astana-view

Қазақстандық минералды су өндірушілерге банкрот болу қаупі төніп тұр

2014 жылғы 28 Қазан
4778 просмотров

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Шығарылған минералды су пайдалы қазбаларын өндіруге салық салу және пайдалы қазбаларды өндіруге салық (бұдан әрі – ПҚӨС) есептеу тәртібінің қолданыстағы тәжірибесі» тақырыбында жиналыс өтті. Пікірталасқа ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаев, Алкогольсіз сусындар өндірушілерінің қауымдастығы мен ҚР ҰКП Тамақ өнеркәсібі комитеті Хатшылығының басшылары, сондай-ақ Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитетінің, Инвестициялар және даму министрлігінің Жер қойнауларын пайдалану департаменті,  «Көкшетауминводы» АҚ, «Әсем-Ай» ЖШС және «Кока-кола Алматы Боттлерс» БК ЖШС өкілдері қатысты.

Өз өнімдері үшін жер асты суларын өндіруші отандық өндірушілер ПҚӨС қайта есептеу мәселесіне шынымен алаңдап отыр. Ұзақ уақыт бойы ол салық кодексінің 341 бабы 4 тармағына сәйкес, 20 пайызға ұлғайтылған  бастапқы қайта өңдеудің және өндірудің іс жүзіндегі өндірістік өзіндік құнынан айқындалып келді. Алайда қазіргі кезде қазыналық органдар дәл осы баптың 2 тармағын желеурете отырып, салықты қайта есептеуді – дайын өнімді, яғни бөтелкеге құйылған ауыз суды өткізудің орташа есептелген бағасына қарай есептеуді алға тартуда.

Салық кодексінің 341 бабы

2 тармақ «Пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу мақсатында жер қойнауын пайдаланушы салық кезеңінде өндірген кең таралған пайдалы қазбалардың, жерасты сулары мен емдік балшықтың құны салық кезеңінде айқындалатын оларды өткізудің орташа өлшемді бағасы негізінде айқындалады».

4 тармақ «Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт қолданылған кездің басынан бастап кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты сулары мен емдік балшықты сату мүлдем болмаған жағдайда, олардың құны халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, 20 процентке ұлғайтылған өндіру мен бастапқы қайта өңдеудің (байытудың) нақты өндірістік өзіндік құны негізінде айқындалады».

«Әсем-Ай» ЖШС қалыптасқан жағдайдың салдарынан суды өндіруді тоқтатып та қойды, деп хабарлайды компания өкілі: «2013 жылы бізге 2008 жылдың III-IV тоқсанына салықты үстеп есептеу бойынша хабарлама ұсынылды. Біз осы айыппұл сомасын төледік, себебі алдымызда активтерді сату және бұл салықтарды мемлекет пайдасына төлеу мәселесі тұрған еді. Қазірде зауыт жұмыс жасамайды. Қызметті әрі қарай жүргізуге ақшалай қаражатымыз жоқ, яғни өндірісіміз екі ұшты түсіну салдарынан іс жүзінде тұралап қалды (СК бабын – Автордың еск.)».

«Кока-кола Алматы Боттлерс» компаниясының болжамы да көңілді көншітпейді. Кәсіпорынның үкіметтік және қоғамдық байланыс жөніндегі менеджері Алима Исембаеваның айтуынша, мәселе құнының жоғарылығы соншалық, компания жақын болашақта Қазақстандағы инвестицияларды тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін. «Астанадағы зауыт құрылысының аяқталмау қаупі де бар. Ол Қазақстан Республикасы Президенті қол қойып, бекіткен ірі инновациялық жоба болып есептеледі. Жоба сонымен бірге ЭКСПО-2017 көрмесіне даярлық нысаны болып табылады. Ал оған қазір қауіп төніп тұр. Біздің Алматыда да өндірісіміз бар, онда өнімнің өзіндік құны шамамен 80% өсуі мүмкін. Сату көлемі азаяды. Компания бірден жойылады деп отырған жоқпын, бірақ ақыр соңында солай болары анық», – деп мәлімдеді Исембаева.

ҚР Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілер қауымдастығының президенті Әлия Мамытбаева салықшылардың жер-жерлердегі тексерулері мен хабарламалар ұсынуы бастапқыда «Әсем-Ай» ЖШС-на қатысты сәйкес сот шешіміне алып келгенін айтып өтті. Әлия Мамытбаеваның сөзіне сүйенсек, қазірде қайта есептелген соманы төлеу талаптары жерасты суы негізінде әзірленген алкогольсіз сусындарды өндірушілердің барлығына ұсынылған. «Салық органдары «су» терминін тура мағынада түсініп отыр деп ойлаймыз және пайдалы қазба – жер асты сулары – және де соңғы тамақ өнімі – бөтелкедегі су арасында айырмашылық жасамайтын сияқты», – деп ойын білдірді бейіндік қауымдастықтың басшысы.

Салық органдарының позициясын ҚР ҚМ Мемлекеттік табыс комитеті басқармасының бастығы Шавкат Құдабаев баяндады. Оның сендіруінше, қазынагерлердің әрекеті заңды. «Салық кодексінің 341 бабында өткізудің орташа өлшенген бағасын жер қойнауын пайдаланушының қандай жағдайларда қолданатындығы түсіндіріліп кеткен, онда сонымен қоса былай деп көрсетілген: «тауар өнімін өндіру үшін бастапқы шикізатты қолдануды қоса». Яғни біз су қайта өңделгенде емес, оны бөтелкелерге бөліп құйып, тұтынушыға жеткізу үшін жай ғана даярлануын негізге алдық», – деп жауап берді өндірушілер мен қоғамшылдарға Шавкат Құдабаев.

«Салық кодексі ПҚӨС салықтарын есептеу үшін қолданылатын тәртіпті нақты белгілеп береді. Салықты есептеу үшін, есептеу базасын түсіну қажет. База «Жер қойнаулары және жер қойнауларын пайдалану туралы» ҚР Заңымен және салық заңнамасымен көзделген, сондай-ақ Салық кодексінің 341 бабында да берілген, онда жерасты суларына ПҚӨС есептеу мақсаты осы жерасты суын өткізудің орташа өлшенген бағасына қарай анықталады», – деп түсіндірді ол кәсіпкерлерге.

Бірақ өндірушілердің алға тартатыны: салық органдарының әрекеттері халықты отандық өндіріс өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған тамақ саласындағы өндірушілерді қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатқа қайшы келеді. ҚР Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілерінің қауымдастығында осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Инвестициялар және даму министрлігіне және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік табыс комитетіне сәйкес хаттар жолдады. ҰКП осы мәселені шешу үшін өз құзыретінің аясында шаралар қолданбақшы.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер