astana-view

Қызылорда облысындағы шағын және орта бизнес тіршілігі бейнеконференция форматында талқыланды

2014 жылғы 10 Қазан
4209 просмотров

9 қазанда Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі мен ҚР ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің бірлескен отырысы өтті. Мұндай форматтағы талқылаудың өзіндік ерекшелігіне  қоса, бейконференция оған одан да зор функционалдық және тәжірибелік шырай бере түсті. Отырыс бірден төрт қаланы қамтыды - Қызылорда, Астана, Алматы және Қарағанды.

Талқылауға Комитет төрағасы Райымбек Баталов, Өңірлік кеңес басшысы Асқар Махамбетов, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, ӨКП директоры Дінмұхамед Әбсаттаров, ӨКП директорының орынбасары Дархан Мырзалиев, әкімдіктің бейіндік басқармаларының басшылары, сондай-ақ Инвестициялар және дамыту жөніндегі министрлік Комитеті  департаментінің басшысы Ерұлан Жүнісов қатысты.  

 

«Бизнестің жол картасы – 2020» жүзеге асырылуы

БЖК–2020 жүзеге асырыла бастағаннан бері (2010 жылдан бері) 2014 жылғы 1 қазанға қарсы Қызылорда облысында 21,5 млрд теңге сомасындағы 238 жоба мақұлданған. Оның ішінде 40 жоба (16,8%; 2,1 млрд теңге) – өңір аудандарында. Сонымен бірге шамамен 2 млрд теңге сомасындағы 21 жоба қабылданбаған. Бағдарламаны жүзеге асыру қорытындысы бойынша 2014 жылғы 1 қазанға қарсы Қызылорда облысы жоба саны жөнінен 12 орынды және кредиттік портфель көлемі жөнінен 16 орынды алып отыр.

Сарапшылар бірқатар проблемаларды айқындап берді. Біріншіден, бұл ауылдық жерлердің жеткілікті мөлшерде қамтылмауы. Қатаң кепілдік саясаты, мемлекеттік қолдау шаралары туралы кәсіпкерлер хабардарлығының төмен деңгейімен бірге, ауылдықтарды кредиттеуге мүддесіздік, кредиттік тарихы жағымды әрекеттегі бизнестің бірінші кезекте тұруы анықталды. Сергелдеңге салған сөзбұйда да баршылық: қарау және шешім қабылдаудың шұбалған мерзімі. Бөлінетін гранттар мен берілген өтінімдер саны сәйкес емес.

Талқылауға қатысушылар мынаны жөн деп тапты:

- ШОБ субъектілерін мақсаттық гранттық қолдау үшін облыс әкіміне өтінімдерді қалыптастыруда бюджеттік қаражатты ұлғайтуды ұсыну; сонымен қатар, әкімдік пен ӨКП – ауылдық жерде «БЖК-2020» бағдарламасын түсіндіру бойынша ақпараттық науқанды күшейтсін; ӨКП – негізсіз қабыл алмау не болмаса өтінімді ұзақ уақыт бойы қарау мәселелері бойынша талдамалық хат даярласын.

- Комитет Хатшылығы екінші деңгейлі банктар үшін БЖК-2020 аясында ШОБ субъектілерінің өтінімдерін қараудың бірыңғай реттемесін қабылдау туралы ұсыныс даярласын; өтінімдерді қарау процедурасы бойынша жүйелілікті өзгерту жағынан ұсыныстар енгізсін.

 

Консультативтік-кеңесу органдарының жұмысы бойынша жергілікті атқарушы органдармен әрекеттестік

Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша  69 консультативтік-кеңесу органы (ККО) құрылған. Кәсіпкерлер палатасы мен Өңірлік кеңес өкілдері 14 ККО құрамына енгізілген (8 – ӨКП бастамасымен, 6 – ЖАО бастамасымен). Сонымен қатар өңірде бизнеске қатысты мәселелермен 34 ККО айналысуда. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері Өңірлік үйлестіру кеңесіне кірмейді, бұл  – индустриялық-инновациялық даму мәселелері және БЖК-2020 аясындағы жобаларды субсидиялау бойынша негізгілердің бірі.

Жалпы қазіргі кезде алқалық органдар құрамдарына Кәсіпкерлер палатасы мен бизнес қауымдастықтар өкілдерін қосуға қатысты облыс әкімдігінің қолдауына қол жеткізіліп отыр. Сонымен бірге кәсіпкерлік қоғамдастық біршама тиімді әрекет ету мақсатында консультативтік-кеңесу органдары мен қызметтері жүйесін оңтайландыру бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Сөйтіп, талқылауға қатысушылар мынаны қажет деп тапты: әкімдік пен ӨКП-ге қысқа мерзім ішінде Меморандум жасасуды ұсыну, ККО-да Палата және бизнес өкілдерінің 50-пайыздық қатысуын қамтамасыз ету, сонымен қатар ККО-да тексеріс жүргізу, ККО-да қатысу үшін іріктеу өлшемдерін жасап шығу және әрекеттегі ККО құрамдарын оңтайландыру; Қызылорда облысы Өңірлік кеңесіне – жақында өтетін отырыста облыстағы ККО жұмысы тиімділігіне баға беру және ККО мүшелерін ауыстыру туралы ұсыныстар шығару.

 

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»: жол бойындағы сервис нысандарының құрылысы аясында ШОБ дамыту

Көлік дәлізі жол бойындағы сервис нысандарына өңір бойынша 33 телім белгіленген: 3 - «А» санатында, 13 - «В», 17 - «С». 13 ШОБ субъектісінен ұсыныстар келіп түскен.

«А» санатындағы жобалардың бірі Индустрияландыру картасына қосылуға үмітті. 720 млн теңге сомасындағы жол бойы көп функциялы сервистік кешен салу жөніндегі жоба (Жаңақорған ауданы, 1997 км) қазір индустриялық-инновациялық даму басқармасында қаралуда. Дәл сол жерде, дәл осындай мақсатпен, қазірде «С» санатты жобалардың бірі жатыр (Қармақшы ауданы, 1569 км). 

Проблемалы бір нысан бар. Заманауи автобекет құрылысын ұсынған кәсіпкер аудандық комиссияның келісімін алып, жер телімін сатып алды. Алайда жұмысын бастай алар емес. Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау нормаларына сәйкессіздіктер анықталған екен (жер телімі бумен жуу станциясына жақын жатыр – тиісті 500 метр орнына 100 метр). Бұл мәселе бойынша материалдар қазірде Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасында қаралуда.

Ұзақ мерзімдік процедуралар – барлық салалардағы ШОБ үшін өзекті проблема. Сонымен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі жол бойындағы сервис нысандары құрылысына қатысушылар жер телімдерін ұзақ ресімдеуге тап болуда. Тағы да бір толғақты мәселе: нысан аумағын асфальттау бойынша қатаң талаптар, бұл жол жұмыстары құнының көтерілуіне әсерін тигізеді; АҚБ кіргізуге тиіс «В» санатындағы бірқатар жобалар бұл үшін инвесторлар таба алмай отыр; бұрындары жұмыс жасаған бірқатар нысандар «С» санатына сәйкес келмейді. Соңғыларының кейбірі көмек сұрауда, баз біреуі – жабылуға мәжбүр.  

ҚР аумағындағы жол сервисі нысандары туралы егжей-тегжейлі мына жерде.

Талқылауға қатысушылар мынаны қажет деп тапты:

- «Қазақстан Республикасының аумағында жол сервисі нысандарының қызметтері бойынша стандарт» төңірегінде келісуде ҚР ҰКП ШОБ дамыту комитеті жол бойы сервисінің әрекеттегі шағын бизнесі мүддесін ескере отырып бизнес өкілдерімен кеңінен талқылау өткізсін.

- Комитет Хатшылығы Стандарт бойынша келісу және бекіту процесін бақылауға алсын, сонымен бірге Көлік, логистика және байланыс комитеті Хатшылығымен бірге.

 

ШОБ дамытудағы салалық және өңірлік саясаттың сәйкес келуі

Сарапшылар жергілікті деңгейде бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыру нәтижелілігінің төмендігін атап көрсетуде. Мақсатқа қол жеткізілмейді, бюджет ақшасы тиімсіз жұмсалады, ақырында – жұртшылық пен бағдарлама иелері наразы. Бұның бәрінің себебі неде? 

Біріншіден, көптеген бағдарламалық құжаттар атқарушыларды бағдардан адастырады. Бұдан кейін – сәйкестендіру бойынша әдіснаманың жоқтығынан салалық және өңірлік саясаттың келісімге келмеуі, салалық инфрақұрылымның болмауы және статистикалық мәліметтердің дерексіздігі.

Осыған орай ұсынылатыны:

- ШОБ Дамыту комитеті және ШОБ Дамыту комитеті Хатшылығы Алматы облысы аудандарында АӨК мысалында салалық және өңірлік бағдарламаларды сәйкестендіру бойынша әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарына қатыссын;

- Комитет Хатшылығы салалық және өңірлік бағдарламаларды сәйкестендіру мәселесі бойынша ҚР ҰКП қатысты бейіндік бөлімшелерімен жұмысты ұйымдастырсын және үйлестірсін.

 

Қызылорда облысындағы ШОБ. Негізгі сандық деректер

Шағын және орта бизнесте өңірдің 76,9 мың тұрғыны жұмыс жасайды (2014 жылғы 1 сәуірге дейінгі статистика мәліметтері). Белсенді субъектілер 24 891, немесе тіркелгендерден 53%, бұл 2013 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 9,2% көп. 2013 жыл үшін ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесі - 18,1 %.

2014 жылы Индустрияландыру картасы бойынша құны 4,3 миллиард теңге болатын 4 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр, осылайша, 583 жұмыс орны құрылады. Олардың ішінде қазіргі сәтте бір жоба пайдалануға берілген.

Өңір экономикасының басымдылықты секторлары – тау-кен өндіру өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі (машина жасау, құрылыс индустриясы), АӨК.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер