astana-view

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес бір жылдық жұмысына қорытынды жасалды

2014 жылғы 29 Қазан
3711 просмотров

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің бір жылдық жұмысының қорытындысы бойынша брифинг ұйымдастырылды. 

Бизнес құқығы мен мүддесін жан-жақты қорғау - ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі. Заңмен белгіленген міндеттерді орындау бағытында Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі департамент құрылған. 16 өңірлік кәсіпкерлер палатасында құқықтық қорғау, қоғамдық мониторинг және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі бөлімдер ашылып, Өңірлік кәсіпкерлер палаталарының аудандық филиалдарында сарапшы-заңгерлер қызмет етуде. Тұрақты түрде консультативтік-кеңес органы  ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес қызмет етеді. Кеңес құрамына тәжірибелі заңгерлер, депутаттар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен журналистер кіреді. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі Кеңес төрағасы - ҚР Парламенті Сенатындағы ҰКП өкілі Ғани Қасымов.

2013 жылдың қазан айнынан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкердің құқын қорғау бойынша 3500-ге жуық өтініш-арыз келіп түсті. Оның 1200-і ҰКП орталық аппаратына, 2200 өтініш өңірлік кәсіпкерлер палатасына жолданған. Өтініштердің үштен бірі Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшылары араласуымен кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Кәсіпкерлер өтінішінің басым бөлімі, яғни 20%-ы (459 өтініш) жер қатынастары, сәулет-құрылыс мәселелеріне, 11%-ы (258) салық саласы, 7% (157) өтініш мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың сатып алу үдерістеріне, 5% (108) өтініш табиғи монополия субьектілері әрекетіне қатысты.

Өтініштерді сараптаған Ұлттық кәсікперлер палатасы ҚР Бас прокуратурасымен бірлесе отырып, әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған бірлескен іс-шаралардың типтік жоспарын әзірледі. Бұл бағыттағы жұмыстарға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің мамандары жұмылдырылатынын атап өткен жөн. 

Күні бүгін ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің 14 отырысы, өңірлік кәсіпкерлер палаталары кеңестерінің 52 отырысы өткізілді. Бұдан бөлек, Кеңестің көшпелі отырыстарын да өткізу жолға қойылған. Бүгінге күнге дейін Кеңестің көшпелі отырысы Шымкент, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Алматы және Қостанай қалаларында өткізілді. Мұндай тәжірибе жергілікті жердегі түйіткілді мәселелерді уақытылы анықтап, оларды уақытылы шешуге мұрындық болды. Күрмеулі мәселелерді талқылай отырып, кәсіпкерлер құқығын бұзуға жол берген  лауазымды тұлғалардың аты-жөндерін атауда.     

«Қандай да бір себептерге байланысты, ал көп жағдайда пайдакүнемдік мүддеде өзінің кәсіби міндеттерін орындамай отырған нақты шенеуніктердің есімдерін атай отырып, аталған лауазымды тұлғаларды қатаң жауапкершілікке тартуды мақсат тұтпаймыз. Лауазымды тұлғалардан күтетініміз: өзіне жүктелген кәсіби міндеттерін, заңнама қағидаларында қойылған талаптарды қажетті дәрежеде орындауы. Лауазымды тұлғаға жаза қолдану мақсатымызда жоқ. Лауазымды тұлғалардан тиісті міндеттердің орындалуын талап ету  біздің тікелей міндетіміз», - деп түсіндірді  Ғани Қасымов. 

Брифингте Кеңес төрағасы Ғани Қасымов кәсіпкерлер тарапынан түскен соңғы өтінішке нақтырақ тоқталды. Кәсіпкерлер өзекті мәселеге Ұлттық кәсіпкерлер палатасының араласуын сұрайды. Жамбыл облысы Луговая темір жол бекетінде тоқтатылған мұнай өнімдері тиелген вагон-цистерналарды босату туралы өтініш бойынша кеңес мүшелері жіті сараптама жұмыстарын жүргізді. Қырғызстанға тасымалданып бара жатқан ресейлік өнімді тоқтату әрекетін кәсіпкерлер заңсыз деп санайды. Аталған мәселеге орай Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықа қарсы агенттік базасында арнайы комиссия құрылмақ. Комиссия құрамына Ұлттық палата сарапшылары мен кәсіпкерлер енгізіледі. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер