев Университеті» базасындағы инновациялық кластерлер. Бұл нысандардағы база құрылып қойылған, және де бұл кластерлер жұмыс жасап кетуі мүмкін. Сонымен бірге, кейбір инновациялық немесе басқа да секторлар басымдылықта болмайды. Бұл, мысалы, фармацевтика. Қазақстанда осы сектордың өнімдеріне үлкен сұраныс жоқ. Алайда, егер басымдылықты емес саланың дамуын жеке меншік капитал өз мойнына алып жатса және оның дамуының қандай да бір серпінді жобаларын ұсынып жатса, онда бұл бастамаларға қолдау көрсетіледі. Ол үшін ҮИИДМБ-2 бағдарламасына ақша да, мүмкіндік те, құралдар да берілген. Бірақ негізгі күш қосымша құнды нақты қамтамасыз ететін және жылдам да анық әсер беретін салалардың тар шеңберіне салынатын болады.

Мамандардың ойынша, бағдарламаның ондаған және жүздеген нысандары, мал жемдейтін алаңдар, цемент зауыттары, аралық электр станциялары, Қазақстан экономикасының экспорттық-шикізаттық және импорттық тәуелділігіне қатынасты өзгертпейтін тек сандық қосымшалар. Сіздің ойыңызша, олардікі жөн бе?

- Сөзіңізді жартылай дұрыс деуге болады. ҮИИДМБ-1 жүзеге асыру тәжірибесі көрсетіп кеткендей, бұл бағдаламадан орын алмауға тиіс жобалар жетерлік. Мысалы, туристік немесе ауыл шаруашылық қайта өңдеу жобалары. Оларды жүзеге асыратын өз бағдарламалары бар. Бір жағынан, кейбір жобалардың шағын болуы оларға орын берілмеуге тиіс дегенді білдірмейді. Тау тастан құралады. Осындай шағын жобалар көптеп орын алуға тиіс, себебі әрбір жоба – бұл қосымша жұмыс орындары, бұл салық және экономиканың өсуіне қосатын қандай да бір үлес. Мысалы, барлық ауыл шаруашылығы ауыл шаруашылық құрылымдарынан тұрады. Олардың барлығы жиналып келіп, сала дамуына айтарлықтай үлесін береді.

Неліктен мұнай химиясы және химия өнеркәсібі жобалары құрылып, жүзеге асырылмайды?

- Иә. Осы сұрақты күтіп едім. Қазақстан бай мұнай-газ ресурстарына ие болғандықтан да, дәл осы ресурстарды өңдеуге көшу дұрыс болар еді. ҮИИДМ бағдарламасында мұндай жобалар жоспарланған. Олардың қатарында бірнеше МӨЗ, мұнай-химия компаниясы, мұнай-химия өнімін қайта өңдеу және өндіру бойынша зауыттар бар. Алайда мұның да өз қиындықтары бар. Біріншіден, бұлар мұқият және ұзақ дайындықты талап ететін айтарлықтай ірі жобалар. Жобаны бастамалау, жоспарлау, жобалық-құрылыс құжаттамасын дайындау және қажет болатын барлық келісулер кезеңінен бастап. Сонымен қатар, бұл жобалар аралас қаржыландыруға ие. Оны да мұқият құрылымдап, мемлекеттік қатысу мен жеке меншік қарыз үлестерін анықтап, келістіруді талап етеді. Басқа да қиындықтар бар. Мысалы, бірлескен химия компаниясы жобалары бойынша Қазақстанның Даму Банкінен қарыздық қаржыландыруды тарту шамаланған еді. ҚДБ үшін бюджеттен қаржыландыру қажет болды. Осы қосымша процедуралардың барлығы уақыт алады. Мен қазір жобаларды жүзеге асырудың мерзімдеріне әсерін тигізетін бірнеше фактор жайлы ғана айтып бердім.

Экспортта инновациялық және жоғары технологиялы өнім, шикізаттық емес тауарлардың және АӨК үлесін көтеруді, өз құрылыс материалдарымызбен қамтамасыз етуді және ішкі нарықтың азық-түліктік тәуелсіздігін кейбір сарапшылар «орындалмайтын міндеттер» ретінде атайды. Сіздің ойыңызша, бұл шынымен де қиял-ғажайып дүние ме?

- Жоқ. Бәрін де жүзеге асыруға болады. ҮИИДМБ болмауға тиіс жобаларға келер болсақ, оларға арналған бағдарламалар бар, және де ҮИИДМБ оларға алаңдамауға тиіс. ҮИИДМБ бағытталған, және де осыларға қарай қажет институттар мен құралдар жасақталып жатқан инновациялық сектор жайына келсек, олардың жүзеге асырылуы мүмкін. Мысалы, «Инновациялық технологиялық парк» АЭА құрылды. Мұнда барлық инфрақұрылым жасақталған, енді толтыру – шетелдік және ішкі инвесторлар үшін жағдай жасау, ыңғайлы инвестициялық саясат, мемлекеттік қолдау шараларын қамту ғана қалды. Осының бәрін жүзеге асыруға болады.

Коммерциялық жобаларға келер болсақ, ментальдылық деген нюанс кездесіп отыр. Тіпті нақты коммерциялық жобалар бойынша жеке кәсіпкерлер оларды мемлекет тікелей қаржыландырады, деп күтіп отыр. Бірақ егер мемлекет өзі қаржыландыратын болса, онда жеке кәсіпкерсіз, бюджеттік инвестициялық ретінде жүзеге асыру арзанға түсер еді. Сонымен қатар, мемлекет коммерциялық жобаларға бармауға тиіс. Бұл дұрыс емес, себебі нарықтағы бәсеке бұзылады және кәсіпкерлік бастамалар әлсірейді. Ал бизнесмендер өз жобалары үшін инвестиция тартып, инвесторлар қызығушылығын тудыруға үйренуге тиіс. Мемлекет өз кезегінде жағдай жасап, жобаларды жүзеге асыруға көмектесетін құралдар беруге тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер